Басты бет » Басты жаңалықтар » Астана күніне тарту: Хромтауда мектеп пен тұрғын үй пайдалануға берілді

Астана күніне тарту: Хромтауда мектеп пен тұрғын үй пайдалануға берілді

 

Кеше Хромтау ауданында мектептің ашылу салтанаты өтіп, 120 отбасы қоныстойын тойлады. Елорда күніне орайластырылған мерекелік шара аясында, сондай-ақ, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға ақшалай сыйлықтар табысталып, Дөң тау-кен байыту комбинатының 80 жылдығы кең көлемде атап өтілді.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған топ алдымен Дөң ауылындағы жаңа мектептің ашылу салтанатына қатысты. 600 балаға шақталған жобаның құны — 1,4 миллиард теңге.

— Әр ұлттың, мемлекеттің дамуы оның білімді, денсаулығы мықты азаматтарымен тікелей байланысты. Сондықтан Қазақстан Тәуелсіздік алған күннен бастап өзінің болашағы үшін білім, мәдениет, денсаулық сақтау салаларына ерекше көңіл бөліп келеді. Осы 27 жылда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ең негізгі ұстанған саясаты — елімізді тезірек дамыған 30 елдің қатарына қосу. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында жер-жерде жаңа мектептер салынып жатыр. Айталық, былтыр 14 мектеп салынды. Ал биыл 26 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Міне, Астананың 20 жылдығы қарсаңында 600 балаға арналған мектептің ашылу салтанатына қатысып отырмыз. Осының барлығы балалардың ертең өз қатарынан кем болмай, қазіргі заман талабына сай білім алуы үшін жасалып отыр. Оның үстіне, Дөң тау-кен байыту комбинатының 80 жылдығында осындай мектептің ашылып жатқандығы екі есе қуантады. Облыс басшылығы атынан құрылыс компаниясына алғысымды білдіре отырып, өздеріңізге амандық тілеймін. Мемлекеттің даңқы арта берсін! — деп жылы лебізін білдірді Бердібек Машбекұлы.

Екі оқу бөлімінен тұратын үш қабатты ғимаратта білім алуға қажеттінің бәрі бар: барлық кабинеттер ғаламторға қосылған, 2 спортзал мен мультимедиалық бөліммен жабдықталған. Ал аулада балалардың футбол, баскетбол, теннис ойнауына жағдай жасалыпты. Су жаңа оқу ошағының ашылуында ардагер ұстаздар сөз сөйлеп, оқушыларға өз батасын берді.

Одан соң аудан орталығында Дөң тау-кен байыту комбинатының жұмысшыларына арналған 120 пәтерлік тұрғын үй салтанатты жағдайда пайдалануға берілді. Бес қабатты үй мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынды. Шарада сөз алған облыс басшысы зауыт қызметкерлерін қоныстойымен құттықтап, еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайын ойлаған кәсіпорын басшылығына алғысын айтты. Ал Еуразиялық топтың менеджерлер кеңесінің төрағасы Александр Машкевич:

— Хромтауға мен алғаш рет осыдан 24 жыл бұрын келген болатынмын. Жаратқанның қолдауы мен Елбасының қамқорлығының арқасында осы аралықта өлкеде үлкен оңды өзгерістер орын алды. Соның бәрін ой елегінен өткізсең, 100 жылда жасалған жұмыстар ма деп қаласың. Қаланың тұрмысы жақсара түсті. Бүгін кезекті жаңа үйімізді тапсырып, 120 отбасын қуанышқа бөлеп жатқанымызға бақыттымыз. Бұның шын мәнінде маңызы зор. Өйткені жас отбасы, жалпы адам үшін баспана мәселесі ерекше рөлге ие. Сондықтан бүгін үйлі болғандар алдағы уақытта бұдан да жақсы жұмыс істейтініне сенімім кәміл, — деді.

Өндіріс орнындағы жас маман Рустам Әлжанов — осындай құрметке ие болғандардың бірі. 23 жастағы жігіт қуанышымен төмендегідей бөлісті: «Осы қызметке тұру үшін Ақтөбе қаласынан Хромтауға көшіп келдім. Басында пәтер жалдап тұрдым. Енді қызметтік пәтерге ие болып жатқан жайым бар. Талап бойынша тек коммуналдық төлемдерді өтеймін. Меніңше, осының өзі жастарға жасалған үлкен демеу».

Ал жөндеуден өткен «Кеншілер» саябағында «Бақытты бала» жобасы аясында балалар сурет көрмесі һәм ғылыми жобаларының таныстырылымы ұйымдастырылды. 30-ға тарта талантты ұл-қыздың шығармашылығымен танысып шыққан атқарушы билік өкілдері «Туған жерге тағзым» акциясы бойынша қайта жаңғыртылған екі субұрқақтың ашылу салтанатына да қатысты. Артынша әке-шешесінің қамқорлығынсыз қалған 8 хромтаулық жасөспірімге жалпы сомасы 12 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді. Аталған қаражат бірер жылда кәмелет жасына толып, үлкен өмірге аяқ басқалы отырған өрендердің есепшотына аударылады. Сондай-ақ, жоғарыда аталған комбинаттың 6 көпбалалы жұмысшысына ноутбук сыйға берілді.

Негізгі мерекелік шара «Кенші» стадионында жалғасты. Жақында ғана қалыпқа келтірілген спорттық алаңға жасанды жабынды төселіп, заманауи қондырғылар орнатылған-ды. Бұл мақсатта осы жылы 200 миллион теңге бөлінген. Комбинаттың мерейтойына арналған гала-концертте облыс әкімі:

— Біздің мемлекетіміз үшін кеннің орны бөлек. Ел экономикасының дамуында хромның пайдасы қандай екенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Бүгін Хромтау қаласында осыдан 80 жыл бұрын ашылған комбинаттың мерейтойын атап өтіп отырмыз. Еуразиялық топтың құрамына кіретін кәсіпорынның тек экономикада ғана емес, әлеуметтік салада да қосып жатқан үлесі зор. Сіздерді мерекелеріңізбен құттықтай отырып, барша жақсылықты тілеймін!  — дей келе, бірқатар кәсіпорын қызметкерін Алғыс хат пен ақшалай сыйлықтармен марапаттады. Ал компания басшылығы он қызметкеріне автокөліктің кілтін табыс етті.

Кеншілер туралы бейнефильм, сондағы жұмысшылардың ән шашуы ұсынылған гала-концерт танымал әнші Қайрат Нұртас пен ресейлік «Серебро» тобының мерекелік бағдарламасына ұласты.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Ақтөбе-Хромтау-Ақтөбе.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*