Басты бет » Жаңалықтар » Астана күніне орай Ақтөбеде 30-дан астам нысан ашылады

Астана күніне орай Ақтөбеде 30-дан астам нысан ашылады

Ақтөбе облысында Астананың 20 жылдық тойына орай отыздан аса әлеуметтік, өндірістік және сауда орындарын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Олардың құрылысы үшін 10 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Жаңа ғимараттардың іске қосылуымен  300-ге жуық жұмыс орны ашылады.

Мысалы, Ақтөбеде тәулігіне 50-ден 70 тоннаға дейін тәтті тағамдар шығаратын«Айс плюс» ЖШС балмұздақ өндіру цехы ашылады. «Ақтөбе» индустриалды аймағы қуаттылығы жылына 1 200 тонна өнім болатын «ПолиВест» ЖШС полиэтилен пакеттерін өндіру зауытымен толығады. Сондай-ақ  Тұңғыш Президент атындағы саябақтағы көптен күткен аквапарк та ашылады. Айта кету керек, «AKTOBE INVEST-2016» халықаралық инвестициялық форумы кезіндеоблыс әкімдігі мен «Ұлан компаниясы» ЖШС аквапарк құрылысы туралы келісімге қол қойған болатын.

Ақтөбедегі ойын-сауық индустриясы облыстағы Балалар жылына орай салынып жатқан «Yurta Park» отбасылық демалыс саябағымен де толығады. Мұнда тек балаларға ғана емес, ересектер үшін де көңіл көтеру орындары болады:  саябақта минигольф ойнайтын алаңқай, ашық аспан астындағы кинотеатр, жасанды жартас, арқан бағы, кітапханалар, этноауыл мен зообақ, аумағы 20*30 метрлік лабиринт, жыл бойы жұмыс жасайтын мұз айдыны, планетарий, садақ пен арбалеттен ататын стендтер орналастырылған.

Облыс аудандарында 8 спорттық және ойын алаңдары, Әйтеке би ауданының Аралтөбе ауылында 150 орындық стадион, Кеңқияқ ауылында дәріхана ашылса, Хромтау ауылының Дөң ауылында 600 оқушыға арналған мектеп пайдалануға беріледі.

«Туған жерге тағзым» акциясы аясында ақтөбеліктер елді мекендерді абаттандыруға ерекше үлес қосатын болады. Елорда күніне орай акция қатысушылары мен еліне бейжай қарамайтын Ақтөбе облысының тумалары өздері туып-өскен қалалары мен ауылдарына Жамбыл Жабаевтың ескерткішін, үш стела ескерткішін, екі жаңа гүлзар бағын, жылыжай, субұрқақ пен теннис кортын тарту етеді. Сонымен қатар олардың қаржысына Байғанин ауданының Қарауылкелді ауылында шамамен 500 метрлік жаяужол мен Жарқамыс ауылында қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны салынды.

Мереке күндері облыстағы медициналық мекемелер желісі де жаңа ғимараттармен толығады. Мысалы, Қобда ауданының Терісаққан ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт, ал Бестау ауылында медициналық пункт ашылмақ. Аталған медициналық мекемелер құрылысы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында тұрғызылған.

Ақтөбе облысында Астананың 20 жылдығына орай 430 мыңға жуық адамды қамтитын барлығы 1200 қоғамдық-саяси, мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*