Басты бет » Жаңалықтар » Құқықбұзушылыққа неге жол беріледі?

Құқықбұзушылыққа неге жол беріледі?

Облыс әкімшілігінде құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.

— Жалпы алғанда алты ай қорытындысы бойынша құқықбұзушылық деректері бойынша өсім бар, сондықтан біз бұған терең талдау жасап, алда не істеуіміз керектігін анықтауымыз керек. Ең бастысы, біздің бірігіп атқарған іс-шараларымыздың нәтижесі болуы тиіс, — деп атап көрсетті жиынға төрағалық еткен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Жиында жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы Жанна Макаревич мас күйінде жасалатын құқықбұзушылықтың алдын алуға байланысты атқарылып жатқан іс-шараларға талдау жасады. Баяндамашы осы мәселенің бұрынғыдай проблема күйінде қалып келе жатқанын атап көрсетті. Оның айтуынша, көптеген қылмыстар мас күйінде жасалады. Сондықтан да тәртіп сақшылары осы бағытта нақтылы жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта көңіл көтеру орындары бақылауда ұсталуда. Өкінішке қарай, ішімдік ішкен күйінде көлік жүргізу жойылмай келеді.

Хромтау ауданында қылмыс жасаушылық ахуалы алаңдатады. Аудандық ішкі істер қызметінде ұзақ мерзім бойы тұрған бос орындар бар.

Облыстық ішкі істер департаментінің басшысы Махамбет Әбисатов құқықбұзушылық мәселелеріне қатысты өз ойларын, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.

Облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева жазғы демалыс кезінде кәмелетке толмағандар арасында қылмыс пен тәртіп бұзушылықты болдырмауға арналған шараларды ұйымдастыру жөнінде айтты. Ол тәртіп бұзушы жасөспірімдердің әлеуметтік ортасына нақты талдау жасады. Өкінішке қарай, жағдайлары жақсы отбасынан шыққан балалардың да қылмыс жасауға бейімдігін айғақтайтын деректер алға тартылды. Бұл ретте жиында сөз алғандар бала тәртіпсіздігіне ата-аналар да жауапты екенін айтып, оларды жауапкершілікке шақыру, есімдерін көпшілік алдында жария ету туралы ойларын ортаға салды.

2018 жылдың бес айында 71 қылмыс жасап, 98 кәмелетке толмаған жас жауапкершілікке тартылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда екіге артық. Қазіргі уақытта ішкі істер бөлімінің есебінде 398 жасөспірім тұр. Жазғы демалыс кезінде бақылаудағы балаларды демалыс лагерьлеріне жіберу, еңбек жасақтары қатарына қосу шаралары ұйымдастырылуда.

Жиын барысында Хромтау, Алға, Мәртөк аудандарының басшылары өздері басқаратын өңірлердегі құқықбұзушылық жайы, қылмыстың алдын алу жөнінде баяндады.

— Біз облыс тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Олар көшеде алаңсыз жүріп, жұмыстарына еркін баруы тиіс. Алайда бізді мазасыздандыратын жайлар әлі де бар. Сондықтан қылмысқа апаратын жайлардың алдын алуға көңіл бөлуіміз керек. Мемлекеттік мекемелер қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істей алмай келеді. Ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға көңіл бөлуіміз керек, — деп қорытындылады жиынды облыс басшысы.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*