Басты бет » Мереке » Ақтөбе вокзалындағы «Астана вальсі»

Ақтөбе вокзалындағы «Астана вальсі»

Арайлы Ақтөбеден — Арман қала Астанаға! Осындай атаумен қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен кеше Ақтөбе теміржол вокзалында мерекелік шара өтті.

Астананың 20 жылдығына орай өткен шараға қаламыздағы барлық қосымша білім беру ұйымдарының талантты тәрбиеленушілері қатысып, жолаушыларға өз өнерлерін ұсынды.

Қалалық ғылыми-әдістемелік орталығының директоры Жәния Есенжолованың айтуынша, шараның басты мақсаты — Астана күніне Ақтөбе қаласының білім беру ұйымдары атынан өзіндік үн қосу. Астана күнін жалпықазақстандық ұлтты қалыптастырушы фактор ретінде ұлағаттап, насихаттау. Халық арасында Елордамызға деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімдерін тудыру.

Еліміздің Бас қаласы Астанаға деген өзінің бала махаббатын композитор Қанат Айтбаевтың ақын Ертай Ашықбаевтың сөзіне жазылған «Астана вальсі» әнімен жеткізген Аида Хайролла жолаушыларды ерекше тебірентті. Үш жасынан ән айтып, үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүрген Аида Хайролла Алматы қаласында өткен республикалық «Күншуақ» байқауының гран-при иегері. Бүгінде Новый орта мектебінің 2-сыныбында оқитын ол Астана қаласының өзіне ерекше ұнағанын және болашақта Астана қаласындағы үлкен сахналарда ән айтқысы келетінін айтты.

Астана қаласына өткен жылы ата-анаммен бардым. Барлығы ұнады. Әдемі қала. Болашақта Астана қаласында тұрғым келеді, — деді ол.

Мерекелік шара үш тілде өтті. Жас өнерпаздар Астана туралы әндер шырқап, өлеңдер оқыды. Жолаушылар арасында түрлі ойындар ойнатылып, жеңімпаздарға естелік кәдесыйлар табыс етілді.

Шара соңында жолаушыларға сәттілік тілеп, арман қала Астана тұрғындарына арайлы Ақтөбе халқының ыстық сәлемін жолдап, шығарып салды.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*