Басты бет » Басты жаңалықтар » Ақтөбеліктер Астанадағы Ұлттық домбыра күніне қатысты

Ақтөбеліктер Астанадағы Ұлттық домбыра күніне қатысты

Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Ұлттық домбыра күніне арналған концерт өтті.

«Қазақ Елі» монументі алдындағы алаңда 2 мыңнан астам музыканттың басын қосқан домбырашылар оркестрі бір мезетте бірнеше күй орындады. Оркестр дирижері Айтқали Жайымовтың жетекшілігімен еліміздің әр түкпірінен жиналған оркестр мүшелері «Көңіл ашар», «Адай», «Балбырауын», «Ерке сылқым», «Сарыарқа» күйлерін, сондай-ақ Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауын», «Махамбетін»,  Дайрабайдың «Дайрабай» күйін,  Сүгірдің «Ыңғайкөгін»,  Құрманғазының «Сарапжап» мен «Серперін», Дәулеткерейдің «Көроғлысын», «Қыз Ақжелеңін», Динаның «16-жыл» композицияларын орындады.

—  Екі мың адам бірден қазақтың күйлерін төгілткенде тұтас Астана күй тартып тұрғандай болды. Бұл шын мәнінде тарихта қалатын күн болды. Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының Ахмет Жұбанов атындағы халық аспаптар оркестрі  Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік ұлттық аспаптар оркестрі, «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық ұлттық аспаптар оркестрі, Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының ұлттық аспаптар оркестрі, Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптары, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарынан келген артистермен бірге өнер көрсетті.  Бұл оркестр құрамында жеті жастағы баладан бастап 75 жастағы қарияларға дейін болды, — деді Ақтөбе облыстық филармониясының директоры Елубай Кенжалиев.

Ақтөбелік музыканттар біздің облыстан Астанаға аттанған автокеруен құрамында да өнер көрсетті: Астананың орталық алаңында, этноауылда жеке концерттерін ұйымдастырды. Филармонияның камералық хоры Астана күніне арналған шарада дирижер Алан Бөрібаевтың жетекшілігімен үш мың адамдық хор құрамында өнер көрсетті.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*