Басты бет » Жаңалықтар » Энергия тиімділігі орталығы — коммуналдық қызметтерге үнем көзі

Энергия тиімділігі орталығы — коммуналдық қызметтерге үнем көзі

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен Энергия тиімділігі орталығында аталған нысанның қызмет етуі мәселелері бойынша көшпелі мәжіліс өтті.

Құрылысы 2012 жылы басталған орталық ғимараты ұзақ мерзім тұрып қалған болатын. 2016 жылдың желтоқсанында ғимарат республикалық меншіктен коммуналдық меншікке берілді. Қазір бұл жоба аяқталу үстінде. Ғимаратта Тұрғындарға қызмет көрсету орталығын, облыстық ішкі істер департаменті жедел басқару резервтік орталығын, қаланың инженерлік желілері мен тіршілігін қамтамасыз ету мониторингі орталығын, сондай-ақ Ақтөбе қаласы Алматы ауданы әкімі аппаратын орналастыру жоспарлануда.

Облыс басшысы кеңесті аша отырып, орталықтың негізгі міндеті коммуналдық ресурстарды үнемдеу екенін атап көрсетті.

— Жоба тұрғындарға көрсетілетін барлық коммуналдық қызметтерді үнемдеуді қамтамасыз ету үшін жүзеге асырылады. Біз осы ауданның мысалы арқылы қаланың барлық энергетикалық тиімділігін көтеруді қалаймыз, — деді облыс әкімі.

10 шілдеде сынамалық режимде Орталыққа «Қарғалы» («Нұр Ақтөбе») тұрғын үй массиві №4 үйі қосылады. Бірте-бірте Орталықпен басқа шағын аудандар да байланысатын болады. Бұл үшін үйлерде мәліметтерді автоматты түрде беру функциясымен есептеу приборлары орнатылуы тиіс. Мамандар қала тұрғындарының Орталықтың басымдылығын лайықты бағалайтындығына сенімді, мысалы, онда көшедегі ауа температурасына байланысты үйдегі жылу беру реттелетін болады. Яғни 30 градус аязда пәтерлердегі батареялар 5-10 градус аяз болғандағыдан ыстық бола түседі. Бұл жылудың артық шығынын болдырмауға мүмкіндік береді, демек, тұтынушылардың қаржысы үнемделеді. Мұндай оңды мысалдар аз емес.

— Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету — Орталықтың тағы бір түйінді міндеті. Барлық аулаларда, кіреберістерде камералар болуы тиіс. Бұдан басқа, аудан тұрғындарына қолайлы болуы үшін мемлекеттік қызметтердің барынша мүмкін болатын көп мөлшері көрсетілуі тиіс, — деп міндеттерді белгіледі Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімі кеңес қорытындысында Орталықты тиімді пайдалануды жүзеге асыру және оған тұрғын үйлерді қосу бойынша күнтізбелік жоспар жасауға тиісті жұмыс тобын құру туралы шешім қабылдады.

Сондай-ақ облыс әкімі бірқатар маңызды әлеуметтік нысандардың құрылысы барысына тексеру жасады. «Қарғалы» тұрғын үй массивінде Бердібек Сапарбаев жаңа үйлердің салынуы мен Есет батыр Көкіұлына ескерткіштің жұмысымен танысты. Монументтің айналасында тұрғындардың демалуы мен қыдырыстауы үшін қолайлы және ыңғайлы алаңшаға айналатын шағын сквер іске қосылмақшы.

Кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістікте бұрыннан танымал «Артектің» баламасы болуы тиіс «Әсем» жыл бойы жұмыс істейтін балалар лагерінде алаңы 8,8 мың шаршы метр оқу корпусының құрылысы жалғасуда. Құрылыс-монтаж жұмыстары 65 пайыз мөлшерінде аяқталды.

Мектеп ғимаратының және «ЛСТК» фин технологиясы бойынша іске қосылатын 60 орындық жатын корпусының жұмысымен танысқан облыс әкімі облыстық құрылыс басқармасына жобалаудағы кемшіліктері — мектеп дәліздерін мейлінше кең етіп жасағаны үшін ескерту жасады. Бұл алаңдарды мейлінше тиімді пайдалануға болар еді. Сондай-ақ облыстық білім басқармасына лагерьдің оқу-сауықтыру бағдарламасына ІТ-кластарда робототехника және ақпараттық технология бойынша сабақтарды қосу тапсырылды.

Облыс әкімі бұл күні мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясындағы тарихи-өлкетану музейі мен облыстың және Қазақстанның басқа да өңірлеріндегі кәсіпкерлердің қаржысына әуежай ауданында салынып жатқан қазақтың ұлы қолбасшысы Бөкенбай батыр ескерткіші құрылысы барысымен танысты. Бұдан басқа, ол Батыс-2 шағын ауданында балалар стоматологиялық емханасы және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығы құрылыс алаңдарында болды.

Бердібек Сапарбаев оңалту орталығы ғимараты бөлмелерінің дизайнына ерекше назар аудару қажеттігін айтты.

— Бұл орталықта өзіндік ерекшелігі бар балалар емделеді, сондықтан оларға көзқарас та айрықша болуы тиіс. Мұндағы әрбір элемент балалардың салауатты және бақытты болуына әсер ететіндей болып ойластырылуы тиіс, — деп түйіндеді ол ойын.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*