Басты бет » Жаңалықтар » «Нұрлы жер»: коттедждер пайдалануға беріліп жатыр

«Нұрлы жер»: коттедждер пайдалануға беріліп жатыр

Бүгінгі күні «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы желісі арқылы Ақтөбе қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған  тұрғын үйлерді өткізу жұмыстары жалғасып жатыр. Кеше Ақтөбе қаласындағы тұрғын үй қорын есепке алу секторының меңгерушісі Жанаргүл Дүйсекенова бастаған топ аталған бағдарлама бойынша «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында салынып жатқан пәтерлер мен коттедждерге банк салымшыларының қалай қол жеткізуге болатындығы турасында айтты.

Ж.Дүйсекенованың айтуынша, шағын ауданда бой түзеген  9 қабатты тұрғын үйдегі пәтерлердің бір шаршы метрі 100-110 мың теңге болса, 3-4 қабатты тұрғын үйдегі пәтерлердің 1 шаршы метрі 120 мың теңге тұрады.

Бүгінгі күні «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы коттедждерді бөлу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда бұл маңға 8 түрлі жобадағы 100-ден аса коттедж салынды. Болашақта бұл жерде барлығы 194 коттедж тұрғызылатын болатын. Коттедждердің 1 шаршы метрі 120 мың теңгеге бағаланады. Шағын аудандағы коттедждер бір және екі қожайынға арнап салынған. Сондықтан түрлі жобада салынған үйлердің ауданы да әртүрлі. Атап айтсақ, кейбіреуінің жалпы ауданы 156 шаршы метр болса, енді біреуі шағын, яғни ауданы 128 шаршы метр. «Нұрлы жер» бағдарламасының мақсаты — азаматтарға  төмен пайызбен үй алуға және жер, үй алу кезегінде тұрған азаматтардың санын азайтуға мүмкіндік береді. Тағы бір айта кететін жайт, азаматтар жер, үй алу кезегіне тіркелісімен-ақ осы бағдарламаға қатысып, баспана алуына әбден мүмкіндігі бар,— деді Ж.Дүйсекенова.

«Нұр Ақтөбе» шағын ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша

тұрғызылып жатқан коттедждерге ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілген. Сол сияқты, барлық инфрақұрылым тартылған. Пәтер алушыларға өз талғамдарымен түсқағаз жапсыру ісі ғана қалыпты.

Үйлер әртүрлі құрылыс материалдарынан салынып жатыр. Бірінің қабырғасы кірпіштен тұрғызылса, енді бірі экотоннан, сол сияқты панельден тұрғызылған үйлер де бар. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Ақтөбеде бірінші болып салынып жатқан коттедждер бүгінде пайдалануға беріліп жатыр. Осындай коттедждер мен пәтерлерді жер, үй алу кезегінде тұрған және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» салымы бар азаматтар ғана ала алады, — деді Ж.Дүйсекенова.

Енді банк салымшылары бұрынғыдай алғашқы жарнаның 30 пайызын емес, 20 пайызын жинаса жетіп жатыр.  Үйдің қалған қаражатын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ы арқылы несие алып, өтеуіне мүмкіндік қарастырылған.

Банк салымшылары ретінде аудан тұрғындары да осы бағдарламаға қатыса алады. Коттедждерге қол жеткізген салымшыларға үйінің маңынан қосымша 10 сотық жер беріледі. Белгіленген аумақ жер қатынастар арқылы рәсімделеді, — деді Ж.Дүйсекенова.

Бүгінгі күні облыс бойынша «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Ақтөбе филиалында 88 мың салымшы бар. «Қазақстан Республикасының әрбір азаматы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына қатыса алады. Ол үшін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» азаматтардың салымы болуы тиіс. Бұған дейін банк арқылы пәтер алушыларға пәтер ақысының 30 пайызын жинау міндеттелген еді.  Биыл 26 маусымда өткен үкіметтік кеңесте өзгерістер енгізіліп, енді  алғашқы жарна құны 20 пайыз болды. Несие бұрынғыдай 5 пайыздық  сыйақымен 21 жыл мерзімге дейін беріледі. Бүгінгі күні біз осындай өзгерістерге байланысты ережелердің өзгеруін күтіп отырмыз. Ережелерді өзгерту мерзімі екі аптаға жалғасады. Яғни, коттедждер үшін де, пәтерлер үшін де салымшылар 20 пайыз алғашқы жарна жинайды. Биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша пайдалануға берілетін 2300 пәтердің бүгінгі күні 1000-ға жуығын сатып үлгердік. Аталған бағдарламаға қатысуға апта сайын, ай сайын тапсырыс берушілер бар. Егер пәтер алушылардың төлем қабілеті жетпесе, бұл іске қосалқы қарыз алушыларды тартуға болады. Олар бір немесе екеу ғана болады, — дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Ақтөбе филиалы бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Нұрлан Балғожиев.

Ж.Дүйсекенованың айтуынша, аталған бағдарламаға қатысып, төлем қабілеттілігін растауға жолдама алу үшін банк салымшылары Ақтөбе қаласындағы Алтынсарин көшесі, 2-үй (54-бөлме) мекенжайында орналасқан  жер қатынастары бөліміне жолығуларына болады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*