Басты бет » «Бақытты бала» » Лагерь жырын айтамыз…

Лагерь жырын айтамыз…

Биыл ақтөбелік балалар жазғы демалысын еліміз бен Ресейдің үздік лагерьлерінде өткізеді. Алғашқы маусымда балалары  Орынбор облысындағы «Солнечная страна» лагерінде тынығып қайтса,  Шығыс Қазақстан облысындағы «Дарын» лагеріне кеткен 100 үздік оқушы Ақтөбеге енді келеді. Оқуды аяқтап, өзге жерде қатарластарымен демалған оқушылардың қуанышында шек жоқ. Алған әсерлерін бізбен бөлісті.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев үстіміздегі жылды Балалар жылы деп жариялап, соның аясында «Бақытты бала» жобасы қолға алынған болатын. Аталмыш жобаны жүзеге асыру аясында 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күнінде облыс әкімі Татарстандағы робототехниканы тереңдетіп меңгертетін «Байтик» лагеріне 5 оқушыға, Шығыс Қазақстан облысындағы «Дарын» лагеріне 400 оқушыға, РФ Орынбор облысындағы «Солнечная страна» оқу-сауықтыру орталығына облыстың 120 дарынды оқуышысына жолдама берді.

Облыстық білім басқармасы берген мәліметтерге сүйенсек, көрші Орынбор облысындағы «Солнечная страна» лагеріне балалар 6 ауысым бойынша жіберіледі.

— Орынбор облысының Білім министрлігі мен Ақтөбе облысының білім басқармасы арасындағы білім беру саласындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумды іске асыру аясында үстіміздегі жылдың 13-26 маусым аралығында Ақтөбе облысының дарынды балалары Орынбор облысының Тюльган ауданы, Ташлы селосында орналасқан «Солнечная страна» оқу-сауықтыру орталығында 14 күн демалысын өткізді. Аталмыш орталықта демалысын өткізуге облыстың 120 дарынды баласы мүмкіндік алды. Өңірдің 12 ауданы мен Ақтөбе қаласы және облыстық мамандандырылған білім беру ұйымдарының оқуда, шығармашылық пен спортта ерекшеленіп, жетістікке жеткен 20 дарынды оқушысы лагерьдің бірінші ауысымы бойынша демалып келді. Енді лагерьдің екінші ауысымына 20 оқушы  маусымның 30-ы күні барады деп жоспарланып отыр, — дейді облыстық білім басқармасы қосымша білім беру және тәрбие бөлімінің басшысы Шарипа Шакирова.

Ал Шығыс Қазақстан облысындағы «Дарын» лагеріне маусымның 11-і күні 100 оқушы, 23-інде 100 оқушы жіберілген. Қалған 3,4,5,6-ауысымдарына 50 оқушыдан жіберіледі.

— Сонымен қатар Өзбекстанның Қазақстандағы жылы аясында Ташкент-Самарқанд маршруты бойынша көрікті жерлерге баруға 100 оқушыға жолдама берді. Бұған аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққан балалар барады. Ал Татарстан мемлекетіндегі «Байтик» лагеріне 5 оқушы тамыз айында барады, — дейді Шарипа Шакирова.

ЖАЗ ЖАЙНАТЫП, КҮН КҮЛДІРГЕН «СОЛНЕЧНАЯ СТРАНА»

«Солнечная страна» оқу-сауықтыру орталығында демалып келгендердің бірі — Димаш Қуанышбаев. Шалқар ауданынан келген Димаш биыл 7-сыныпты аяқтаған. Математикадан түрлі олимпиадалардың жеңімпазы. Оқу үздігі. Өзге елге барып, жаңа достар тауып, демалысын тамаша өткізгенімен ол ауылын сағынғанын жасырмады.

Бұған дейін Ақтөбедегі лагерьлерде демалып жүрдім. Шетелге бірінші рет шығуым. Барлығы ұнады. Тамақтары да дәмді болды. Түрлі ойындардан бөлек, бұл лагерьде ұнағаны массаж, емдік ванналар бар. Табиғаты да әдемі. Бірақ ата-анамды сағынып келемін, — дейді Димаш.

Балаларының үздіктер қатарынан көрініп, демалыстарын тиімді өткізіп қайтқандарына ата-аналар да ерекше қуанышты. Қобыланды батыр атындағы орталық стадион алаңына жиналып, балаларын демалыстан күтіп алған олар осындай есте қаларлық тамаша сәтті сыйлаған облыс басшылығына дән риза.

— Балаларымыз қуанышты, бақытты. Осындай көңіл күй сыйлаған облыс әкімі Бердібек Машбекұлына, облыстық білім басқармасына, «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығына барлық ата-аналар атынан алғысымды айтамын. Балалардың әрқайсысына ерекше көңіл бөліп, 15 күн қадағалап, МАИ қызметкерлерінің бақылауымен өзімізге аман-есен жеткізді. Өте қуаныштымыз, — дейді «Солнечная страна» оқу-сауықтыру орталығына барып келген Камиланың анасы Гүлназ Есенқұлова.

ДАРЫНДЫЛАР БАСЫН ҚОСҚАН «ДАРЫН»

Ақтөбенің үздіктерінің бір тобы Орынборда демалысын өткізіп келіп жатса, Шығыс Қазақстандағы «Дарын» лагеріне екінші маусым демалушылары аттанып кеткен.

Өскемен қаласынан 25 шақырым жердегі Ульбинка өзені жағасында орналасқан көрікті де экологиялық таза аймақта орналасқан «Дарын» лагерінде 6 мен 17 жас аралығындағы балалар жазғы демалысын өткізе алады.

Шығыста демалысын тамаша өткізіп келе жатқандардың бірі — Дильназ Әбдірахимова. Қаламыздағы үш тілде оқытатын №21 орта мектеп-гимназиясында оқитын Дильназ Астанада өткен республикалық Юниор олимпиадасының қатысушысы, облыстық және республикалық кіші ғылым академиясының жеңімпазы. Түрлі қалалық, облыстық байқауларда жеткен жетістіктері де аз емес.

Маған барлығы ұнады. Жаңа достар таптым. Түрлі жаңа ойын түрлерін үйрендім. Бұл жақтың табиғаты тамаша. Естен кетпес демалыс болды. Адамдары да сондай мейірімді. Өзім секілді достарыма алдағы жылы сабақты жақсы оқып, осы лагерьге жолдама алуларына тілекшімін, — дейді Дильназ.

Балалармен бірге барып келе жатқан тәлімгер Жансұлу Нағашыбаева дарындылар жиналған лагерьдің балалар көңілінен шыққанын айтады.

Бұл лагерьдің көрсетер қызығы мен ондағы тәлімгерлердің берер тағылымы көп болды. Балалар уақыттарын өте тиімді өткізді. Ұялы телефондарын тіпті пайдаланбады десе де болады. Табиғатына көз тоймайтын таулы Үлбідегі демалыс, біздің талабы таудай талантты балаларымыздың дарынын одан әрі дамыта түсуге өз септігін тигізді , — дейді Жансұлу Нағашыбаева.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*