Басты бет » Басты жаңалықтар » Бердібек САПАРБАЕВ: Шаруашылықпен айналысуға бар жағдай жасалған, тек еңбек ету керек

Бердібек САПАРБАЕВ: Шаруашылықпен айналысуға бар жағдай жасалған, тек еңбек ету керек

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Хромтау ауданына барып, құрылысы жүріп жатқан бірқатар ғимараттармен танысты. Сондай-ақ, тұрғындармен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдады.

Облыс әкімі алдымен Абай ауылындағы «Жантізер» шаруа қожалығын аралады. 2002 жылы құрылған шаруашылықта қазіргі таңда төрт түлік көптеп өсіріліп жатыр. Негізінен ет шаруашылығына ден қойған қожалықтың басшысы Руслан Айтқұл:

— Біздің меншігімізде мал бордақылау алаңы бар. Ол үш мың басқа шақталған. Ал өнімдерімізді Ақтөбе қаласындағы «Табыс» базарында сатамыз. Болашақта көршілес елдерге де өнімдерімізді экспортқа жіберуді жоспарлап отырмыз, — дейді.

Шаруа қожалықтың жалпы аумағы — 25 гектар. Осыны айтқан әңгімелесушіміз суармалы мал шаруашылығын да дамытқысы келетінін атап өтті. Бірақ ол үшін әуелі Ор өзеніндегі бөгетті қалпына келтіру керек.

— Бұл жобаны іске асыру үшін облыстық бюджеттен қосымша қаржы қарастыруға болады деп ойлаймын. Өйткені бұл жұмыс жанданса, тиісінше табыс көлемі де ұлғаяды. Хромтау ауданының жергілікті тұрғындарына да жұмыс қамту жағынан бұның тиімді болары сөзсіз, — деді шаруа қожалықтың жұмысымен танысқан Бердібек Сапарбаев.

Одан соң облыс әкімі мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынып жатқан медициналық пункттің құрылысымен танысып, артынша Абай ауылындағы мектеп пен балабақшаны аралады. Кейіннен сондағы халықпен кездесу өткізді.

— Ауылдың тұрмысын біліп, жағдайларыңызды өз көзімізбен көрейік деген мақсатпен ауылдарыңызға келіп отырмыз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бар, ол — сіздердің жағдайларыңызды жақсарту. Ол үшін алдымен еңбек етіп, жерді, күнді, суды оңтайлы пайдалануларыңыз керек. Өйткені сіздердің отырған жерлеріңіз ауыл шаруашылығына өте ыңғайлы. Мал шаруашылығымен де айналысуға бар жағдай жасалған. Ең бастысы, сіздерде құнарлы жер бар, соның игілігін пайдалану керек. Біз де өз тарапымыздан сіздерді қолдауға дайынбыз, — деді Бердібек Машбекұлы.

Өз кезегінде Абай ауылының тұрғындары жаңа көпірдің қажет екенін, сондай-ақ жол мәселесінің қиын екенін жеткізді. Облыс әкімі аталған түйткілдерді қаперге алатынын айтты.

Ал Дөң ауылында жақында пайдалануға берілетін мектептің ғимаратымен танысты. 600 балаға арналған жаңа оқу ошағына керек-жарақтың бәрі әкелініп қойылған. Аулада да балалардың спортпен шұғылдануы қарастырылыпты. Тек облыс әкімі мектептің акт залының талапқа сай салынбағанын,  оның тым шағын екенін айтып, сынның астына алды. Жедел арада осы олқылықты түзеуді тапсырған Бердібек Сапарбаев барлығының қағаз жүзінде ғана емес, нақты істе де ойдағыдай болу керектігін ескертті.

Хромтау қаласының өзінде облыс әкімі «Горняк» стадионының жөндеу жұмыстарымен, жұмыспен қамту орталығы мен «Инватакси» қызметінің аужайымен танысып, сонымен қатар екінші тынысы ашылғалы тұрған «Керамика» зауытына барды. Зауыт жоспар бойынша алдағы уақытта қыш тақтайшаларын жасап шығаратын іргелі  кәсіпорынға айналмақ. Аталған жобаны іске асыру үшін қытайлық «FoshanXinmeiCeramics (Linxiang) Co., Ltd.» компаниясының инвестициясы тартылған. Ал оның жалпы сомасы — 12,4 миллиард теңге. Облыс әкімі өз сөзінде мұндай кәсіп түрінің қажет екенін келтірді.

— Қазіргі таңда отандық нарықта Ресей, Қырғызстан, Өзбекстанның керамикалық тақтайшалары сатылып жатыр. Егер осы кәсіпорынның жұмысы бір ізге салынса, жергілікті өніммен Батыс Қазақстан облыстарынан бөлек, көршілес Қостанай, Қызылорда өңірлерін қамтуға мүмкіндік болар еді. Әрі біздің облыс шекаралас аймақта орналасқандықтан, Ресей мен Еуропа елдерінің нарығына жол ашылар еді. Бұл екі жаққа да тиімді болады, — деді Бердібек Сапарбаев.

Өз кезегінде қытайлық кәсіпкерлер елде жұмыс бабымен әлі де болатынын, сондықтан визаның мерзімін ұзартуда жәрдем беруді сұрады. Атқарушы билік өкілдері бұл жағынан қиындық болмайтынын айта келіп, бұл істе жергілікті кадрларды даярлау қажеттігін еске салды.

Мұнымен бірге, Хромтауға жасаған сапарында облыс әкімі құрылысы жүріп жатқан мектеп пен балабақша, тұрғын үй, аудан әкімдігі, мәдениет және демалыс орталығы, т.б. ғимараттарға соқты. Аталған құрылыстардың біразы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында тұрғызылып жатыр. Барлығымен жіті танысып шыққан Бердібек Сапарбаев құрылысқа қатысты сын-ескертпелерін білдіріп, сондағы мамандарға жұмысты дер кезінде аяқтауды тапсырды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Ақтөбе-Абай-Дөң-Хромтау-Ақтөбе.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*