Басты бет » Басты жаңалықтар » Қалам иелеріне құрмет

Қалам иелеріне құрмет

Ақтөбелік журналистер төл мерекесін «Солнечный» демалыс базасында атап өтті. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев журналистика саласының ардагерлері мен БАҚ өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Бұған қоса, бір топ БАҚ жетекшілері мен республикалық басылымдардың және электронды БАҚ-тардың меншікті тілшілеріне Алғыс хаттар мен сыйлықтар тапсырылды.

Салтанатты шара басталмас  бұрын демалыс базасында облыстық спорт басқармасы «Көңілді эстафета» атты спорттық шара ұйымдастырды. Ақпарат құралдарының өкілдері  «Сұхбат», «Мақала», «Шолу» атты үш топқа бөлініп, өзара сайысқа түсті. Би билеп, ойындар ойнады. Ерекше көзге түсіп, белсенділік танытқандар арнайы сыйлықпен марапатталды. Қандай мереке болса да тыным таппайтын журналистер төл мерекелерінде де жұмыс істеді. Облыс әкімімен еріп Хромтау ауданына іссапармен кеткен бір топ тілші әкіммен бірге ауданнан бірден демалыс орталығына келді. Салтанатты шарада облыс басшысы жиналғандарды мерекемен құттықтап, журналистердің арқасында қалың жұртшылық тың ақпарат пен қажетті жаңалықтардан хабардар болатынын айтты.

— Ақпарат құралдары өкілдерінің арқасында мемлекеттік бағдарламалар насихатталып, қарапайым адамдардың мәселесі шешіліп жатады. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына да журналистердің қосар үлесі зор, — деген облыс әкімі жергілікті билікке қолдау білдіріп, Елбасы саясатын нәтижелі жүргізуде ақпарат құралдарының көмегі көп екенін айтып, алғысын білдірді.

Бұқаралық ақпарат құралдарын «төртінші билік өкілі» деп бекер айтпаса керек. Көп нәрсе сіздердің жұмыстарыңызға, ақпаратты қалай таратқандарыңызға байланысты. Бүгінгі таңда біз үшін ең маңыздысы —  еліміздің біртұтастығы, халықтың бірлігі мен бейбіт өмір сүруі.  Биылғы жыл қазақстандықтар үшін ерекше болмақ. Астана қаласының жиырма жылдығы тойланады. Әрбір журналист Астананың жиырма жылдығын және осы уақытта атқарылған жұмыстарды насихаттап, алыс елді мекендерге жеткізу керек деп есептеймін. Елорданы әлем тану үшін оның имиджін көтеруіміз керек. Сондай-ақ биылғы жылдың  облысымыз үшін де маңызы зор. Облыстық «Актюбинский вестник» газетіне 100 жыл толады. Бір ғасырлық тарихы бар басылым елімізде санаулы. Сондықтан облыстағы ең алғашқы басылымның мерейтойын атап өту үшін арнайы жоспар құрылды. Жүз жылдық қыркүйек айында атап өтіледі, — деді облыс әкімі.

Бердібек Сапарбаев жастарды тәрбиелеп, олардың мықты маман болып қалыптасуына ықпал еткен ардагер журналистердің еңбегін ерекше атап өтті.

— Біздің жерлесіміз Айгүл Әділова Президенттің грантына ие болды. Бұл Ақтөбедегі журналистік мектептің маман даярлаудағы мықтылығын, жергілікті кадрдың республикада жоғары бағаланатынын көрсетеді, — деді.

Бұдан кейін БАҚ өкілдері марапатталды. Облыстық «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары Ертай Ашықбаев пен «Актюбинский вестник» газетінің редакторы Айгүл Нұркеева және  «Ойыл» газетінің редакторы Серікбай Қойбағаров облыс әкімінің сыйлығына ие болды. «Ақтөбе» газетінің бөлім меңгерушісі Гүлжан Базылқызы мен Айбек Тасқалиев облыстық мемлекеттік сатып алулар басқармасы мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Алғыс хатымен марапатталды.  Ал «Актюбинский вестник» газетінің тілшісі Санат Қалиевты облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова марапаттаса, Мәртөк ауданы әкімінің сыйлығын аталған газеттің тілшісі Гүлсім Назарбаева иеленді.  Ал Ақтөбе қаласы әкімінің Алғыс хаты мен арнайы сыйлығын «Ақтөбе» газетінің фототілшісі Хайреден Раушанов пен «Актюбинский вестник» газетінің тілшісі Ләззат Егібаева алды. «Ақтөбе ньюс» сайтының редакторы Асқар Ақтілеу мен тілші Қамбар Мұқашев та арнайы жүлдемен марапатталды.

Жиында «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық  филиалының төрағасы Раукен Отыншин облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа Бүкілқытайлық журналистер ассоциациясының ұйымдастыруымен Бейжіңде өткізілген «Бір белдеу және бір жол» аясындағы 2-халықаралық медиафорум қатысушыларының  ыстық сәлемін жеткізді.

Бұл медиафорумға әлемнің елуге  жуық елінен, оның ішінде Қазақстанмен қатар, Ресей, Украина, Беларусь, Өзбекстан, сондай-ақ Польша, Болгария, Израиль, Пәкістан, Вьетнам, Тайланд, Лаос, Танзания, Моңғолия, тағы да басқа мемлекеттерден өкілдер қатысты. Мақсат — Жібек жолы бойындағы орналасқан елдердің арасындағы жан-жақты  ынтымақтастықты жандандыру, тәжірибе алмасу, мәдени, сауда-экономикалық байланысты нығайту, ең бастысы, ел тыныштығы мен бейбітшілікті қолдау. Дүниежүзінің әр түкпірінен жиналған БАҚ өкілдері осы мәселе төңірегінде пікір алмасты. Шын мәнінде форумда талқыланған жұмыстардың Қазақстан үшін маңызы зор екенін және   Жібек жолы бойындағы ынтымақтастықты жандандыруда еліміздің алпауыт мемлекет пен сенімді серіктесі екенін сезіндік. Себебі  Елбасымыздың беделі мен салиқалы  саясатының оң нәтижесін көрдік. Шетелдегі Қазақстан мәртебесінің жоғары екеніне тағы бір рет көз жеткіздік. Форумға қатысушылардың Мемлекет басшысына  құрметі өте жоғары болды, ыстық ықыластарын білдірді, — деді Раукен Отыншин.

Форумда көрмеге облыстық екі газет және «Үш таған», «Адырна» журналдары қойылған. Әсіресе  үш тілде шығатын «Ақтөбе» журналы шетелдік журналистердің ерекше назарын аударды.

Салтанатты шараның соңы  жергілікті өнерпаздардың концертімен жалғасты.

                    Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*