Басты бет » Мереке » Қуанышқа бөленген сәт

Қуанышқа бөленген сәт

Кеше  «Ақтөбе Медиа» ЖШС ұжымында Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні лайықты аталып өтті. Салтанатты шараға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова мен Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Сұлупан Шынтасова, сондай-ақ ардагер журналистер құрметті қонақ ретінде шақырылды.

Салтанатты шарада Бұлбұл Елеусінова мен «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин қызметкерлерді  кәсіби мерекесімен құттықтап, журналистер қауымына шығармашылық табыс тіледі. Бұдан кейін ұжымдағы бір топ қызметкерге мерекелік марапаттар табысталды. Салтанатты шарада ардагер журналист Жанқабыл Қабақбаев пен белгілі ақын, облыстық «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары Ертай Ашықбаев «Қазақстанның құрметті журналисі» төсбелгісі және арнайы куәлікпен марапатталды. Мереке құрметіне орай «Ақтөбе» газетінің тілшісі Арайлым Нұрбаева мен «Актюбинский вестник» газеті бас редакторының орынбасары Мирал Жармұхамбетовтер белгілі журналистер Әкімжан Оралбаев пен Валерий Дробахин атындағы сыйлықтың лауреаттары атанды. Журналистерге бұл сыйлықты Ә.Оралбаевтың апасы Торғай Әлиқызы мен зайыбы Қапиза Ешімовалар табыстады.

Жиында бір топ журналиске Қазақстан Журналистер одағының төсбелгісі мен куәлігі салтанатты түрде тапсырылды. Одақ мүшелігіне өткендердің қатарында  «Ақтөбе» газетінің тілшісі Индира Өтеміс, «Ақтөбе ньюс» сайтының бас редакторы Асқар Ақтілеуов және тележурналист Дина Төреғұловалар бар.

Журналистердің төл мерекесі күні «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның бірқатар қызметкеріне «Сарыағаш», «Мерке», «Шипагер» шипажайларында емделуге жолдамалар берілсе, «Ақтөбе» газетінің дизайнері Динара Санғұловаға Ақтөбе қаласындағы «Гулливер» балалар киім дүкенінің арнайы сертификаты табысталды. Сонымен қатар, жыл сайынғы дәстүр бойынша серіктестіктегі бір топ қызметкердің балаларына жазғы демалыс лагерьлеріне жолдама үлестірілді.

Салтанатты шара кезінде Қапиза Ешімова редакция музейіне Әкімжан Оралбаевтың шығармалары топтастырылған еңбекті сыйға тартты. Жиын барысында ардагерлер естелік әңгімелер айтып, ұжымға жылы лебіздерін білдірді.

Өз тілшіміз.   

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*