Басты бет » Жаңалықтар » Әріптесіміз — жеңімпаз

Әріптесіміз — жеңімпаз

Сөз шебері

Журналистер арасындағы республикалық «Нұр Сұңқар-2018» байқауының «Сөз шебері» номинациясы бойынша «Актюбинский вестник» газетінің тілшісі Айжан Шаукулова жеңіске жетті. 

Жеңімпаздарды құттықтау салтанаты Астанада «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен өткізілді. Журналистерді құттықтаған Мәулен Әшімбаев еліміздің әлемнің дамыған отыз елінің қатарына кіруі көп жағдайда журналистерге де тікелей байланысты екендігіне тоқталды:

  • Бұқаралық ақпарат құралдарынсыз еліміздегі стратегиялық мақсат-міндеттерді орындау барысында қоғамды біріктіру қиын болар еді, — деп журналистердің қоғамдағы ролінің жоғары екендігін баса айтты.

Салтанатты шараға екі жүзден астам адам қатысты. Олардың қатарында парламент депутаттары, мемлекеттік және республикалық телеарналардың директорлары мен басқарма басшылары, журналистика ардагерлері, саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері бар. «Нұр Отан» партиясы ұйытқы болған бұл байқау биыл тоғызыншы рет өткізіліп отыр. Биыл 800-ден астам жұмыс түскен. Қазылар алқасы солардың ішіндегі үздіктерді саралап, таңдаулы журналистер мен ұжымдарды іріктеді. Бұрынғы байқаулардан ерекшелігі, биыл Елбасының бес әлеуметтік бастамасы, Астананың 20 жылдығы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен партиялық жаңа бастамалар туралы жазылған үздік мақалалар жазған журналистерге де сыйлықтар берілді.

«Сөз шебері» — «Баспасөздің үздік тілшісі» номинациясы бойынша біздің әріптесіміз, «Актюбинский вестник» газетінің тілшісі Айжан Шаукулова жеңіске жетті. Сыйлықты тапсыру сәтінде Айжан Шаукулова Астананың жиырма жылдығы және «Актюбинский вестник» газетінің 100 жылдығы тұсында осындай құрметке ие болғанын айтып, байқау ұйымдастырушыларына алғысын білдірді.

Гүлсім Назарбаева.  

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*