Басты бет » Жаңалықтар » Ақтөбеден шыққан автокеруен 1 шілдеде Астанаға жетеді

Ақтөбеден шыққан автокеруен 1 шілдеде Астанаға жетеді

Ақтөбеде Елорданың 20 жылдық мерейтойына арналған шаралар 2017 жылдың 10 желтоқсанында Өнер орталығында өткен «Елімнің жүрегі — Астана» атты жастар форумынан басталған еді.

Осы мерейтой аясында облыста мәдени-көпшілік шаралар, тақырыптық конференциялар, симпозиумдар, спорттық жарыстар, өнер жұлдыздарының концерттері, жалпы саны 3 мыңға жуық шара өткізу жоспарланған. Сондай-ақ «20 игі іс» деген атпен қайырымдылық шаралар ұйымдастырылып, өндірістік, әлеуметтік салаларда 25 маңызды нысан іске қосылады.

Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева айтты.

— 25 маусымда «Құтты мекен Ақтөбеден — арайлы Астанаға» деген атаумен автокеруен Ақтөбеден Қызылордаға қарай бет алды. Автокеруен құрамында мәдениет және өнер қайраткерлері, белсенді жастар бар. Олар Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Қарағанды облыстарының орталықтары, Алматы мен Шымкент қалалары және тағы басқа 11 елді мекен арқылы, барлығы 5170 шақырым жол жүріп, 1 шілде күні Астана қаласына жетеді. Осы күні ақтөбеліктер Астанада мерекелік концерт береді, — деді Маржан Қорғанбаева.

30 маусым-6 шілде аралығында Ақтөбеде халықаралық кескіндеме симпозиумы өтеді. Симпозиумға Қазақстанның әр түкпірінен, Ресейден, Өзбекстаннан келген 20 суретші қатысады. Сырттан келген суретшілер Ақтөбе қаласы мен оның маңындағы жерлерді аралап, өздеріне ұнаған көріністерді кенеп бетіне түсіреді. Симпозиум қорытындысы бойынша, Өнер орталығында көрме өтетін болады.

5 шілде күні Өнер орталығында Астананың 20 жылдығына арналған салтанатты шара өтеді. Жиын соңынан ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының Мемлекеттік үрлемелі аспаптар оркестрінің концерті болады.

Астана күні, яғни 6 шілдеде облыс және аудан орталықтарындағы барлық саябақтарда көпшілікке арналған мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Ақтөбедегі Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта 19.00-де — мерекелік концерт; ал 20.30-да Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры мен Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония әншілерінің күшімен әзірленген «Астана — махаббатым мәңгілік» мюзиклінің премьерасы басталады. Соңынан «Әнім сенсің, Астана!» байқауының гала-концерті өтеді.

Осы күні барлық елді мекендерде салтанатты шаралар мен мерекелік концерттер өтеді.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*