Басты бет » Әлеумет » Балалар тәртіпсіздігі үшін ата-ана да жауапты

Балалар тәртіпсіздігі үшін ата-ана да жауапты

Облыста осы жылдың бес айы ішінде құқық қорғаушылар кәмелетке толмағандар тарапынан жасалған 71 қылмысты тіркеді. Жасөспірімдер арасындағы қылмыс 2,9% құрады. Балалар негізінен ұрлық, тонау, қарақшылық, алаяқтық және бопсалау секілді мүліктік қылмыстарға барады.  Олардың 76%-ы заңды бірінші рет бұзғандар.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында балалар арасындағы қылмыспен күрес жолдары талқыланды.

Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Жанна Макаревичтің айтуынша, отбасы тұрмысының әлеуметтік жағынан қолайсыздығы қылмысқа барудың негізгі себебі болудан қалған. Жергілікті полиция қызметінің мәліметі бойынша, қылмыстық жауапкершілікке тартылған жасөспірімдердің 72,4%-ы тұрмысы жақсы толық отбасылардан шыққан. 17 маусым күні №19 мектепте оқитын қатарласын өлтірді деген күдікті де тұрмысы тәуір отбасыдан шыққан, мамандандырылған физика-математика мектебінің 11-сынып оқушысы.

Облыс әкімі балалар қылмысының себебі ересектерге сын екеніне сенімді. Отбасыларда рухани жақындық жоқ. Ата-аналар балаларға моральдық, этикалық мінез-құлық ережелерін, қоғамның құқықтық нормалары мен заңды үйретпейді.

Облыс басшысы ата-аналар мен оқу орындары басшыларының балаларды тәрбиелеудегі жауапкершіліктерін қатайтуды талап етті.

— Құқықбұзушылықтың алдын алу комиссиясына жасөспірімдер жасаған әрбір қылмысты жеке қарауды тапсырамын. Баланың тәртібіне жауапты адам оған дұрыс қарамағаны үшін толықтай жауапкершілікке тартылатын болады. Кәмелетке толмаған балаларын көңіл көтеру орындарына жіберген ата-аналарға айыппұл салып қана қоймай, олардың аты-жөндерін БАҚ-та жариялау қажет. Мектептер мен колледждер директорларының да жауапкершіліктерін арттыру керек. Егер оқу орнында төбелес, бопсалау орын алса, басшы тек ауызша сөгіспен ғана құтыла алмайды, — деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Құқық қорғаушылар сондай-ақ балаларға темекі мен ішімдік сатумен күрес жұмысын да күшейтеді. Айта кетейік, биылғы жылдың бес айында 21 жасқа дейінгі тұлғаларға ішімдік өнімдерін сатумен айналысқандары үшін 89 адам, кәмелетке толмағандардың көңіл көтеру орындарында жүргендері үшін  56 мекеменің иесі жауапқа тартылды. Кәмелетке толмағандардың 1700-ге жуық заңды өкілі балалардың түнгі уақытта үйлерінде болмағандары үшін жауапқа тартылды.

Бұдан басқа, жиын кезінде ескі гүлзарларды қалпына келтіру және жаңаларын салу мәселесі де қаралды. Былтырдан бері мемлекеттік мекемелер, ірі ұйымдар мен кәсіпорындар өз күштерімен Ақтөбеде 24 гүлзар салды. Ол жерлерде жобаларға байланысты спорттық және балалар алаңы, велосипед жолы мен жаяужолдар, орындықтар және т.б. орнатылған. Жуырда ақтөбеліктер төтенше жағдайлар департаменті, Ақтөбе қаласының құрылыс бөлімі, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ салған тағы үш гүлзарда серуендей алады. Облыс басшысы осы бағыттағы жұмыстарды әсіресе облыс аудандарында жандандыруды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*