Басты бет » Жаңалықтар » «Электронды өтініштер» пилоттық жобасы іске асырыла бастады

«Электронды өтініштер» пилоттық жобасы іске асырыла бастады

Ақтөбеде «Электронды өтініштер» пилоттық жобасы іске асырыла бастады. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында ҚР Бас прокуратурасы енгізіп отырған бұл жобаның мақсаты — азаматтардың мемлекеттік органдарға өтініш жазуын жеңілдету.  Бұл жоба арқылы кез келген адам қажетті органға өтінішін бірер минуттың ішінде жолдап, бірнеше күннің ішінде жауап ала алады.

Облыс әкімдігінде өткен отырыста осы жүйенің енгізілуі мәселесі талқыланды. Оған облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов, ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитеті төрағасының орынбасары Бақыт Әбішев, облыс прокуроры Марат Қайбжанов, мемлекеттік істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы облыстық департаменті басшылығы, мемлекеттік органдар өкілдері қатысты.

Қайрат Бекеновтің айтуынша, Ақтөбеде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар аз емес. Мәселен, денсаулық, білім салаларында осындай  жобалар бар, «Смарт Сити» жобасын да айта кетуге болады.

— Еліміздегі мемлекеттік органдар бір жылда екі миллионнан астам өтінішті қарайды екен, оның 40 пайызы мемлекеттік органдардың уәкілеттілігіне байланысты қаралу үшін бір-біріне жіберіледі. Бұл мемлекеттік органдар жүктемесін көбейтеді әрі азаматтар да өз өтініштеріне жауап алу үшін ұзақ күтіп қалады. Сондықтан бас прокуратура елімізде «Электронды өтініштер» пилоттық жобасын іске асыруды жоспарлап отыр. Бұл өтініш беруші мен мемлекеттік органның арасын жалғайды, яғни тікелей байланыстырады. Бас прокуратура бұл жобаны бірінші болып Ақтөбе облысында қолға алмақ, — деді Қ.Бекенов.

ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитеті төрағасының орынбасары Бақыт Әбішевтің айтуынша, өңірлерге жасалған талдау нәтижесінде пилоттық жобаны жүзеге асыру үшін Ақтөбе облысы таңдалып алынған.

— Себебі Ақтөбеде «Цифрлық Қазақстан» бойынша жұмыстар жақсы жүргізіліп жатыр әрі тұрғындарға барынша жағдай жасалған халықтық кеңсе қызметі жолға қойылған. Сондықтан Үкіметте жұмысты Ақтөбеден бастау туралы шешім қабылданды. «Электронды өтініштер» —Елбасының тікелей тапсырмасымен қолға алынған жоба. Азаматтардың мемлекеттік органдарға жазған өтініштері — біздің қоғамның әлеуметтік барометрі. Тұрғындар мемлекеттік басқаруға өтініштері арқылы қатысады, сондықтан бұл саланы жетілдіру маңызды болып отыр. Жобаның негізгі мақсаты — азаматтардың өтініштерін тиісті органға беру жұмыстарын жеңілдету. Азаматтар өтініштерін қай органның атына жазуын білмейді.  Президент әкімшілігіне, Үкіметке, министрлерге, «Нұр Отан» партиясына жазуы мүмкін, соңында хаты осы мәселемен нақты айналысатын органға келіп түседі. Ал жаңа жоба өтініштің нақты қай органға жөнелтілуі қажеттілігін айқындайды. Жоба халықтық кеңсе, мобильді қосымша, Қазпошта бөлімшелері, халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жүргізіледі. «Зерде холдинг» ұлттық компаниясымен бірлесіп, пилоттық жобаның прототипін әзірледік. Әзірге осы прототип қолданылады, — деді ол.

Бақыт Әбішевтің айтуынша, аталған жоба тамыз айында Шымкент, қыркүйекте Түркістан, қазан айында Астана қаласында егізіледі. 2020 жылы тұтас ел аумағында жұмыс істейді.

Жиында ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитеті  сараптау бөлімінің басшысы Дмитрий Мун жоба туралы, оның жұмыс істеу принципі туралы түсіндірді.

— Бұл жүйе азаматтар мен мемлекеттік орган арасында «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейді. Өтініштің нақты қай органға берілуі қажеттігін, нақты қалай жазылу керектігін анықтайды. «Электронды өтініштер» жүйесі бойынша сәйкес органның басшысына жіберілген өтініштерге жауап алу да жылдам жүргізіледі, себебі кеңселік сырғытпа жауаптар болмайды. Екінші жағынан, жаңа жүйе қай сала бойынша тұрғындар арасында өтініштердің көптігіне байланысты сараптама жасауға септігін тигізеді, — дейді ол.

Ақтөбеде пилоттық жүйе әзірге халықтық кеңсе арқылы жүргізіледі. Жиынға қатысушылар басқосудан кейін халықтық кеңсеге барып, жүйенің жұмыс істеу принциптерін түсіндірді. Қайрат Бекеновтің айтуынша, осы жерде өтініштерді қабылдаудың негізгі пункті жұмыс істейді. Комитет қызметкерлері бес күн бойы қалалық әкімдіктің жауапты қызметкерлеріне өтніштерді қабылдау, тиісті жеріне жіберу тәртіптерін үйретеді. Жауапты тұлғалар кейін тұрғындарға өтініштерді жолдауға қолдау көрсетеді.

Халықтық кеңседе, ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитеті, облыс әкімдігі, облыс прокуратурасы және мемлекеттік істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы облыстық департаменті арасында ынтымақтастық туралы төртжақты меморандумға қол қойылды.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*