Басты бет » Жаңалықтар » Тағы бір теннис корты салынады

Тағы бір теннис корты салынады

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс XXI сессиясында бірнеше мәселе қаралды.

Ең алдымен мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова Ақтөбе облысы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасын тағайындау  мәселесі бойынша хабарлама жасады. Оның айтуынша, Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясының қазіргі төрағасы Сағат Еңсегенұлының төраға ретіндегі бесжылдық өкілеттік мерзімі 1-шілдеде аяқталады. Соған сәйкес тексеру комиссиясының төрағасы етіп Сағат Еңсегенұлын тағайындау туралы ҚР Есеп Комитетінің ұсынымы, Президент Әкімшілігінің келісімі жөнінде облыстық мәслихатқа хат түскенін айтты. Мәслихат депутаттары бірауыздан аталған кандидатураны қолдады.

Сессия барысында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұрбол Сыдықов «Ақтөбе қаласында теннис корттарын салу және пайдалану» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік міндеттеме қабылдау туралы хабарлама жасады.

— Кірпішті ауылындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер теннис мектебінде төрт жабық және алты ашық корт бар. Әзірге бұл — осы бағыттағы жалғыз мекеме. Және аталған орталық өте алыс орналасқандықтан балаларға қатынау қиын. Қазір бір оқушы Қазақстанның жасөспірімдер ұлттық құрамасының сапында, спорт шеберлігінен үміткер 10 спортшы бар. Ақтөбеде тенниспен айналысатын балалардың қатары көбейіп келеді. Бүгінде 552 бала спорттың осы түрін таңдап отыр. Алайда теннис корттарының аздығынан оларға үлкен тенниспен айналысуға толық мүмкіндік жоқ. Сондықтан қаламызға тағы бір жаңа корт қажет.  Батыс-2  ауданында құрылысы жүргізіліп жатқан жаңа теннис кортында жұмыс бірнеше бағытта жүргізіледі. Олар  — теннис спорты мектебін құру, спорттық жарыстар ұйымдастыру, дене шынықтыру және спорт басқармасы ұсынған ақысыз топтарда жыл сайын теннис сабақтарын өткізу. Мемлекет пен жекеменшік әріптестігі бизнес-жоспарын «Бонус Корпорэйшн» серіктестігі әзірледі, ол біліктілік талаптарына сәйкестігі бойынша іріктеуден өтті, — деді ол.

Сессия барысында облыстық мәслихаттың 2015 жылғы 11 желтоқсандағы №365 «Ақтөбе облыстық мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы» шешімінің күші жойылды деп тану туралы және «Ақтөбе облыстық мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы мәселелер қаралып, №10 Абай сайлау округінен сайланған депутат А.Айтжановтың «Ақтөбе қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі» ММ басшысы И.Кузбаевқа депутаттық сауалы жария етілді.

Сессия соңында «Салық заңнамасы мәселелерін реттейтін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларын түсіндіру» тақырыбына қатысты Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Айбек Паяев хабарлама жасады. А.Паяев депутаттарды салық заңнамасына енгізілген өзгерістермен таныстыра отырып, депутаттық корпустағы кәсіпкерлерді еліміздің салық заңдылығын сақтауға, тұрақты түрде міндетті салықтарды уақтылы төлеуге шақырды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ. 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*