Басты бет » Жаңалықтар » Мемлекеттік қызметтердің сапасы қаралды

Мемлекеттік қызметтердің сапасы қаралды

Облыстық әкімдік ғимаратында қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Онда өңір бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен ауыл шаруашылығы саласын дамытудың мәселелері, сондай-ақ, қоғамдық кеңестің жұмыс жоспары қаралды.

Отырысты облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Қуаныш Елубаев жүргізіп отырды. Алғаш боп облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайдың есебі тыңдалды. Оның айтуынша, осы жылдың 5 айында 54 миллион теңгеден астам қаражатқа ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілген. Ал есепті кезеңде тартылған инвестицияның көлемі — 4,814 миллион теңге. Өсімдік шаруашылығында көктемгі далалық жұмыстары бойынша барлық егіс көлемі 758 мың гектар алқапқа жүргізілген.

— 2018-2019 жылдардағы мал қыстату науқанына 630 мың шартты мал басы түседі деп жоспарланып отыр. Мал азығының 1,5 жылдық қажеттілігі 2,4 миллион тоннаны құрады. Аудан әкімдеріне тапсырмалар беріліп, науқан басталды.

Шегірткеге қарсы биыл 184 мың гектар алқап өңделеді деп күтілуде, — деді Құсайын Сәрсембай.

Сонымен қатар машина-трактор паркін жаңарту мақсатында облыс көлемінде 56 трактор, 3 егін ору комбайны және 78 өзге де ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынған.

Облыста дәстүрлі емес шаруашылықтармен айналысатын 1396 шаруашылық құрылған. Оның ішінде маралдан бөлек, бөдене өсіретіндер де бар.

Ал мемлекеттік қызметтер сапасына қатысты жыл басынан бері 35 бақылау шарасы өткізілгендігі, соның нәтижесінде заң талаптарын 2065 бұзу фактісі анықталғандығы айтылды. Жіберілген қателіктер үшін 13 адамға тәртіптік шара қолданылған. Сонымен қатар облыста мемлекеттік қызметті электронды түрде көрсету әлі де кемшін екендігі баян етілді.

Мәжілістің соңында қоғамдық кеңестегілер құзырлы органдар өкілдеріне  «Халықтық кеңсе» орталығында мемлекеттік қызмет түрлерін көрсетуде жағдайды жақсарта түсуді тапсырды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*