Басты бет » Басты жаңалықтар » Ырғызда тасымал су мәселесі қашан шешіледі?

Ырғызда тасымал су мәселесі қашан шешіледі?

  • Ашық әңгіме

Бүгінде Ырғыз селосынан тоқсан шақырым жердегі Нұра ауылдық округіндегі 1300-ден аса тұрғынға 10 тонналық су тасушы көлікпен аптасына екі рет ауызсу жеткізіледі. Ауылдықтар су сақтау үшін екі-үш үйден бірігіп, арнайы шығыршық салынған жерді күтіп ұстауға мәжбүр. Енді биыл күзде бұл мәселе түбегейлі шешіледі. Алдыңғы жылы жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Нұрадан 15 шақырым Қамысты аталатын жерден судың үлкен көзі табылыпты. Қазір Қамыстыдан топтық жүйе арқылы су құбыры тартылып жатыр.  

Ырғыз ауданының әкімі Мәди Елеусізовпен редакциямызда тікелей байланыс арқылы өткен сұхбат барысында ырғыздықтардың көпшілігі осындай әлеуметтік мәселелерді алға тартты.

Теңге Ысқақова, Қызылжар ауылы, Б.Алманов атындағы мектептің аспазы:

— 2010 жылдан мектепте аспаз болып еңбек етемін. 2014 жылдан айлықты «Наурыз-СИМ» ЖШС-нан беретін болып келісімшартқа отырдық. 2016 жылы еңбек демалысыма байланысты ақы төлемей, заңға жүгініп даулап алдым. Одан кейінгі уақытта еңбек демалысымды ала алмай жүрмін. Жазда боспыз, бұл кезде еңбекақы төленбейді. Осы дұрыс па? Мүмкін болса, еңбек демалысыма ақы алуға көмектессеңіз.

Мәди Елеусізов:

— Қазір мектептерде балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету міндеті бәсекелес ортаға берілгенін білесіздер. Бәсекелес ортаға тіркелген заңды тұлғалар конкурсқа түсіп, өз талаптарына сай жеңімпаз болғаннан кейін бір немесе бірнеше  мектепке қызмет көрсетеді. Сіз айтқан мәселені өз бақылауыма алып, анықтаймын. Тиісті өкілетті органдарға тапсырма беремін. Мән-жайды анықтап, жауабын беремін. Бүгінгі күні ауданда 21 мектеп болса, соның жартысынан көбіне  «Наурыз-СИМ» мекемесі қызмет көрсетеді.

Айдарбек, Ырғыз ауылының тұрғыны:

— Бұрын Ырғыздың қоқысы  ошаққа жағылатын. Соңғы екі-үш жылда газ өтті де қоқыс мәселесі басты проблемаға айналды. Ауданда қоқыс полигоны жоқ. Ырғыздың айналасын қоқыс басып бара жатыр. Неге полигон салынбайды?

Мәди Елеусізов:

— Ырғызға орталықтандырылған көгілдір отын келгеннен кейін аудан орталығы тазалыққа сай емес деп айтуға болмайды, әрине. Тұрмыстық қалдықтар жайында айтар болсам, бүгінгі күні аудан орталығының оңтүстік-батысында, яғни 5 шақырым жерде 5 гектар жерді анықтап, белгіледік. Бұл — тыңнан белгіленген жер. Бүгінгі күні бұл аймақтың тиісті құжаттары рәсімделді. Облыс әкімі тарапынан қаулы қабылданды, экологиялық талаптарға сәйкес қорытындыны алдық. Бүгінгі күні техникалық-экономикалық негіздемені дайындап жатырмыз. Қазірдің өзінде аудан орталығынан жиналған қоқыс сол жерге шығарылып жатыр. Оның үстіне, ауданда жеке кәсіпкер осындай қызмет көрсетуге ниет білдіріп, тіркеліп, қоқыс шығару үшін шартты түрде шартқа отырды. Ескі полигон ауылға жақын орналасқан. Қазір біз ескі полигонды тәртіпке келтіріп жатырмыз. Былтырдың өзінде бұл бағытта біраз жұмыстар жасалды. Биыл ол жұмыстарды жалғастырып жатырмыз. Біз ол жерге қоқыс төгуге тыйым салдық. Ескі полигонда күзетші бар. Сонымен қоса, аудандық жергілікті полиция қызметкерлері де бұл істі бақылауға алды.

Е.Төлегенов, Ырғыз ауданында туған:

— Қазір Ақтөбе қаласы айналасындағы қорымдардың барлығы қоршалып, тәртіпке келтіріліп жатыр ғой. Сол сияқты, біз де  Қызылжар ауылында ата-бабаларымыз жатқан  ескі «Маймақ» қорымын қоршауды ойластырып, ағайындар боп қаражат та жинадық. Алайда қажетті материалдардың қымбаттығына байланысты ақша жетпей тұр. Осы мәселені ретке келтіруге аудан әкімдігі тарапынан көмек болар ма екен? Егер қаражат болса, қажетті техникамен жер қазу, басқа да жұмыстарды өзіміз атқарар едік. Осыдан бір ай бұрын Қызылжар ауылдық округі әкіміне осы мәселе бойынша арыз бергенбіз. Бірақ ол «бұл мәселе менің құзыреттілігіме келіңкіремейді» деп ауызша жауап айтты. Сонымен сізге хабарласуға мәжбүр болдық.

Мәди Елеусізов:

— Әуелі қорымның орналасқан жерін, көлемін  қарайық. Бұл істі бюджеттен қаржыландыра алмаймыз. Қаржыландырудың басқа жолдарын іздестіруіміз керек. Бұл мәселе турасында әріптестеріммен ақылдасайын, содан кейін Қызылжар ауылдық округінің әкімі Ардақ Ізбасарова арқылы сізге хабарын береміз.

Жанкелді Сабанбайұлы, зейнеткер:  

— Ырғыз селосындағы Шахин көшесіне жалғасып жатқан мөлтек көшеде жаңадан салынған 13 үйдің иесінен 2016 жылы су шаруашылығы мекемесі 50 мың теңгеден ақша жинап, су тартты. Бірақ жазда су болмайды. Бір жарым айдан бері сусыз отырмыз. Былтыр да жағдай солай болды. Биыл қыста су құбырлары қатып, сусыз отырдық. Қазір қолымызға шелек алып, көше-көшені аралап жүрміз. Су шаруашылығына барып едім, олар тұрғын үй-коммуналдық бөліміне сілтеді. Ондағылар әкімдікке жіберді. Әкімнің орынбасарының қабылдауында болдым. «Ремонт боп жатыр, су болады» деп еді, әлі жоқ. Осы мәселенің оңтайлы шешілуіне көмектессеңіз деймін.

Мәди Елеусізов:

— Жалпы Ырғыз ауданының орталығына су топтық жүйе негізінде келеді. Ырғыздың солтүстік-батысында орналасқан Айырқызыл деген жер бар. Сол жерде жерасты су қоры бар. Бүгінгі күні Ақши, Ырғыз, Аманкөл, Құти елді мекендерін топтық су жүйесі арқылы ауызсумен  қамтамасыз етіп отырмыз. Сол жерде жерасты ұңғылары бар. Былтыр су айдайтын 6 насостың көлемі аздық еткесін, қосымша тағы 3 насосты іске қосқан болатынбыз. Әрине, суға қатысты жаз айында мәселе туындайды. Себебі, тұрғындар бақша салады, басқа да тірліктері бар. Бұл мәселені шешуді біз жүйелі қолға алдық. Ол үшін Астанадан арнайы мамандандырылған сарапшыларды, су жүйесімен айналысатын инженерлерді шақырттық. Қазір олар қолдағы бар қондырғыларды, шығыс пен кірістің барлық  тиімділігін есептеп жатыр. Осы жұмыстардың қорытындысы бойынша анықтама аламыз. Содан кейін ғана біз бұл іске қанша қаражаттың керек екенін, су жүйесін қай бағытта қалпына келтіруге болатынын білеміз. Әрине, бүгінгі күні орын алып отырған мәселе бар. Қазір Айырқызылдағы 9 насостың 7-еуі ғана жұмыс жасап тұр. Екеуіне жөндеу жұмыстары аяқталып қалды. Оны да қосымша қоямыз. Бүгінгі күні Ырғыз ауылы тұрғындары үшін 600-650 текше су қажет. Бұл — тек қана орталықтағы тұрғындарға қажет судың мөлшері. Қазір 7 насос беріп  тұрған судың мөлшері — 1,5 мың текше. Біз мұны 2 мыңға көтерген кезде ғана халықты сапалы ауызсумен толық қамтуға болады.

Бағила Өскінбаева, Шеңбертал ауылының тұрғыны:

— Мемлекеттен 120 мың теңге көлемінде атаулы көмек алдым. Жергілікті әкімдіктегілер  сол қаражатқа «мал ал, егер мал алмасаң, сотқа береміз» деп маза бермейді.   Бес баламның бірі — студент. Ол қаражатқа мен отбасымды асыраймын ба, әлде мал аламын ба? Соның анық-қанығына көз жеткізгім келеді.

Мәди Елеусізов:

— Сіздің мәселеңіз маған белгілі. Өзіңіз жақсы білесіз, биылдан бастап нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы қабылданды. Осы бағдарламаның аясында өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осыған байланысты, бүгінгі күні мұқтаж адамдарға берілетін көмек өзгерді. Бүгінгі күні аудандық жұмыспен қамту орталығы мамандарының сізге айтып отырған мәселесі дұрыс. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау  сізге шағын жеке кәсіпкерлік ашу мақсатына берілген. Бұл  қаражат сізге бөліп берілген ғой. Солай ма?

— Иә, екі бөліп берді.

— Енді тағы аласыз сіз. Үкіметтен бөлінген қаражатқа міндетті түрде бір жандық алуыңыз керек.

— 120 мың теңгеге екі баспақ пен бір тіркеме шөп алуым керек екен. Қазір баспақты 50 мың теңгеден ешкім бермейді ғой. 120 мың теңгеге 2 баспақты қалай жазамын? Оның үстіне, сол қаражатқа бір тіркеме шөп алуым керек екен. Маған солай жазып беріп отыр.

— Сіз нақты қолыңызға қанша қаражат алдыңыз?

— Бірінші кезекте 80 мың теңге, содан кейін 39 мың теңге алдым. Бар берілген сома — осы.

— Сізге ауыл әкімдігінің маманы келіп айтты ма?

— Иә.

— Мамандар сізге дұрыс түсіндірген. Сол қаражатқа бірінші кезекте мал аласыз, содан кейін сізге тағы атаулы көмек қарастырылған. Ауыл әкімдігіндегі жауапты мамандар тағы есептеп шығарып береді. Сол кезде сіздің бір жылдағы алатын ақшаңыз мал және мал азығын алуға толық жетеді. Оның бәрі есептелген. Тәртіп солай. Бәріміз сол тәртіпке бағынуымыз керек. Жарай ма?

— Жақсы. Рақмет.

Әлқуат, аудан тұрғыны:

— Сабындыкөл ауылындағы бұрынғы балалар демалыс лагерін қайта қалпына келтіру турасындағы уәдеңізді қашан орындайсыз?

Мәди Елеусізов:

— Кеңес заманы кезінде сол жерде лагерь болған. Тоқырау заманында ол лагерь қараусыз қалғаннан кейін, қазір оның орны ғана қалды. Біз ол жерге тыңнан лагерь тұрғызу үшін аудандық бюджеттен қаражат бөліп, жобалық-сметалық құжаттамасын дайындап, мемлекеттік сараптамаға тапсырдық. Мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алғаннан кейін, әрі қарай өз ұсынысымызды облыстық, республикалық бюджетке беріп, сол мәселені шешуге күш саламыз.

Нағышыбай Балмаханов, журналист:   

— Ырғызда туризмге сұранып тұрған жерлер баршылық. Солардың бірі — «Ырғыз-Торғай» табиғи резерваты мен Жаманшың кратері. Құрылғанына он жылдан асқан табиғи резерватта экотуризмді дамыту бағытында қандай шаралар қолға алынып жатыр?

Мәди Елеусізов:

— Бүгінде «Ырғыз-Торғай» табиғи резерватының аумағындағы жерлерде елді мекендер орналасқан.  Олардың қатарында Жайсаңбай, Тәуіп, Белшер, Нұра, Мамыр ауылдары бар. Жергілікті тұрғындар үшін резерват ғажайыптарын көруге ешқандай кедергі жоқ. Облыстың басқа өңірлерінен келетін тұрғындарға да жағдай жасалған. Ол үшін Ақтөбе қаласындағы туристік агенттіктермен де жұмыс жүргізілді, бір мәмілеге келгендей болдық. Туристік агенттік өкілдерінің айтуынша, бүгінгі күні резерват маңында олар үшін қонақүй салу тиімсіз. Бірақ олар жоғарыда аталған елді мекендерде туристерді қабылдайтын жақсы үй болса деген ұсыныс айтты. Олардың ойынша, сондай үйдің 1-2 бөлмесін босатып берсек, олар ақылы түрде туристерді әкелуге бел буып отыр. Себебі, саяхатшылар үшін жататын және тамақтанатын орын қажет.

Жақында ауданға облыста ғылыми жоба қорғап жүрген кандидат келді. Ырғызда қызғылт қоқиқазды көру үшін аудан орталығына бір күн аялдап, келесі күні біздің мамандар оны  Жайсаңбай ауылының ар жағындағы Құрдымға апарды. Саяхатшыға жағдай жасалды.

Айтжан, Ырғыз селосының тұрғыны:

— Бүгінде Қыл және Қожа бөгеттеріне су жинала ма?

Мәди Елеусізов:

— Биыл мамыр айында ауданға қарасты 19 елді мекенді аралап шығып, жұртшылықпен кездестім. Сол кезде бөгеттер мен көлдерді барып көрдім. Ырғыздағы сексенге жуық көлді Ырғыз және Торғай өзендері толтырады.  Олар — табиғи көлдер.     Осы екі өзен бабымен тасыған кезде, рет-ретімен көлдерді толтырады. Биыл жағдай солай болды. Бірінші Ырғыз тасып, көлдерді бір шайып шықты. Екінші Торғай өзені тасыды. Торғай әлі күнге дейін тасып жатыр. Бүгінгі күні аудан аумағындағы көлдердің 96 пайызы суға толып тұр. Қожа бөгетінің негізгі гидротехникалық мақсаты — Нұра ауылына қарасты алпыс көл толған кезде, артық суды ағызып жібереді. Сөйтіп, артық су Жайсаңбай жүйесіндегі көлдерді толтырады.  Бұл жерде Қыл бөгеті бар. Су осы бөгетке келіп тіреледі де, кейін теуіп, сосын қалған көлдерді сумен толтырады. Егер су одан да артық келіп жатса, айналып Құрдымға құяды. Бүгінгі күні бұл бөгеттер өз міндетін толық атқарып тұр.

Жылқайдар, ауыл ақсақалы:

— Ырғыз — балығымен ерекшеленетін өңір. «Ырғыздың бойы сексен көл, Секілді моншақ танасы», — деп жергілікті ақын жырға қосқан Ырғыздағы көлдерді сырттан келетін кәсіпкерлер де жалға алады. Олар үшін арнайы лимит, талап бар. Көлді пайдалануда жергілікті және өзге облыстан келетін кәсіпкерлер үшін талап бірдей ме?

Екінші мәселе — бір кездері Нұра немесе Ырғыз орталығынан балық цехын ашу туралы әңгіме болған еді. Бұл мәселе қашан шешілер екен?

Мәди Елеусізов:

— Бүгінгі нормаға сәйкес, Орал қаласының ғылыми әдіскерлері аудан аумағындағы барлық көлді зерттейді. Егер балық аулауға болса, қорытынды береді. Сол қорытынды негізінде жергілікті атқарушы органдар облыстағы тиісті басқармалармен келісіп, көлді конкурсқа шығаруға шешім қабылдайды. Көлдер конкурсқа шығарылатын кезде алдын ала бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Қазақстан Республикасының азаматы жеке немесе заңды тұлға ретінде тіркелсе, ол қай жерде орналасса да конкурсқа қатысуға құқығы бар. Біз халықпен кездескен сайын, ата-бабадан келе жатқан балық аулау кәсібіне жергілікті тұрғындарды тарту мақсатында әрдайым түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Яғни көлді он жылға жалға алып, балық шаруашылығын дамытуға ешқандай кедергінің болмайтынын  айтамыз. Конкурсқа қажетті құжаттардың тізімін де көрсетеміз.  Бүгінгі күні конкурсқа қойылған көлдің барлығын аудан кәсіпкерлері пайдаланып отыр. Ырғыздағы көлдерді бірде-бір сырттан келген кәсіпкер жалға алып отырған жоқ.  Оның үстіне, көлді алғаннан кейін балық аулаға Үкімет квота береді. Бүгінгі күні облыстың қолдауымен квотаның көлемі көбейді. Сондықтан көлді алып, балық аулаймын дегендерге жеткілікті квота бар, ешқандай кедергі жоқ. Квота көлдің көлеміне, тереңдігіне, ондағы балық мөлшеріне қарай беріледі.

Бүгінгі күні көлдерді жалға алған кәсіпкерлердің бірқатарымен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бір кәсіпкер балық өндіру цехын ашу үшін аудан орталығынан жер алып, құжаттарын рәсімдеді. Алдағы уақытта бұл мәселені оңтайлы шешу үшін жұмыс жасаймыз. Әрине, балық аулағаннан кейін оны өндіріп, дайын өнім ретінде сатқан тиімді әрі бағасы да жоғары болады.

Қази Баймағанбетова, Қызылжар ауылының тұрғыны, зейнеткер:

— Ырғызға жасаған сапарында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қызылжар ауылы тұрғындарымен Мәдениет үйінде кездесу өткізген еді. Сол кездесуде облыс басшысына ауылдықтар атынан аналық алғысымды өлең жолдарымен жеткізген едім. Сонда Бердібек Машбекұлы жаныма жақын келіп, менімен аз-кем әңгімелесіп, өлеңдер жинағымды шығарып беру турасында жергілікті билікке және сол кездегі облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысына тапсырма берген болатын. Бүгінде өлеңдер жинағым баспаханаға дайын болғанымен, қаражат мәселесі әлі шешімін таппай тұр. Неге облыс әкімінің тапсырмасы уақытында орындалмайды?

Мәди Елеусізов:

— Бізге қандай да бір адам келсе, мәселесін шешуге тырысамыз ғой. Бұл мәселе белгілі бір себептермен созылып кетті. Оны мойындаймыз. Бұл — демеушілер арқылы шешілетін мәселе. Енді ауданда сан түрлі мәселе бар ғой. Мәселені шешуге тырысамыз.

Ауыл тұрғыны (аты-жөнін айтудан бас тартты):

— Болашақта Нұра селолық округіне қарайтын Дүкен ауылының жабылу қаупі бар. Қазір округ қарамағындағы Нұра, Белшер, Мамыр ауылдарына ауызсу құбыры жүргізіліп жатыр. Бұл істен отыз шақырым жердегі Дүкен ауылы сырт қалды. Ауылға ауызсу тасымалданады. Бала санының азаюына байланысты негізгі мектеп те өз жұмысын тоқтатуы мүмкін. Дүкеннің болашағы бар ма?

Мәди Елеусізов:

— Ауданның қысқа мерзімді даму кешенді жоспары қабылданады. Біздер соңғы бес жылды сараптап, алдағы бес жылды жоспарлаймыз. Оның ішінде қанша бала дүниеге келеді, қанша адам дүниеден өтеді, тұрғындардың орташа өмір сүру жасы, ішкі, сыртқы миграцияға дейін бәрі қаралады. Дүкен, Мамыр ауылдарындағы негізгі мектептеріне  бала санының толмауы мәселесі бар. Бұл мәселені әлгіндей есептің арқасында біліп отырмыз. Дүкен, Мамыр, Белшер, Жарма, Қарасай секілді елді мекендердегі осындай мәліметтерді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына, одан әрі қарай Экономика министрлігіне жібердік. Қандай да бір елді мекенге бюджеттік инвестиция кірер кезде, оны дәлелдеу керек. Егер ол ауыл жоғарыда айтылған  көрсеткіштерге сай болмаса, ол жерге газ, су, жаңа мектептің құрылысы, жол қажеттілік ете ме? Біз осы мәселені ескеріп, Нұра, Мамыр, Белшер елді мекендеріне топтық су жүйесін жүргізіп жатырмыз. Биыл халық бұл істің игілігін көреді. Дүкен мен Мамыр ауылдарындағы мектептерде бала санының азаюына байланысты сол ауылдардағы халықпен, ұстаздармен, ата-аналармен кездескен болатынмын. Егер Дүкендегі мектеп жабылатын болса, оның кейін мектеп болып ашылып, ашылмауы екіталай. Себебі жоғарыдағы мектебі жабылған ауылдардың біріне халық келіп қоныстанып, бала санын өсіріп жатқан жоқ. Бүгінгі күні Дүкен ауылында 260-қа жуық адам тұрады. Ырғызда болашағы жоқ екі ауыл болды. Олар — Қалалыкөл және Қаракөл. Осы екі ауылдағы мектептер жабылды. Мектеп жабылғаннан кейін, халық бірте-бірте көшіп кетті. Бірақ қазір Қалалыкөл ауылында халық бар. Алдағы уақытта Орталық-Батыс бағыты бойынша салынатын тасжол осы Дүкен ауылының жанынан өтеді.

Шара Елеусіз, «Ырғыз» аудандық газетінің редакторы:

— Аудандық «Ырғыз» газеті — аудан өмірінің айнасы. Алайда аудан әкімдігінде өтіп жатқан түрлі жиындарға, аудан әкімінің лездемелеріне осы уақытқа дейін не редактор, не журналист қатыстырылмайды. Ауданда болып жатқан жаңалықтарды ұзынқұлақтан естиміз. Неге жариялылық жоқ, жиындар неге жабық өтеді? Екінші мәселе — ауданда кадр тапшылығы анық байқалады. Негізгі тетіктегі кадрлар сырттан әкелінеді. Алайда оларға баспана беру мәселесі ауданда жолға қойылмаған. Неге?

Мәди Елеусізов:

— Сөз жоқ, аудандық газеттің орны ерекше. Себебі ауданның тұрмыс-тіршілігі, халықтың көкейінде жүрген мәселелерді көтеретін, әр сала бойынша болып жатқан жаңалықтарды ақпарат ретінде халыққа жеткізіп, насихаттайтын  бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде «Ырғыз» аудандық газетінің де үлесі зор. Газет ұжымымен қарым-қатынасымыз жақсы. Басылымның ауданда тұрақты оқырмандары бар.  Оның дәлелі — бүгінгі күні басылымға жазылып жатқан адамдардан көріп отырмыз.  Аудандағы жалпы экономикалық, әлеуметтік және қоғамдық жағдайды білдіріп, халыққа ақпараттандыратын газет болғаннан кейін, біз де мемлекеттік тапсырыс ретінде  атқарылып жатқан жұмыстарымызды газет арқылы халыққа жеткізіп отырмыз. Әкімдікте аптасына бір рет өткізілетін апталық лездеме өзімнің төрағалығыммен өткізіледі.  Онда күнделікті жұмыс бабындағы мәселелер талқыланатын болғаннан кейін журналистер шақырылмайды. Ал аудандық мәслихаттың сессиясы, іске асырылатын үлкен жобалар, қоғамдық тыңдаулар, болмаса басқа да маңызды мәселелер көтерілетін жиындарға біз міндетті түрде тілші шақыртамыз.

Цифрландыру заманында әлеуметтік желілер де жақсы дамыған. Қазір екінің бірінің қолында смартфон бар. Осыны ескеріп, біз де аудан әкімдігінің әлеуметтік желіде арнайы парақшасын аштық. Ауданда болып жатқан барлық жаңалық сол парақшада өз орнын тауып жатыр.

Баспанаға қатысты айтсақ, бұл тек Ырғызға тән проблема емес шығар. Ауданда жыл сайын жаңа үйлер салынады. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Ол үшін тиісті құжаттар дайын тұр. Қазір ауданда 144 адам  үй алу кезегінде тұр. Үй әр адамның кезегіне сәйкес, аудандық комиссияның шешімімен беріледі.

Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, үй алу үшін әр адам әуелі халыққа қызмет көрсету орталығына арыз тапсыруы керек. Өкінішке қарай, бізде көпшілігі осылай істемейдә. Егер нағыз үйге мұқтаж жан болса, ол Заң талаптарын мұқият орындайды.

Күнжәмила Кенжеғұлова, Ырғыз селосының тұрғыны:

— Ырғыз селосында ай сайын 15 мың теңге төлеп, пәтер жалдап тұрып жатырмын. Денсаулығыма байланысты есепте тұрмын. Қасымда жиен немерем бар. Мамандығы — шет тілі мұғалімі. Қазір ол Қарасай ауылындағы мектепте қызмет істейді. Қарасайға  қатынас мәселесі қиын. Әзірге оған аудан орталығынан жұмыстың реті болмай тұр.  Екеуіміз екі жерде жүргенімізді, өзімнің сырқаттанатынымды айтып, әкімнің де қабылдауында болдым. Аудан орталығында шет тілі мұғаліміне орын жоқ дейді. Немеремді қолыма алғым келеді. Оқу жылына дейін осы мәселені шешіп берсе деймін.

Мәди Елеусізов:

— Бұл кісінің мәселесі түсінікті. Қарасай — Құмтоғай ауылдық округіне қарасты елді мекен. Ол жерде негізгі мектеп бар. Тамыз конференциясы кезінде аудандық білім бөлімі мұғалімдерді жасақтайды, сағаттарды белгілейді. Біз ешкімге үстемдік бере алмаймыз.

Әлібек Сарин, Ырғыз ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

— Ырғыздағы «Жарқын» бөгетін қалыпқа келтіру мәселесі шешілмей тұр. Бұл бөгет Ырғыз, Ақши елді мекендерінің халқы үшін 20-30 мың центнер шөптің көзі саналады. Соған су жайылмай тұр. Сол бөгетті салу, қалыпқа келтіру — қомақты қаржыны талап етеді.  Бұл мәселеге байланысты «Қазсушаруашылығы» Ақтөбе филиалының басшысы Бекзат Наметов ауданға келіп, «сызбасын жасаймыз, келешекте қолға алынады», —  деді. Қазір осы бөгеттің жайы қалай шешіліп жатыр екен?

Мәди Елеусізов:

— «Жарқын» — «Қазсушаруашылығы» республикалық мекемесінің иелігіндегі бөгет. Бұл мекеме басшыларымен арада байланыс бар. Олар техникалық негіздемені, сметалық құжаттарын дайындаған, бөгетті қалпына келтіру үшін 20 миллион теңгенің үстінде қаражат керек екенін айтты. Бірақ ол жерде көлдетіп суару әдісі жүргізіледі ғой.  Яғни шөп тегін берілмейді. Ол үшін «Қазсушаруашылығы» мекемесімен шартқа отырып, шапқан шөптің гектарына сәйкес ақша төленеді. Тегін ешнәрсе жоқ. Осы мәселе ескерілуі керек.

Асыл Адаева,  Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Әжем — Ырғыздың қызы. Сол кісінің сұрауы бойынша хабарласып отырмын. Ырғыздың балығын Ақтөбе қаласынан тұрақты түрде сатып алуға мүмкіндік бар ма?

Мәди Елеусізов:

— Ақтөбе қаласындағы «Табыс» коммуналдық базарында Ерік Үдербаев деген жігіт үнемі Ырғыздың балығын сатады. Сауда орнының жоғары жағында «Ырғыз балық» деген жазу бар. Базар басшылығымен арада келісімшарт орнаған. Көлді жалға алушылар балықты осы жерге әкеледі. Әзірге қаладағы «Анвар» сауда желілерінде Ырғыздың балығы сатылмайды.

Алтай Иманқұл, Қызылжар ауылының 24 жасар тұрғыны:

— Ауылдағы ең басты проблемалардың бірі — интернет.  Жылдамдығы өте төмен. Ал көршілес Қалыбай ауылында интернет мәселесі шешілген. Сол себепті жастар ауылда көп тұрақтағысы келмейді. Бір ғана мысал, анам ауылдағы амбулаторияда қызмет жасайды. Қабылдауға келген әрбір адамды арнайы бағдарлама бойынша базаға тіркеу үшін аптасына 2-3 рет аудан орталығына баруға мәжбүр.  Жаныс би, Шеңбертал ауылдарындағы интернет жағдайы да осындай. Ол жақтарда ұялы байланыс та жоқ. Интернет мәселесі түбегейлі қашан шешіледі?

Мәди Елеусізов:

— Интернет мәселесіне қатысты министрлікте, облыс әкімдігінде кешенді жоспарлар қабылданды. Біздер аудан орталығы, тірек елді мекендерді белгіледік. Олар «Қазақтелеком» мекемесінің кешенді жоспарына енді. Бұл — республикалық деңгейде шешілетін мәселе. Оның екі жолы бар. Бірінші жолы — ұялы телефон операторлары сымсыз интернет орнатады. Екінші жолы — «Қазақтелеком» мекемесі талшықты-оптикалық байланыс әкеледі. Әзірге интернет тек қана орталықта ғана бар. Талшықты-оптикалық байланыс Ырғызға Шалқар ауданы арқылы келді. Талшықты-оптикалық байланыс әр ауылға тартылмайды, халық саны 1000 адамнан жоғары елді мекендерге ғана орнатылады.  Қызылжар, Аманкөл, Нұра ауылдық округтері  — тірек елді мекендер саналады. Осы ауылдар интернет орнату жөніндегі жоспарға енді.  Қаражат бөлінсе, байланыс келеді, мүмкіндік болады. Бүгінгі күні Қалыбай ауылының халқы сымсыз интернетті тұтынып отыр.

Нұргүл Асқарова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Ырғызда сексен көл бар дегенді бұрын еститін едік. Қазір қанша көл қалды әрі олардың жағдайы қалай?

Мәди Елеусізов:

— Сұрағыңызға рақмет. Қазір көлдердің бәрі орнында. Былтыр, биыл Ырғыз, Торғай өзендері жақсы тасыды. Көлдердің бәрі суға толды, балық өсіп жатыр. Жағдай жақсы.

 Ерік Сухамберлин, Қызылжар ауылы Бәймен Алманов орта мектебінде мұғалім:

— Ауылдан екі шақырымдай жерде «Айман» бөгеті бар. Бұрын кеңшардың тұсында ауыл тұрғындарының күшімен осы бөгет бөгелген еді. Қазір су тұрақтамайды. Ауылдың бір шеті ой, су сонда қарай ағады. Ауыл шетінде екі гектардай шабындық жеріміз бар. Су келмегесін, ол жер де тозып жатыр. 2000 жылға дейін ауыл шетіне бақша салатын едік. 2002 жылдан бастап су тартыла бастады. Арнада су қалмайды. Қазір тұрғындар бір тіркеме шөпті 25-30 мың теңгеден көрші ауылдан сатып алуға мәжбүр. Егер бөгет болса, су жайылып, шөптің шығымы да артар еді.

Мәди Елеусізов:

— Негізінен Ырғыз өзенінің арнасын бөгеген ғой. Заңға сәйкес, бүгінгі күні өзеннің арнасын бөгеуге болмайды. Оған ешкім рұқсат бермейді.

Ләззат Айтқұлова, Ырғыз ауданының тұрғыны, «Жас қыран» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

— Ырғыз балалар өнер мектебінде қызмет етемін. Ырғыз ауданында кадр өзгерісі көп болмайды. Аудан әкімінің орынбасарларынан бастасақ, ол кісілердің бұл қызметте жүргеніне біраз жыл болды. Әлде біздің ауданда түйіні шешілмеген мәселе жоқ, барлығы орындалған ба? Қазіргідей үш тілділікті қолға алып, компьютерді терең меңгеріп жатқан заманда жан-жақты, халықпен тығыз араласып жұмыс жасайтын, істі керемет ұйымдастыра білетін жалындап тұрған жастардың кезегі келген сияқты. Неге сондай жастар басшылық қызметке тағайындалмайды?

Мәди Елеусізов:

— Аудандағы кадр мәселесінің өзіндік қалыптасқан жүйесі бар. Оның ішінде мемлекеттік қызмет атқару «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңмен айқындалған. Аудан әкімінің орынбасарлары мен өзге де жауапты қызметтегі азаматтар — осы жерде туып-өскен, ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсы білетін, тәжірибелері мол, өз қызметтерін жауапкершілікпен атқарып келе жатқан білікті қызметкерлер. Қазіргі таңда оларды ауыстыруға қажеттілік туындап отырған жоқ. Ал өздерінің білімділігі мен іскерлігін таныта білген жас кадрлардың қызметте жоғарылауына ешқандай кедергі болмайды. Олардың біліктілігі мен жұмыс өтілі сәйкес келген жағдайда ішкі конкурс арқылы сатылап өсуге мүмкіндігі бар.

Тікелей байланыс сұхбатын жүргізген Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*