Басты бет » Басты жаңалықтар » Мемлекеттік қызметшілердің мерейлі сәті

Мемлекеттік қызметшілердің мерейлі сәті

23 маусым күні облыс әкімдігі алдында Мемлекеттік қызметші күніне арналған «Мемлекеттік қызмет — абыройлы міндет» атты мерекелік шара өтті. Оған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, мемлекеттік қызмет саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

— Әрбір мемлекеттің дамуы, болашағы оның мемлекеттік қызметкерлеріне байланысты. Сондықтан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан 20 жыл бұрын Мемлекеттік қызметші күнін тағайындады. Себебі мемлекеттің саясатын, қабылданған бағдарламаларын жүзеге асыратын осы мемлекеттік қызметкерлер. Сіздердің жасап жатқан жұмыстарыңыз есепсіз. Сіздерді бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып,  атқарып жатқан жұмыстарыңызға облыс басшылығы атынан алғыс айтамын. Жауапкершілігі мол жұмыстарыңыз әрдайым табысты болсын! Еліміз үшін, мемлекетіміз үшін қызмет ете беріңіздер, деді облыс әкімі.

 

Облыс әкімінің алғысын иеленгендер қатарында республикалық конкурс нәтижесінде «Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметшісі» атағын иеленген Гүлмира Низарова да бар. Бүгінгі таңда облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында қызмет ететін Г.Низарованы облыс әкімі қуанышымен құттықтай отырып, естелік сыйлық ретінде ноутбук сыйлады.

Бұдан өзге 5 мемлекеттік қызметшіге Алғыс хат табыстап, шипажайға жолдама берді.  Облыс әкімінің алғысына ие болғандардың қатарында Ақтөбе қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нәйлә Бөртебаева, Ақтөбе қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Баян Борамбаева, Хромтау ауданы Құдықсай ауылдық округінің әкімі аппаратының бас маманы Айжан Баймешов, облыстық табиғи ресурстар және  табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Елена Лимешкина және Мұғалжар аудандық мәслихатының бас маманы Роза Өтенова бар.

Сонымен қатар мерекелік шара барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Р.Медетов, облыстық мәслихат хатшысы С.Қалдығұлова, мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Ақтөбе облыстық комитеті төрайымы М.Сағындықова мемлекеттік қызмет саласын дамытуға өз үлесін қосқан бірқатар мемлекеттік қызметшілерді Алғыс хаттармен марапаттап, естелік сыйлықтар табыс етті.

Шара барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Расул Медетов «Мансап» Ақтөбе студенттік мемлекеттік қызмет мектебінің 16 түлегіне арнайы сертификаттар табыстап, жастарға сәттілік тіледі.

Сонымен қатар өңір басшысы бірқатар құқық қорғау саласында жүрген қызметкерлерді Қазақстан полициясы күнімен құттықтап, қызмет бабында жоғары нәтижеге қол жеткізіп, еңбегімен көзге түскен мамандарға Алғыс хаттар табыстады.

12 жас полицей Отан алдында адал қызмет етуге ант қабылдады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*