Басты бет » Жаңалықтар » Әскери институт түлектерін ұшырды

Әскери институт түлектерін ұшырды

Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің әскери институты биыл 21-інші рет түлектерін ұшырды. Болашақ 73 маманның қатарында Тәжікстаннан сегіз, Қырғызстаннан үш әскери қызметші бар. Олар ұжымдық қауіпсіздік келісімшартты ұйымдастыру бағдарламасы арқылы білім алды.

Әскери институттың оқу алаңда мерекелік киімдерін киіп, сапқа тұрған жас офицерлерді Әуе Қорғанысы Күштерінің Бас қолбасшысы, авиация генералмайоры Нұрлан Карбенов пен институт бастығы, полковник Әлім Ибраевқарсы алды.

— Құрметті лейтенанттар! Сіздер бүгін иықтарыңыздағы погондарыңызбен мақтана аласыздар! Біздің Қорғаныс күштері офицерлік корпусының ісін одан әрі жалғастыратын ізбасалар ретінде сіздерге үлкен жауапкершілік жүктей отырып, сенім артамыз. Әскери қызметте адамгершілік, парыз, борыш, абырой секілді адами қадір-қасиеттер бірінші орында тұрады, осы қасиеттер өмір жолдарыңызда шешуші роль атқарады. Әскери қызмет, яғни Отанды қорғау кәсібі — нағыз ер- азаматтың таңдауы. Сіздер әрқайсысыңызға жүктелетін міндеттің артында ұлттың қауіпсіздігін, мемлекеттің бүтіндігі мен елдің, жердің тыныштығын сақтаудың жауапкершілігі жатқанын түсінулеріңіз керек. Еліміздің элиталық оқу орындарының бірі, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің әскери институты түлегі,офицері атағына лайықты екендіктеріңізді дәлелдеңіздер! Сіздерге сәт-сапар! — деді Нұрлан Карбенов. Институт түлектерін оқу орны бастығы, полковник Әлім Ибраевта құттықтады:

— Институтқа түсер кезде буыны қатпаған жас бала едіңіздер, төрт жылда ер жігітке тән барлық қасиеттерді бойларыңызға сіңіріп, нағыз азамат боп шықтыңыздар. Осы жерде достар тауып, нағыз жеңіс пен жеңілістің дәмін сезіндіңіздер. Ең бастысы, Қазақстанның Қорғаныс Күштері қатарында қызмет ету үшін сапалы даярлықтан өтіп, офицерлік корпус қатарына қабылдану үшін лайықты білім алдыңыздар. Алдарыңызда үлкен мақсат-міндеттер бар, оны да лайықты орындайтындықтарыңызға мен кәміл сенемін, — деді ол.

Бұдан кейін институттың штаб бастығы Асылбек Сейтенов түлектерге «лейтенант» әскери атағын беру туралы бұйрықты оқыды.

Аталған институтта Қазақстанның Қарулы Күштері Әскери әуе қорғанысы күштері қатарына авиациялық мамандар даярлайды. Оқу мекемесіне 1996 жылы әскери статус берілді. 1998 жылы әскери институт тұңғыш рет офицерлерді үлкен өмірге шығарып салды, бұл салтанатты шараға ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

Бүгінге дейін институт қабырғасында екі мыңнан астам офицер білім алып шықты. Олар қазір еліміздің Әуе қорғанысы күштері, Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара әскерінің авиациялық бөлімдерінде, Ішкі істер министрлігінің және ұлттық гвардия бөлімдері қатарында лайықты еңбек етіп жатыр.

Оқу орнында болашақ офицерлер әскери сала талаптарына үйренді, авиация мамандықтарын игерді. Әскери әуе қорғанысы күштерінің авиациялық бөлімдерінде тәжірибеден өтті. Талдықорған, Шымкент, Қарағанды, Балқаш қалаларындағы әскери даярлықтан өтті.

Түлектерге диплом тапсыру салтанатында жоғары білім туралы төсбелгілер де табыс етілді. Лейтен Дархан Шәукебай үздік дипломға ие болды. Оған үздік дипломды Әуе қорғанысы күштерінің Бас қолбасшысы, авиация генералмайоры Нұрлан Карбенов тапсырды.

— Алға ауданынан келдім. Бала кезден осы салада оқысам деп армандаған едім. Оқуға түстім, төрт жыл көзді ашып-жұмғанша өтіп кетті. Мен диспетчер мамандығын алып шықтым. Енді еліме қызмет етемін, — дейді ол.

Диплом тапсырғаннан кейін түлектерді институттың әскери туымен шығарып салу рәсімі өтті.Салтанатты шара офицерлік вальспен аяқталды.

Айжан ШАУКУЛОВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*