Басты бет » Мереке » Полицейлер кәсіби мерекесін тойлады

Полицейлер кәсіби мерекесін тойлады

Облыстық ішкі істер департаментінде Қазақстан полициясы күніне арналған шара өтті.

Тәртіп сақшылары алдымен ІІД ғимараты алдындағы қызметтік міндетін атқару барысында көз жұмған полиция қызметкерлеріне қойылған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, әріптестерінің рухына тағзым етті.

Одан әрі жалғасқан салтанатты шара барысында Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымовтың бұйрығымен үздік қызметкерлер марапатталды. Ақтөбе облыстық ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Махамбет Әбисатов жеке құрам мен сала ардагерлерін Қазақстан полициясы күнімен құттықтап, қоғамдағы тұрақтылық пен тәртіпті нығайту мақсатында атқарып жатқан еңбектеріне жеміс тіледі.

— Біз бейбіт халықты террористерден, басқа да құқық бұзушылардан қорғау барысында оққа ұшқан жолдастарымызды ұмытпаймыз. 1992 жылдан бері  халыққа берген антына адал болған тоғыз әріптесіміз қызмет барысында қаза болды. Олардың ерлігі әрдайым біздің жадымызда, — деді М.Әбисатов.

ІІД бастығы Ішкі істер министрінің атынан төрт ардагерге «ІІМ-нің құрметті ардагері» төсбелгісін тапсырды. Тағы бірқатар тәртіп сақшысы «Құқық тәртібін қамтамасыз еткені үшін», «ІІБ үздік қызметі үшін» төсбелгілерімен марапатталды.

712 полицейге Алғыс хаттар, грамоталар берілді.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*