Басты бет » Спорт » Маркос Пиззелли 3 гол соғып, сұрмергендер көшін бастады

Маркос Пиззелли 3 гол соғып, сұрмергендер көшін бастады

Премьер-Лига

«Тобыл»-«Ақтөбе» — 2:3

Турнир кестесінде үшінші орында келе жатқан «Тобылдың» басты мақсаты осы тұғырын мығымдай түсу болғаны сөзсіз. Ал «Ақтөбе» ФИФА алып кеткен 6 ұпайдың орнын толтыру қамымен жүргені белгілі.

Міне, сол себепті де Қостанайдың Орталық стадионында өткен ойын алма-кезек шабуылмен басталды. Дегенмен таймның орта тұсына таман ақтөбеліктер ерекше белсенділікке көшті. Әрине, қостанайлықтар да сақалды қолдан бермеуге тырысты. Ақтөбелік футболшылардың соққыларын алаң иелерінің қақпашысы шамасы жеткенше сәтті қайтарып тұрды. Әйтсе де сондай сәттердің бірінде, бірінші таймның соңына таман қостанайлық қорғаушылар ойын тәртібін бұзды да, қақпаның сол қанатынан айып добы белгіленді. Белгіленген нүктеге келген Маркос Пиззеллидің қақпаға қиялай бағыттаған соққысы тура «тоғыздыққа» енді де кетті — 0:1.

Екінші таймды алаң иелері екпінді шабуылдармен бастады. Бірақ ақтөбелік қорғаушыларды біржола тықсыра алмай, тұмсықтары тасқа тие берді. Сөйтіп жүргенде 59-минутта қонақтармен талас үстінде Рейналдо допты шеберлікпен қақшып түсті де, Пиззеллидің алдына тастай салды. Кәнігі мерген допты дереу өз ыңғайына келтіріп алды да, жойқын соққы жасады, Дмитрий Непогодов еш қайран жасай алмады — 0:2.

76-минутта біздің қақпамызға пенальти белгіленіп, оны орындаған Азат Нұрғалиев қателескен жоқ — 1:2.

Ал 82-минутта алаң иелері тәртіп бұзды, Дмитрий Мирошниченко сәтті позицияға жарқырап шыға келген Рейналдоны көзбе-көз оңдырмай шалып құлатты. Қостанайлық қорғаушы жасыл алаңнан қуылып, пенальти белгіленді. Бұл жолы да Маркос Пиззелли нысананы дәл көздеді — 1:3.

Арада екі минут өтер-өтпесте төреші «Ақтөбенің» қақпасына екінші рет күдіктілеу пенальти белгілеп, тағы да Азазт Нұрғалиевтың аты озды — 2:3.

Бұдан соң  алаң иелері ақтөбелік командаға тіс батыра алмады. Ойын осы есеппен аяқталды.

Жеңіс өз алдына ғой, бұл кездесуде «Ақтөбе» өзінің толыққанды тұтас команда екенін танытты. Қорғаныс пен шабуылды шебер қиыстыра білді.

Ал Маркос Пиззелли жеке шеберлігімен риза етті. Үш гол соққан ол 9 доппен сұрмергендер көшін бастады.

«Тобыл»-«Ақтөбе» — 2:3

Гол авторлары: Маркос Пиззелли, 42-минут (0:1); Маркос Пиззелли, 59-минут (0:2); Азат Нұрғалиев, пенальти, 76-минут (1:2); Маркос Пизелли, пенальти, 82-минут (1:3); Азат Нұрғалиев, пенальти, 85-минут (2:3) .

Ескерту қағазын алғандар: Джаба Канкава, 17-минут; Ванче Шиков, 41-минут; Бауыржан Тұрысбек, 55-минут; Азат Нұрғалиев, 63-минут («Тобыл») — Маркос Пиззелли, 44-минут; Саша Марьянович, 65-минут («Ақтөбе»).

81-минутта ойын тәртібін өрескел бұзғаны үшін Дмитрий Мирошниченко («Тобыл») жасыл алаңнан қуылды.

«Тобыл»: Дмитро Непогодов, Фернандер Кассай, Виктор Дмитренко, Дмитрий Мирошниченко, Ванче Шиков (Тимур Жақыпов, 46-минут), Джаба Канкава, Артурас Жулпа, Азат Нұрғалиев (капитан), Максим Федин, Таңат Нөсербаев, Бауыржан Тұрысбек (Жасұлан Молдақараев, 59-минут).

«Ақтөбе»: Рамиль Нұрмұхаметов, Бағдат Қайыров, Виталий Волков, Александр Симчевич (капитан), Милан Радин, Саша Марьянович (Антон Шурыгин, 85-минут), Хрвое Милишевич, Руслан Валиуллин, Жамбыл Көкеев (Асланбек Кәкімов, 90+5 минут), Силва Рейналдо (Абат Айымбетов, 90-минут), Маркос Пиззелли.

 23 маусым 2018 жыл. Қостанай, Орталық стадион, 2500 адам.

*   *   *

Басқа ойындардың нәтижелері:

«Қайрат»-«Астана» — 1:2

«Ертіс»-«Қайсар» — 0:1

«Шахтер»-«Атырау» — 3:0

«Жетісу»-«Қызылжар СК» — 2:1

«Ордабасы»-«Ақжайық» — 2:1

*   *   *

 

15-турдан соң 43 ұпаймен «Астана», 35 ұпаймен «Қайрат», 28 ұпаймен «Тобыл» көш бастап келеді. Дегенмен астаналықтардың екі ойыны артық.

4-5 орында 22 ұпайы бар «Ордабасы» мен 18 ұпайы бар «Жетісу» тұр.

17 ұпайдан жинаған «Ертіс» пен «Ақжайық» 6-7 орындарға жайғасты.

8-9 орын иелері — 16 ұпайдан жинаған «Шахтер» мен «Қайсар».

10-11 орындағы «Ақтөбе» мен «Қызылжар СК» 14 ұпайдан жинады.

Соңғы, 12-орында 11 ұпайы бар «Атырау» тұр.

*   *   *

16-турдың ойындары 30 маусым-1 шілде, сенбі-жексенбі  күндері өтеді.

1 шілде күні «Ақтөбе» өз алаңымызда Қарағандының «Шахтер» командасын қабылдайды.

22 сәуірде өткен бірінші ойында кеншілер командасымен тең ойнаған болатынбыз (1:1).

Басқа кездесулер:

30 маусым, сенбі 
«Астана» (Астана) — «Ордабасы» (Шымкент)

1 шілде, жексенбі
«Ертіс» (Павлодар) — «Жетісу» (Талдықорған)
«Қайсар» (Қызылорда) — «Қайрат» (Алматы)
«Ақжайық» (Орал) — «Тобыл» (Қостанай)

«Атырау» (Атырау) — «Қызылжар СК» (Петропавл)

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*