Басты бет » Әлеумет » Ырыс басы — ынтымақ

Ырыс басы — ынтымақ

Ілгеріректе халқымыздың атақты жазушысы Әбіш Кекілбаевтың Сирияға барған сапарынан жазған тамаша естелігін оқып, сүттей ұйыған елдің тірлігіне кәдімгідей сүйсінген едім. Терең тарихты елдің өткені мен сол тұстағы тіршілігін қаламгер мөлдіретіп суреттеген болатын. Иланым, сенімі  әртүрлі болғанмен, түрлі ұлттың өкілдері, әсіресе мұсылман жолын ұстанған халықтың  татулығында селкем жоқ еді. Соның арқасында елдің дамыған экономикасы мен мәдениеті, тереңде жатқан тарихы әлемнің түкпір-түкпірінен өзіне жыл сайын сан мыңдаған туристерді тартады екен.

Ал қазір осыны көзге елестетудің, бір кезде Сирия сондай ел болып еді деп айтудың өзі қиын. Билікке таластан, халқын бір-біріне қарсы қойып дүрдараз етуден ұрыс шығып, ол соғысқа ұласып, бір кездегі өркендеген ел азып-тозған жағдайға жетті. Жақ-жақ болған берекесіз соғыстан қирамаған қала жоқ. Халық босқыншылыққа ұшырады. Бітіспес жанжал әлі жалғасып жатыр.

Кешегі кеңестік заманда, тіпті осы бес-алты жылдықта өзіміз көрген Украинаның бүгінгі тірлігін еске алсаң, жүрегің шошиды. Тәуелсіздік алып, біртұтас мемлекет болудың жолына түскен ел, екіге, үшке бөлініп, қырғи-қабақ, бір-біріне жау болып отыр.

Біз әңгімелеп отырған екі елдің де мұндай жағдайға ұшырауына мәселені көше тобыры арқылы шешуге әуестенуі, халықты көшеге заңсыз митингіге шақыруы себеп болды. Демократияны заңнан тыс  алып қараудың ақыры осыған жеткізді.

Осыларды көріп отырып, біз бақыттың ынтымақты елде екенін, біздегі бар жақсылықтың тыныштықтың, халқымыздың бірлігінің арқасында орнағанын бір сәт те естен шығармауымыз керек. Еліміздің Бас прокуратурасының заңды сақтауға шақырған Үндеуінде де осы мәселелер ескертілген. Халық жұртшылықты митингіге шақырған әлдекімдердің арандатушылық әрекеттеріне ұрынып қалмауы керек. Үндеу қоғамның әр азаматына үлкен міндет, заң алдында жауапкершілік жүктейді.

 Базарбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

тарих ғылымдарының кандидаты.           

Ақтөбе қаласы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*