Басты бет » Әлеумет » Тыныштық пен тұрақтылық — басты құндылық

Тыныштық пен тұрақтылық — басты құндылық

Қазір барлық адамзат баласының тілегені — бейбітшілік пен тыныштық, ауызбіршілік пен ынтымақтастық. Себебі мемлекетіміздің болашағы, онда өмір сүріп жатқан әрбір ұрпақтың келешегі осындай ұлы ұғымдарға тікелей байланысты. «Бірлік бар жерде тірлік бар». Ауызбіршілігі жоқ елде ешуақытта береке мен ынтымақ орнамайды, нәтижелі көрсеткіш те, көрініс те болмайды. «Бақыт, қайда барасың?», — дейтін аңыз бар ғой. Сонда Бақыт: «Ынтымақты үйге барамын, бейбіт елге барамын» деген екен. «Ынтымағы жарасқан бейбіт елдің — болашағы жарқын», — деген Елбасы сөзі еліміздегі тұрақтылық пен бейбіт өмірдің айқын дәлелі екені сөзсіз.

Біз тәуелсіздігіміздің 27 жылында жеткен жетістігімізді ғасырлар бойы жалғастыруға мүмкіншілігі бар елміз. Бүгінде экономика қарышты дамып, әлеуметтік мәселелер шешімін тауып, халықтың өмір сүру деңгейі өсіп жатыр. Енді бізге не керек? Бізге керегі — ел болып осы игілікті істерді әрмен қарай жалғастыруымыз қажет. Жақында Президент тағы да бір облысты ашу туралы Жарлыққа қол қойды. Міне, осының барлығы — елдегі ауызбіршіліктің нәтижесі, экономикамыздың өскендігінің белгісі.  Алайда бүгінгі қоғамда біздің осындай жетістігімізді көрмейтін, іші тар, болашағын меңземейтін, әртүрлі ағымдар мен кертартпа әдістерді қолданатындардың бар екенін біз білеміз. Осы тұрғыда кезінде пысықайлардың бірі болған Мұхтар Әбілязовтің еліне қарсы шығуын  азаматтық тұрғыдан да нағыз азғындық деп бағалаймын. Сайдың арғы бетінде жатып, бізге ақыл үйретеді. Егер батыр болса, еліне, жеріне келіп үйретсін. Әбілязовтің әрекеті — халқына жаны ашымағандық, елінің болашағын көре алмаушылық. Мұны мен бұл азаматтың Қазақстанның жеткен жетістігіне өзінің пасық ойлы іс-әдістерімен қарсы тұруы деп бағалаймын. Мәселен, тәжірибе жүзінде біз көршілеріміздің жағдайын көріп отырмыз. Кезінде одақтас республикалардың құрамында болғандардың бірқатарының тоз-тозы шықты. Ондай елдердің әлемдік аренадағы беделі мен әлеуметтік мәселелері, құрылымдағы деңгейлерінің қандай екені бізге белгілі. Кешегі кеңестік заманда Ресей Федерациясынан кейінгі екінші мемлекет болған Украинаның жағдайы не болды? Бейбіт халқы қырғынға ұшырап, қалғаны азып-тозып, босып кетті.  Осындай жағдайларды көріп отырып, біз елдегі қоғамдық келісімді одан әрі бекітіп, ұлттық тұтастықты нығайтуымыз керек. Сирияның халқы кімнен кем болды? Сирия — кешегі замандарда бүкіл араб, Жерорта теңізі маңайына шоғырланған мемлекеттердің ішіндегі ең байлығы тасыған елдің бірі болды. Ал бүгінгі күні халқы босып, дүниежүзінің әрбір түкпірінде жүр. Мұның барлығы елдегі бүлік пен іріткіден, дін саласындағы тәртіпсіздіктер мен алауыздықтан туған жағдай.

Сондықтан қазақ қоғамындағы барлық азаматтар елдегі тыныштық пен тұрақтылықтың басты құндылық екенін түсінуі қажет.

Келдібай ЕСПАҒАНБЕТОВ,

ҚР «Бейбітшілік және келісім» кеңесі облыстық филиалының төрағасы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*