Басты бет » Жаңалықтар » Жаңа заңды Ұлттық экономика вице-министрі түсіндірді

Жаңа заңды Ұлттық экономика вице-министрі түсіндірді

Кеше «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғариннің төрағалық етуімен «Кәсіпкерлік қызметтің мемлекеттік реттелуін жетілдіру» деген тақырыпта жиын өтті. Отырысқа атқарушы органдардың өкілдері, прокуратура қызметкерлері, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен бірнеше өңірдің бизнес-қауымдастықтың мамандары қатысты.

Жуырда ғана Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын түсіндіруді мақсат еткен аталған министрліктегілер жиынды кластерлік семинар түрінде өткізді. Оған Ақтөбеден бөлек, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарынан келген делегаттар да шақырылды. Кәсіпкерлік ортаны бұдан да биік белеске көтеру, оны жақсартуға көзделген құжатта бас-аяғы 14 кодекс пен 109 заңға 1000-ға жуық түзету енгізілген.

— Елбасымыз көпшіліктің алдында өте маңызды Заңға қол қойғаны белгілі. Бұл оқиғаның Қазақстанның тарихында алатын орны айрықша. Онда біраз өзгерістер де бар. Сондықтан жаңартылған құжаттың маңызды тұстарын түсіндіру үшін өңірлерге шығуға тапсырма алдық. Осы мақсатта Ақтөбеге келіп қалдық. Сұрақтарыңыз туындап, кейбір өзгерістерді кеңінен түсінбеген болсаңыздар, бізге қоюға мүмкіндігіңіз бар, — деді ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин.

Одан соң сөз алған жоғарыда аталған министрлікке қарасты кәсіпкерлікті дамыту департаменті директорының орынбасары Асланбек Жақыпов Заңның жай-жапсарына кеңінен тоқталды. Атап айтсақ, Заң бизнестің шығындарын алдын ала төмендетіп, «Doing Business» рейтингісінде Қазақстанның ұстанымын жақсарту жөніндегі шараларды қарастырады.

Заң жобасын қабылдау нәтижесінде мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесі тұжырымдамалық түрде өзгереді. Айталық, алдын ала бақылау институты енгізілетін болады. Оның қолданыстағы тексеру жүйесінен ерекшелігі — құқықбұзушылықты әкімшілік іс қозғаусыз алдын алу және ескерту. Ал алдын ала бақылаудың негізгі міндеті — бақылау субъектісінің заңсыз әрекеттерінің себептері мен жағдайларын анықтау, құқықбұзушылықтың  салдарын түсіндіру және бақылау үстіндегі субъектінің мінез-құлқының заңға қайшы болмау қажеттілігін қамтамасыз ету. Алайда алдын ала бақылау және қадағалау нәтижелерінің негізінде өрескел бұзушылық анықталған жағдайда, мемлекеттік орган профилактикалық бақылау кезінде анықталған құқықбұзушылықтарды қайта қарау үшін жоспардан тыс тексеру жүргізу құқығын сақтайтынын айта кету керек.

Мұнымен бірге, жиында Елбасымен «Doing Business» рейтингісінде алғашқы 30 елдің қатарына кіруге қойылған мақсатқа жету үшін Үкімет елдегі іскерлік ахуалды жақсарту және Дүниежүзілік Банктің «Doing Business»  рейтингісінде Қазақстанның беделін одан сайын көтеру жайына қатысты атқарылып жатқан жұмыстар баян етілді. Осы орайда, Бүкіләлемдік банктің «Doing Business 2018» тақырыбындағы есебінің қорытындысына сәйкес, Қазақстан 190 ел арасында 36-шы орынға ие болды.

Заң жобасымен бизнес саласындағы жағдайды жақсарту үшін бірқатар реформаларды жүргізу көзделіп отыр. Айналып келгенде аталған жаңашылдықтар Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингісінің 8 көрсеткішіне оң әсер етеді деп жоспарланып отыр. Олар — «Кәсіпорындардың ашылуы», «Келісімшарттардың орындалуын қамтамасыз ету», «Құрылыс салу үшін рұқсат алу», «Электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу», «Миноритарлық  инвесторларды қорғау», «Төлем қабілетсіздігін шешу», «Несие алу», «Мүлікті тіркеу».

Отырысқа қатысушылар әңгіме арасында кейіннен жер телімін және құқықтық кадастрды біріктіру мақсатында жылжымайтын мүлікке қатысты құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу функцияларын Әділет министрлігінен «Азаматтардың Үкіметі» мемлекеттік корпорациясына беру ұсынылатыны турасында айтты. Өйткені Заң ең бірінші кезекте бизнестің өндірістік емес шығындарын азайтуға, ресурстарды үнемдеуге, еңбек өнімділігін арттыруға  және іскерлік ахуалды жақсартуға бағытталған.

Жиын соңында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын жолдады.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*