Басты бет » Әлеумет » Төрт күн: 3858 адам және 72 шара

Төрт күн: 3858 адам және 72 шара

Облыста қайта жалғасын тапқан «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасын жүзеге асырушы ақпараттық топ мүшелері өз жұмысын Ақтөбе қаласынан бастады.

Жоба аясында дін істері, білім, мәдениет және спорт басқармаларының, «Аңсар» орталығы мен Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы өкілдігінің қызметкерлерінен құралған топ мүшелері, яғни барлығы 31 маман бүгінгі күні халыққа түсіндіру-насихаттау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Аңсар» орталығының өкілдері мен республикалық және жергілікті діни  басқармалардың қызметкерлері жамағатқа тақырыптық сабақтар өткізді. Сондай-ақ облыстық  терроризмге қарсы күрес комиссиясы жұмысын үйлестіру бөлімі мен әйел теологтар бірлесе отыра, Ақтөбе қалалық мешітінде білім, жұмыспен қамту, кәсіпкерлік және денсаулық сақтау басқармаларының өкілдерінің қатысуымен әйел жамағатына арналған әлеуметтік мәселелер турасында сұхбат ұйымдастырылды.

«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында спорт, мәдениет және дін істері басқармаларының өкілдері бірлесіп, жергілікті жаттықтырушылар мен мәдениет саласының қызметкерлерімен кездесу де ұйымдастырыпты. Олармен кездесудегі мақсат — спортшылар арасында жат діни ағым мүшелері санының көбеюінің алдын алу.

Облыстық ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері Елек, Сазды жергілікті полиция бөлімдерінің, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен, Ақтөбе қаласындағы №31, №40 мектептердің, автожол колледжінің ұстаздарымен, ата-аналармен, сондай-ақ Ақтөбе ферроқорытпа зауытының жұмысшыларымен кездесулер өткізіп, дін саласындағы мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жоба шеңберінде Т.Ахтанов атындағы драма театрда «Үлкен сұрақ» спектаклі сахналанып, Сазды, Қурайлы ауылдары тұрғындарына арналған концерттік бағдарламалар да ұйымдастырылды.

Облыстық дін істері басқармасы мамандарының айтуынша, Ақтөбе қаласындағы «Нұрдәулет», «Бақытжан», «Досжан Хазірет», «Нұр Ғасыр», «Сүлеймен ата» мешіттерінде құптан намазының алдында жамағатқа уағыз айтылып, қызметкерлеріне әдістемелік көмек көрсетілді.

Сонымен қатар жобаны іске асыру барысында тақырыптық видеороликтер мен фильмдер көрсетіліп, тұрғындарға жадынамалар үлестірілген. Мамандардың айтуынша, әлеуметтік желілерде жиырмадан астам ақпараттық материал жарияланыпты.

Жобаны жүзеге асырудың төрт күндік қорытындысы бойынша 3858 адамды қамтыған 72 шара ұйымдастырылған.

Арайлым НҰРБАЕВА.

ТҮЛЕКТЕР МЕН ТІЛЕКТЕР

«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасын жүзеге асыруға байланысты кеше С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Астана —жарқын болашақтың кепілі» тақырыбында іс-шара өтті. Ол елордамыздың жиырма жылдығына арналды.

Бұл жолы оқырмандар мен кітапхана  қызметкерлері Астана қаласының құрдастарымен кездесті. Олар С.Бәйішев атындағы колледждің түлектері болатын. Бұған дейін оқу бітіріп, қазір Атырау облысының Құлсарыдағы мұнай компаниясында жұмыс істеп жүрген Мағжан Қонысбаев және биылғы түлектері Ақжол Сидалы мен Сәдуақас Дәурен еліміздің тірегі — Астана қаласымен құрдас өсіп келе жатқандарын мақтаныш ететіндіктерін  әсерлі баяндады. Жиналғандарға Елордамыздың сыртқы келбетінен алған әсерлерін, оның қауіпсіздігі, нығаюы жолындағы ойларын айтып берді. Көпшілікті өмірбаян деректерінен хабардар етіп, болашақтағы арман-тілектерін айтты. Мағжан мамандығына сай өндірісте жұмыс жасап жүр. Ал Ақжол Сидалы мен Сәдуақас  Дәурен колледжден кейін жоғары оқу орнына түспек. Қазір құжаттарын әзірлеуде. Армандары — сәулетші болып, Астанадағыдай әсем құрылыстар тұрғызу.

Бұлардың бәрі де аталған кітапхананың тұрақты оқырмандары. Сондықтан осы кездесуді жүргізген кітапхананың оқу залының меңгерушісі Гүлмайрам Алтаева мен кітапханашы Гүлзада Бейісова оларды оқырмандарға жан-жақты таныстырып, олардың кітапқа деген қызығушылығы, өнерпаздығы, диплом жұмысын жазған кездегі  ізденістері туралы әсерлі айтып берді.

Жасампаз қаламыз Астана сынды оның  құрдастары да осы жылдарда өсіп шыңдалды. Үшеуі де жан-жақты өнерпаз, тамаша сурет салады,  ән айтады. Осы кездесу үстінде үшеуі қосылып, белгілі ақын Ертай Ашықбаевтың өлеңіне жазылған сазгер Қанат Айтбаевтың «Астана вальсін» шырқады. Екі жастың сәулетші болуға деген талпыныстары ерте басталған сияқты. Осы кездесуге алып келген, «ЭКСПО-2017» көрмесін бейнелеген макеттерінен бұл анық аңғарылғандай.

Әрине, бұл күні кездесуге қатысқандар тек әсем қаламыздың құрдастарымен кездесіп қана қойған жоқ, кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын баяндайтын, Астана туралы жасақталған  кітап көрмесімен танысты. Қаланың тарихын еске түсіретін шежірелі бейнекөріністерді  қарады.

 А.ҚАЗЕКЕНОВ.

ТРЕНИНГ ӨТКІЗІЛДІ

Жол саласында халықтың қауіпсіздігі бүгінгі таңда аса өзекті сипат алды. Сондықтан да «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасын жүзеге асыруға байланысты ақпараттық-түсіндіру тобы Ақтөбе теміржол вокзалында, қаладағы автожол колледжінде жұртшылықпен кездескен кезде бұл мәселелер де сөз болмай қалмады.

Осы саланың мамандарын даярлайтын Ақтөбе автожол колледжі директорының тәрбие жөніндегі орынбасары  Болат Алтаев ақпараттық-түсіндіру тобымен болған кездесу туралы айтып берді.

— Бізде басында «Зайырлылық — қоғам дамуының кепілі» деген тақырыпта студенттермен семинар-тренинг өткізу жоспарланған еді. Алайда қазіргі кезде колледж тәрбиеленушілерінің демалыста болуына байланысты, кездесу колледж ұстаздарымен, ғимараттың жөндеу жұмыстарына қалған студенттермен болды. Ақпараттық топ мүшесі теолог Майдан Байбатыров  бір сағат дәріс оқып, дінге байланысты заңға енгізілген өзгерістерге тоқталды. Кездесуге қатысушылар теологке көптеген сауалдар қойып, дін жөніндегі мағлұматтарын толықтырды.

Сондай-ақ ақпараттық топ құрамындағы педагог-психологтар Айдана Саркенаева мен Мөлдір Бекмағамбетованың жастармен, мұғалімдермен жүргізген тренинг, психологиялық ойындары қызықты өтті, — дейді колледж директорының тәрбие жөніндегі орынбасары.

 А.ШҰҒАЕВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*