Басты бет » Жаңалықтар » Полиция қызметінің тиімділігі артады

Полиция қызметінің тиімділігі артады

Ақтөбеде құқықбұзушылық пен жемқорлықтың алдын алу бағытында қандай шаралар атқарылып жатыр? Жергілікті полиция қызметіне халық қандай баға береді? Қондырылған бейнебақылау камералары қылмыс ашуда қаншалықты пайдалы? Депутаттарды толғандырған осы және өзге де сұрақтар «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында өткен кезекті фракция отырысында талқыланған басты мәселелердің бірі болды.

Фракция жетекшісі Амангелді Есіркепов жүргізген отырысқа фракция мүшелерінен өзге, құқық қорғау органдарының өкілдері, партия филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелері қатысып, облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметінің 5 айда атқарылған жұмысының есебі тыңдалды.
Облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметі басшысының міндетін атқарушы Жанна Макаревичтің айтуынша, жыл басталғалы өңірде көшедегі қылмыс 10 пайызға, оның ішінде бұзақылық 7 пайызға азайған. Жол-көлік апаттары да өткен жылмен салыстырғанда 8 пайызға төмен. Дегенмен, апат салдарынан қайтыс болғандар саны өткен жылғымен салыстырғанда 1 адамға көбейіп, 22 адамды құрап отыр. Оның төртеуі — бала.
— Жол апаттары әдетте жүргізушінің жылдамдықты сақтамауынан, қарсы беттегі жолаққа шығып кетуінен болып жатады. Жалпы жолдағы қозғалыс полицейлердің жіті бақылауында, — деді Жанна Мака-
ревич.
Бүгінде Ақтөбеде қала көшелеріндегі қоғамдық тәртіпті бақылап отыратын 235 бейнекамера орнатылған. Тағы 260 бейнекамера орнату жоспарда бар.
— Қаладағы барлық бейнекамералар жұмыс жасап тұр. Олардың қызметі біздің басты назарымызда. Бейнебақылау
арқылы жыл басталғалы 78 қылмыстық істің беті ашылып, 10 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. «Қауіпсіз аула» бағдарламасы аясында тағы да 260 бейнекамера орнату жоспарда бар. Әзірге бағдарлама аясында биыл көшелерге жылдамдық өлшейтін 11 құрал мен 130 бейнекамера орнату үшін қаражат бөлінді, — деді Ж.Макаревич.
Бұдан өзге фракция отырысында облыстық ішкі істер департаментінің жеке қауіпсіздігі басқармасы бастығының орынбасары, полиция капитаны Асхат Әскербеков пен ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты бастығының орынбасары Дастан Дәулетяров баяндама жасады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*