Басты бет » Жаңалықтар » Кешенді тексеріс: 335 дерек тіркелді

Кешенді тексеріс: 335 дерек тіркелді

Облыстағы ірі кәсіпорындарды кешенді тексеру олардың өндірістік жүктемесін реттеуге септігін тигізеді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың инвестициялық климатты жақсарту, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау және өнеркәсіптік кәсіпорындарға қолдау көрсету мақсатында тексерулерді кешенді жүргізу тапсырмасының қолайлылығын кәсіпкерлер растап отыр.«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ ғимаратында облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің төрағалығымен бірінші жартыжылдықта жасалған жұмыстар қорытындыланып, екінші жартыжылдыққа жоспар жасалған көшпелі кеңес өткізілді. Оған облыстың ірі өнеркәсіп кәсіпорындары, сондай-ақ мемлекеттік органдар өкілдері қатысты.   

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің айтуынша, мұндай кешенді тексерулер 2017 жылдан бері жүргізіліп келеді. Кешенді тексеру кезінде кәсіпорындарда еңбек заңдылығының сақталуы, жұмысшыларға жасалған жағдай, олардың денсаулығын сақтау шаралары, төтенше жағдайдың алдын алу, өндірістік қауіпсіздікбағыттарындағы жұмыстарға сараптама жасалады.

Жиын барысында облыстық индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік, қоғамдық денсаулықты сақтау,төтенше жағдайлар департаменттері, еңбек инспекциясы, атом және энергетикалық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық департаменті өкілдері жүргізілген кешенді тексерулердің қорытындысы жария етілді.

Облыстық индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті алғашқы жартыжылдықта 20 тексеру жүргізген.

— Жоспарлы жұмыс барысында 221 мекемеде тексеру жүргізіліп, өнеркәсіптік қауіпсіздік ережелерін бұзу туралы 335 дерек тіркелді. Анықталған кемшіліктерге байланысты заңды тұлғаларға жалпы сомасы3 884 075 теңге 30 айыппұл салынды.3 583 450 теңге көлеміндегі 26 айыппұл өндірілді. Қауіпті техникалық құрылғыларда, жабдықтарда өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасын уақтылы жасамау, мерзімі өтіп кеткен жабдықтармен жұмыс істеу, техникалық құрылғыларды уақтылы техникалық тексеруден өткізбеу, қауіпсіздік, блоктау және автоматика құралдарының дұрыс жұмыс істемеуі секілді кемшіліктер жиі кездеседі. Жыл басынан бері департамент тарапынан облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына 3 шағым берілді, — дейді аталған департамент басшысының орынбасары Бауыржан Бекеев.

Б.Бекеевтің айтуынша, жылдың екінші жартысында департамент қауіптілігі жоғары кәсіпорындардағы өнеркәсіптік қауіпсіздікті сараптау мақсатында ерекше тәртіп бойынша 30 тексеру жүргізуді жоспарлап отыр.

Жиында облыс әкімдігінің бастамасына қатысты «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Қазахойл-Ақтөбе» ЖШС басшылары пікірін білдірді.

Жиынды қорытындылаған Қайрат Бекенов облыстағы инвестициялық климатты дамыту, әкімшілік кедергілерді азайту бағытында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды. Және бұл қолдаулардың қайтарымы ретінде кәсіпорын басшыларына жұмысшылардың жағдайын жасауға бұрынғыдан да баса көңіл бөлу қажеттігін тапсырды. Кездесу соңында екінші жартыжылдыққа бекітілген бірлескен тексеріс жоспары жарияланып, мемлекеттік органдар басшыларына облыс әкімі Б.Сапарбаев бекіткен кестеге сәйкес тексеріс жоспарын әрі қарай іске асыру тапсырылды. 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*