Басты бет » «Бақытты бала» » Алақай, демалыс!

Алақай, демалыс!

Балалар үшін ең қызықты мезгіл — жаз маусымы. Үш ай демалыста балалар алаңсыз асыр салып ойнап, бір жасап қалады. Олардың дені өздері оқитын мектеп жанындағы лагерьлерге барса, бірқатары облыс, республика көлеміндегі лагерьлерде демалады.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың үстіміздегі жылды Балалар жылы деп жариялап, «Бақытты бала» жобасын қолға алуы лагерьлердің биыл ерекше жұмыс істеуіне тың серпін беріп отыр.

Жазғы лагерь көңілді

Облыстық білім басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, биылғы жылы облыс бойынша 118 мың бала жазғы демалысын лагерьде өткізеді. Атап айтсақ, 11 405 бала қала сыртындағы лагерьлерде, 56 281 оқушы мектеп жанындағы 293 лагерьде, 17 486 бала  шатырлы 166 лагерьде демалады. Сондай-ақ биыл ата-аналар есебінен 33 084 оқушы және еңбекпен 48 975 оқушы қамтылады.

Биылғы жылы жазғы лагерьлерді ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен 282 млн теңге қаражат бөлінген. Қазіргі таңда қала мектептері жанындағы лагерьлер қарқынды жұмыс жасауда.

Солардың бірі — Ақтөбе қаласындағы Ғ.Ақтаев атындағы №6 орта мектептің жанынан ашылған «Жауқазын» демалыс-сауықтыру лагері. Қазір бұл лагерьде 50 бала демалып жатыр.

Мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлзия Алдиярованың айтуынша, биыл мектеп жанындағы лагерь бір ауысымда ғана жұмыс жасайды. Себебі  мектеп ғимаратында жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Дегенмен биыл мектеп жанындағы ойын алаңында үш ауысымда 150 балаға әртүрлі ойындар мен қызықты іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ 25 балаға маусым-шілде айларында қала сыртындағы лагерьлерге барып демалуға жолдама берілмек.

«Жауқазын» демалыс-сауықтыру лагерінде демалушылардың бірі — 4-сынып оқушысы Айдана Мұратова. Оқуда озат, өнерлі, жан-жақты қыз биыл төртінші жыл жазғы демалысын лагерьде өткізіп жатыр.

  • Маған лагерь өте ұнайды. Осы жерде өзіме жаңа достар тауып, уақытымды қызықты өткізіп жатырмын. Бұл жерде спорттық, сауықтыру шаралары өткізіліп, әртүрлі психологиялық тренингтер жүргізіледі. Демалушыларға рухани тәрбие беру мақсатында кинотеатрға, облыстық драма театрына, кітапханаларға, планетарийге, «Алақай» қуыршақ театрына серуендер ұйымдастырылады. Сондай-ақ өнерлі оқушыларға әртүрлі байқаулар, жарыстар өткізіледі. Жалпы мен ән айтып, би билегенді ұнатамын, — дейді ол.

Айдана — отбасында алты баланың бірі. Сондықтан ол көпшіл, өзгелермен тез тіл табысады. Қатарластарының арасында алғыр, пысық қаршадай қыз бұған дейін де лагерьде өз белсенділігімен көзге түскен.

  • Лагерь — балалардың достасатын, уақытын қызықты, көңілді өткізетін алаң. Бұл жерде біз ойын ойнап, өз-өзімізді дамытып, жан-жақты болуға тырысамыз. Бұл жерде балаларға барлық жағдай жасалған. Қазір бірінші ауысымның аяқталуына аз қалды. Сондықтан барлық бала асыр салып, алаңсыз ойнап, тәрбиелік іс-шараларға белсене қатысуда, — дейді Айдана.

Аружан «Достықта» демалып жатыр

Биыл қала сыртындағы лагерьлер өз жұмысын маусым айынан бастады. Бүгінде облыс бойынша 11 қала сыртындағы лагерь (3-еуі мемлекеттік, 8-і жеке) жұмыс жасауда. Аталған лагерьлерде биылғы жылы 11 мыңнан астам оқушы демалады.

Сондай-ақ биылғы жылдың 1 қыркүйегінде «Әсем» лагерінің базасында 300 орындық мектеп және оқушыларға арналған жабдықталған жатын корпусы пайдалануға берілмек. Қобда ауданы Егіндібұлақ елді мекенінде жыл бойы жұмыс жасайтын лагерь құрылысына дайындық жұмыстары жүргізілуде.

  • Биыл жазғы демалыс уақытында 48 мың оқушы абаттандыру бригадаларына, жөндеу-құрылыс жұмыстарына, 24 мың оқушы қызығушылығына сәйкес үйірмелерге, 17 мың оқушыны шатырлы лагерьлерге жіберу жоспарланған. Сондай-ақ 5 мың баланы дебаттық кездесулерге, жазғы мектеп белсенділерінің, «Жас ұлан» мүшелерінің қатарына тарту, ал 9 мың баланы тілдік алаңдарға тарту жоспарланып отыр, — дейді облыстық білім басқармасы қосымша білім беру және тәрбие бөлімінің басшысы Шарипа Шакирова.

Қала сыртындағы «Достық» лагері биыл өз жұмысын маусым айынан бастады. Биыл бірінші ауысымда мұнда 168 бала демалса, екінші ауысымда 180 бала демалып жатыр. Ақтөбе қалалық жас туристер станциясының директоры Алена Бекбергенованың айтуынша, биыл «Достық» лагері 4 ауысымда жұмыс жасайды. Сондай-ақ биыл лагерь жанындағы «Батыр» шатырлы лагерінде балалар үш ауысым бойы демалады.

  • Лагерьде балаларға барлық жағдай жасалған. Демалушылар мұнда бес мезгіл тамақтанады, бассейнге түседі, 12 күн бойы әртүрлі тақырыпта ұйымдастырылған іс-шараларға қатысады. Лагерьде балаларға спорттық-туризм бағытында үйірмелер ұйымдастырылып, олар жол кедергілерден өтуді, шатыр құру, жинауды үйренеді, серуендерге, саяхаттарға шығады, — дейді А.Бекбергенова.

«Достық» лагерінде жазғы демалысын өткізіп жатқандардың бірі — Ақтөбе қаласындағы №50 орта мектептің 7-сынып оқушысы Аружан Отарбаева.

— Лагерьге келіп, жаңа достар тауып жатырмын. Мұнда балаларға барлық жағдай жасалған. Көңілді кештер, серуендер, экскурсиялар ұйымдастырылып, әртүрлі іс-шаралар өткізілуде. Маған жазғы лагерь ұнайды. Ең бастысы, бұл жерде барлық бала бақытты, — дейді ол.

«Жазда атамның ауылына…»

Жазда ауылға барып демалғанға не жетсін?! Суға шомылып, тауға шығып,

асық атып, тайға мініп, ата-әжеңнің қасында болғанға ештеңе жетпейді. Алайда бүгінгі күні қалада өскен балалар ауылға көп бармайды. Ауылдың шаңы мен топырағын, жусаны мен жапырағын аңсайтындар аз.

Ақтөбе қаласындағы №8 орта мектептің 7-сынып оқушысы Шынар Сейітжан жыл сайын жазғы демалыста нағашы ата-әжесінің ауылына барады. Әйтеке би ауданының Комсомол селосында тұратын оның ата-әжесі Әлқуаныш, Ақзира Елеусіновтер немерелерін жазғы демалыста ерекше қуанышпен қарсы алады.

  • Оқу жылы аяқталған соң жыл сайын ауылға ата-әжеме барып демаламын. Олар өте керемет жандар, мені еркелетіп, барлығын аузыма тосады. Сондай-ақ ауылда

жақын құрбыларым Жаннұр мен Алтыншашпен бірге ойнап, уақытымызды көңілді өткіземіз. Таңертең тұрып ата-әжеме, аға-жеңгеме үй шаруасына көмектесемін. Бір көшеде тұратын балалар кешқұрым барлығымыз жиналып, доп теуіп, әртүрлі ойындар ойнаймыз. Жазғы демалысты ауылда өткізген маған ұнайды. Мұнда емін-еркін, таза ауада тыныстап, жүгіріп, серуендеймін. Биыл да жаңа оқу жылына дейін демалысты осында өткіземін, — дейді Шынар.

Жазғы каникулды ауылда өткізетіндердің бірі — Архат Сағитжан. Ол жыл сайын Қызылорда облысы Қазалы ауданында тұратын әжесіне қыдырып барады. Ауылдағы достарымен ойнап, суға шомылады. Ағаларына бау-бақшаны күтіп-баптау жұмыстарына көмектеседі.

— Біздегідей емес, ол жақта қауын-қарбыз, жеміс-жидек ерте піседі. Бағасы да арзан. Сондықтан жазғы каникулда қауын-қарбызға бір тоямыз. Ауылда болған көңілді ғой, — дейді Архат (күліп).
Р.S. Балалар үшін жазғы демалыстың маңызы ерекше. Сондықтан оларға қызықты, тиімді демалыс ұйымдастыру — басты міндеттердің бірі. Биыл «Бақытты бала» жобасы аясында облыстағы барлық балаға айрықша көңіл бөлінуде. Ең бастысы, балаларымыз бақытты болсын!

Данагүл ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*