Басты бет » Басты жаңалықтар » «Арайлы Ақтөбеден — айбынды Астанаға!»

«Арайлы Ақтөбеден — айбынды Астанаға!»

 «Ақтөбе Медиа» ЖШС автоэкспедициясы жолға шықты

Астананың 20 жылдығына байланысты «Арайлы Ақтөбеден — Айбынды Астанаға!» автоэкспедициясы жолға шықты.

Оны ұйымдастырушы — «Ақтөбе Медиа» ЖШС және бұл шара облыстық «Актюбинский вестник» газетінің 100 жылдығына да орайластырылып отыр.

Өңірлік коммуникация қызметінде ұйымдастырылған брифингте «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин осы жайды атап көрсетіп, экспедиция мақсатын түсіндірді.

— Ақтөбе, Қостанай, Ақмола облыстары арқылы өтетін маршруттағы экспедицияның мақсаты — Астананың 20 жыл ішіндегі жетістіктерімен танысу, еліміздің және Астананың дамуына ауқымды үлес қосқан танымал ақтөбеліктермен кездесулер ұйымдастыру болып табылады. Былтыр алғашқы астанамыз — Орынборға, тарихи қала — Жаманқалаға сапар шеккенбіз, одан кейін келесі астана — Қызылордаға да бардық, — деді ол.

Астана қаласындағы жергілікті журналистермен және мемлекетіміздің дамуына елеулі еңбек сіңірген белгілі ақтөбеліктермен кездесу «Қазмедиа» орталығында өтеді, ондағы әңгімелесу барысында ақтөбелік журналистер Ақтөбе облысының Астанамен әр түрлі салалардағы ынтымақтастығы туралы айтады.

Экспедиция мүшелері Қазақстанның Тұңғыш Президентінің кітапханасында болып, танымал астаналықтармен, интеллигенция өкілдерімен және астаналық басылымдардағы әріптестерімен кездеседі, Тұңғыш Президент музейі экспонаттарымен танысады, «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің журналистері музейге Ақтөбе облысы туралы барлық ақпараттар жинақталған «Ақтөбе — құтты мекен» энциклопедиясын және «Ақтөбе» журналын сыйға тартады.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС экспедициясының мүшелері, сондай-ақ «Астана ақшамы» газеті редакциясында болып, шығармашылық байланысты дамыту мақсатында өзара ынтымақтастық меморандумына қол қояды.

Астанада болған уақытында экспедиция мүшелері Астананың танымал жерлерін аралайды, Астананың 10 жылдығы құрметіне ақтөбеліктер тұрғызған Әлия Молдағұлованың мемориалды кешенінде болады, Астананың 20 жылдығы құрметіне ақтөбеліктер сыйға тартқан «Әлем қабырғасы» кешенін көреді.

Экспедиция мүшелері сапар барысында Астана тұрғындарымен кездесулер өткізеді, Ақтөбе өңірінің жетістіктері туралы айтады, Астана тұрғындарының Ақтөбе жері, оның батырлары, табиғаты, адамдары туралы не білетінін зерделейді.

Облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінде жыл басында Елорданың құрдастары арасында «Астана — арман қала» — «Астана — город мечты» атты конкурс жарияланған болатын. Конкурс қорытындысы Астана күні қарсаңында шығарылып, жеңімпазға Астана қаласына барып, Елорданың көрікті жерлерімен танысып, саяхаттап қайтуына мүмкіндік беріледі.

Брифингте сөз алған облыстық «Актюбинский вестник» газетінің бас редакторы Айгүл Нұркеева басылымның шыға бастағанына 100 жыл толатынын айта келіп, күз айында аталып өтілетін салтанатқа әзірлік барысы туралы баяндады. Қазіргі уақытта басылым тарихын баяндайтын, осы ұжымда еңбек еткен әр буын өкілдері туралы деректер беретін жинақ жарыққа шықпақшы.

Брифингтен соң оған қатысқан бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері «Арайлы Ақтөбеден — Айбынды Астанаға!» автоэкспедициясы мүшелерін салтанатты жағдайда жолға шығарып салды.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*