Басты бет » Білім » Сынаққа 5355 түлек қатысады

Сынаққа 5355 түлек қатысады

Ұлттық бірыңғай тестілеу

Бүгін біздің облыста ұлттық бірыңғай тестілеу басталды.  Емтихан Ақтөбе қаласындағы 3 тестілеу пунктінде және алты ауданда — Алға, Әйтеке би, Хромтау, Қобда, Қарғалы, Мәртөкте өтіп жатыр.

Біздің облыста жыл өткен сайын ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ынталы түлектер саны артуда. Биыл мектеп бітірушілердің 80 пайызы сынаққа  қатысуға өтініш білдіріпті. Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Құлыбекқызының айтуынша, тестілеуге қатысушылар санының артуының басты себебі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен жоғары оқу орындарына гранттың көп бөлінуіне байланысты болып отыр.

Біз мектеп түлектеріне жоғары оқу орындарының студенті атануына мүмкіндік беретін емтиханның ұйымдастырылуы, өткізілу тәртібі мен талабы туралы Гүлжан Құлыбековамен әңгімелескен едік.

Еліміз бойынша ұлттық бірыңғай тестілеу 20 маусым-1 шілде аралығында өтеді. Біздің облыста ұлттық бірыңғай тестілеуді төрт күнде —  21, 22, 23, 25 маусымда ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бала санының көптігіне байланысты Ақтөбе қаласындағы мектептердің түлектері тестілеуді үш кезеңде тапсырады.  Бүгін ҰБТ 9 пунктте өткізілуде.  Ертең Байғанин мен Темір аудандарының түлектері емтихан тапсырады. 23 маусымда Ақтөбе қаласындағы үш пунктте қала мектептерінің оқушылары тестілеу тапсырады. Сондай-ақ бұл күні Шалқар, Ырғыз, Мұғалжар, Ойыл аудандарының түлектері де бақ сынайды.

25 маусым күні облыс орталығындағы мектептер бітірушілері үшін тестілеу ұйымдастырылады.

— Ұлттық бірыңғай тестілеуге облыстағы 5355  түлек қатысуға ниеттеніп отыр. Бұл — мектеп бітірушілердің 80 пайызы. Біздің облыстың көрсеткіші республикалық көрсеткіштен  де жоғары болып отыр. Жыл сайын қатысушылар саны артып келеді. 2016 жылы тестілеуге мектеп бітірушілердің 71,9 пайызы қатысқан болатын.  Былтыр емтиханға түлектердің 74 пайызы қатысты.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен жоғары оқу орындары үшін бөлінетін грант саны артып жатыр. Тестілеуге қатысушылардың көбейе түсуінің ең басты себебі осыған байланысты. Түлектер өздеріне берілген үлкен мүмкіндікті тиімді пайдалану үшін талпынуда, — дейдібөлім басшысы.

Тестілеуден шет қалған оқушылар бар. Мұны Гүлжан Құлыбекқызы былай түсіндіреді:

— Колледжге оқуға түсетін мектеп бітірушілер үшін ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу міндет емес. Сонымен қатар, емтиханға қатыспайтын түлектердің көпшілігі көршілес Ресейдің жоғары оқу орындарына құжат тапсыратын жастар. Олардың дені сол елдің грантын жеңіп алғандар.

Гүлжан Құлыбекқызының айтуынша, оқушыларсынақ тестілеуге белсене қатысқан. Оқушыларғабақылау тестілеуді Білім және  ғылым министрлігінің жанындағы Ұлттық тестілеу орталығының сайты арқылы онлайн-режимінде тапсыруларына да мүмкіндік берілген.

ЕРЕЖЕ ӨЗГЕРГЕН ЖОҚ

Ұлттық бірыңғай тест тапсыру ережесі өзгерген жоқ. ҰБТ форматы: бес пән. Үш міндетті пән —  Қазақстан тарихынан — 20, сауатты оқудан — 20, математикалық сауаттылықтан — 20 және таңдау пәндерінен 30 сұрақтан болады.

Тест тапсырмаларының 50 пайызы жаңартылған. Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, биылғы ҰБТ-да жалпы 80 мың сұрақ болады. Апелляция механизмінде де өзгеріс жоқ. Яғни ҰБТ тапсырған түлек келесі күні сағат 13.00-ге дейін өз сауалына байланысты жергілікті апелляциялық комиссияға өтініш бере алады.

Айта кету керек, биыл  ҰБТ-ны ағылшын тілінде де тапсыруға мүмкіндік беріліп отыр. Ағылшын тіліндегі сұрақтардың қазақша және орысша нұсқадан айырмашылығы жоқ. Тестілеуге берілген уақыт — 3,5 сағат.  Шектеулі балл — 50 ұпай. Дегенмен, ұлттық жоғары оқу орындарында ұйымдастырылатын конкурсқа қатысушылар үшін шектік ұпай саны бұдан да көп.

— Таңдау пәндері түлектердің таңдаған мамандықтарына байланысты конкурсқа қатысып, бақтарын сынауға мүмкіндік береді. Мысалы, физика пәнін таңдаған мектеп бітірушілер 52 түрлі мамандықтың, биология пәнін таңдаған жастар 23 мамандықтың арасынан қалаған мамандықты таңдай алады. Бұл туралы толығырақ ақпарат министрліктің және облыстық білім басқармасының сайттарында жарияланған, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

Пункттер дайын, жабдықтар жаңартылды 

Ұлттық бірыңғай тестілеу облыстағы 15 пунктте ұйымдастырылады. Оның үшеуі Ақтөбе қаласында (Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің оқу ғимараты (Алтынсарин көшесі), С.Бәйішев атындағы университет жанындағы тестілеу орталығы және №8 мектеп), қалғандары 12 ауданның орталығында орналасқан.

— Барлық пункттер тестілеуге дайын.  Қажетті құрал-жабдықтармен қамтылды. Ескірген жабдықтар жаңартылды. Биылғы ерекшелік, Led экрандар арқылы тікелей көрсетілім  ұйымдастыру жоспарланып отыр.

— Ең бастысы балалардың өмір қауіпсіздігін сақтау. Балалардың өмір қауіпсіздігін сақтау мәселесінежіті көңіл бөлініп отыр. Қауіпсіздік шараларына білім бөлімінің мамандары, педагогтермен бірге полиция, медицина қызметкерлері жұмылдырылады. Тасымал ұйымдастырылады. Айта кету керек, менингит инфекциясына байланысты тест өткізілетін пункттерде емтихан басталардан 1 сағат бұрын профилактикалық шаралар жасалады, — дейді облыстық білім басқармасының қызметкері.

P.S. Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары оқу орындарында өткізілетін конкурсқа қатысу үшін қажетті шектеулі балды  — 50 ұпайды жинай алмаған түлектердің қапаланып, көңіл күйлерін түсірулерінің еш қажеті жоқ. Өйткені олар үшін шілде айында қалаған институт, унверситет, академиялардың базасында емтихан ұйымдастырылады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*