Басты бет » Жаңалықтар » Ғасырлық жолдың жылнамасы

Ғасырлық жолдың жылнамасы

Бүгін — облыстық «Актюбинский вестник» газетінің алғашқы санының жарық көргеніне 100 жыл!

Байырғы басылым бір ғасыр бойы өзінің ойлы оқырмандарымен қатарласып бір сапта келеді.

Бір ғасыр ішінде қаншама өзгерістер орын алды десеңізші! Біз тәуелсіз елде өмір сүрудеміз, баспа ісіне жаңа технологиялар енді, тұтас алғанда журналистиканың өзі де, оқырманның көзқарасы да түбірінен өзгерді.

Өзгермей қалған бір ғана нәрсе — осы жылдар ішінде бүгінгі «Актюбинский вестник» газеті әртүрлі атаумен әр ауданға, әр ауылға дейін сапар шегіп, әр шаңыраққа елдің жақсы жаңалықтарын, жылы хабарларды жеткізіп отырды.

«Актюбинский вестник» көпшілікпен бірге қуанды, қиындықтарды да бастан өткерді, дағдарыстарды жеңіп, сіздермен бірге ілгері қадам басып келеді.

Қаншама адам тағдыры газеттің басты тақырыбына айналды, қаншама мәселелер газеттің араласуымен шешімін тапты — мұның бәрін қазір есептеп жату қиын.

Газеттің тұрақты оқырмандары туған өлкенің шежіресін қалам иелерімен бірге иықтасып жазып келеді. Интернет пен әлеуметтік желілер дәуірлеп тұрған кезде де сіздер өздеріңіздің басылымдарыңызға деген ықыластарыңызды суытқан жоқсыздар. Сол үшін де сіздерге алғыс сезімін білдіргіміз келеді.

Биылғы мерекелі жылы «Ақтөбе Медиа» ЖШС осы салтанатты кезеңге арналған бірқатар шаралар өткізді. Өткен мамыр айында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өкімімен «Акюбинский вестник» газетінің 100 жылдығын мерекелеуге әзірлік жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Оның құрамында жергілікті атқарушы органның, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, облыстық мәслихаттың депутаттары, журналистика ардагерлері бар.

Астананың 20 жылдығы және «Актюбинский вестник» газетінің 100 жылдығына арнап біз «Арайлы Ақтөбеден — Айбынды Астанаға!» атауымен автоэкспедиция ұйымдастырдық. Облыстық газеттердің журналистерінен тұратын делегация өткен сенбі күні Ақтөбеден жолға шықты. Экспедиция мүшелері Тұңғыш Президенттің кітапханасында болып, Астанада тұратын ақтөбеліктермен кездеседі.

Мерекелі жылы «Актюбинский вестник» газетіне 100 жыл толуына орай оған атаусыз шыңдардың біріне иелік ету мүмкіндігі туды. «Актюбинский вестник» шыңы оңтүстік-батыс Тянь-Шань тауындағы Угам шатқалында теңіз деңгейінен 3353 метр биіктікте орналасқан.

Біз бірнеше спорттық шараларды өткізудің ұйытқысы болдық. Осы ауқымда шаңғы тебуден, жеңіл атлетикалық кростан (бұл сайыс биыл 45-ші рет өткізілді) жарыс өтіп, сондай-ақ бірінші рет жүзуден және футболдан балалар турнирі ұйымдастырылды.

Қазіргі уақытта «Актюбинский вестник» газеті редакциясы басылымның энциклопедиясын әзірлеу үстінде, оның тұсаукесері күзде өткізіледі деп жоспарлануда. Бұл энциклопедия бір жағынан ғасыр ауқымында осы газетте маңдай терін төгіп еңбек еткен қалам иелеріне, басқа да қызметкерлерге деген құрмет реті болмақшы.

Газеттің өзі — бір күндік, сөзі — мың күндік. Ол ондаған адамдардың күш-жігерімен, шығармашылық ізденісімен, ой толғанысымен жарыққа шығады. Осы жылдар ішінде газетте бірнеше ұрпақ өкілдері еңбек етті. Олар үшін облыстық басылым шеберлік шыңдау мектебі ғана емес, сондай-ақ өмір мектебі де болды.

Журналистика — тылсымы терең күрделі мамандық, сондықтан да тілшілер қауымына қағазға түскен әрбір сөзі үшін үлкен жауапкершілік жүгі артылады. Талабы да, талғамы да мол қалың оқырман сенімі алдағы уақытта да «Актюбинский вестник» газетінің журналистерін қанаттандыра беретініне күмәніміз жоқ.

Раукен ОТЫНШИН,

«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры,

ҚР Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*