Басты бет » Спорт » «Ақтөбенің» сенімді жеңісі

«Ақтөбенің» сенімді жеңісі

Премьер-Лига

«Ақтөбе»-«Ордабасы» — 3:1

«Ақтөбе» тағы да үш ұпайға ие болды. Бұл жолы алғашқы бестіктен қалмай келе жатқан «Ордабасы» командасын тізе бүктірді.

Ойынның алғашқы он шақты минутында сәл кібіртіктегені болмаса жерлестеріміз жалпы бірінші таймда шабуылдаудан тынған жоқ. Тіпті гол соғып кетерліктей сәттер де болды. Дегенмен алғашқы голды қонақтар соғып кетті. 44-минутта Джамбули Джигаури айып алаңынан сәл тысқары жерден белгіленген айып добын шеберлікпен орындап, Рамиль Нұрмұхаметовты қапы қалдырды.

Екінші таймда шабуылды одан әрі жалғастырған ақтөбеліктер 50-минутта-ақ табысқа жетті. Маркос Пиззеллидің айып алаңының сыртынан орындаған айып добы шымкенттік қақпашыға жер соқтырды. Бұдан соң, 63-минутта допты қарсыластар қақпасына баспен енгізген Силва Рейналдо табысты одан әрі үстей түсті. Ал 73-минутта шымкенттік қорғаушылар кері қайырған допты жойқын қуатпен шірене тепкен Милан Радин қақпа торын және бір рет бүлк еткізді.

Осылайша «Ақтөбе» үш ұпайға ие болды. Ал «Ордабасының» жаңа бапкері Кахабер Цхададзенің алғашқы қадамы сәтсіз басталды.

«Ақтөбе»-«Ордабасы» — 3:1

Гол авторлары: Джамбули Джигаури, 44-минут (0:1); Маркос Пиззелли, 50-минут (1:1); Силва Рейналдо, 63-минут (2:1); Милан Радин, 73-минут (3:1).

Ескерту қағазын алғандар: Р.Валиуллин, 57-минут; Ж.Көкеев, 74-минут; А.Симчевич, 74-минут («Ақтөбе») — Д.Даутов, 34-минут; П.Фонтанелло, 49-минут; Д.Бертольо, 74-минут («Ордабасы»).

«Ақтөбе»: Рамиль Нұрмұхаметов, Руслан Валиуллин (Ұлан Қонысбаев, 90-минут), Бағдат Қайыров, Маркос Пиззелли, Саша Марьянович, Хрвое Милишевич, Александр Симчевич (капитан), Силва Рейналдо (Абат Айымбетов, 86-минут), Милан Радин, Жамбыл Көкеев (Антон Шурыгин, 82-минут), Виталий Волков.

«Ордабасы»: Давид Лория, Пабло Фонтанелло, Никита Бочаров, Абдулай Диакате, Кирило Ковальчук, Джамбули Джигаури, Даниель Бертольо (Виталий Ли, 75-минут), Дамир Даутов, Мардан Төлебек (капитан), Ұлар Жақсыбаев, Еркебұлан Тұңғышбаев.

17 маусым 2018 жыл. Ақтөбе, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион. 9500 адам.

*   *   *

Басқа ойындардың нәтижелері:

«Атырау»-«Тобыл» — 0:2

«Ақжайық»-«Қайрат» — 1:2

«Астана»-«Ертіс» — 3:0

«Қайсар»-«Жетісу» — 0:0

«Қызылжар СК»-«Шахтер» — 1:0

*    *    *

14-турдан соң  40 ұпаймен «Астана», 35 ұпаймен «Қайрат», 28 ұпаймен «Тобыл» көш бастап келеді. Дегенмен астаналықтардың екі ойыны артық.

4-орындағы «Ордабасының» 19 ұпайы бар.

5-6 орындарда 17 ұпайы бар екі команда тұр: «Ертіс», «Ақжайық».

7-8 орындардың иелері: «Жетісу» — 15 ұпай; «Қызылжар СК» — 14 ұпай.

9-10 орындарға 13 ұпайдан жинаған «Шахтер» мен «Қайсар» жайғасты.

11-12 орын иелері — 11 ұпайдан жинаған «Ақтөбе» мен «Атырау».

*   *   *

15-турдың ойындары 23 маусым, сенбі күні басталады.

Бұл күні «Ақтөбе» Қостанайда «Тобыл» командасымен кездеседі. Шымкент қаласында өткізілген бірінші ойында бұл командадан 0:1 есебімен ұтылып қалған болатынбыз.

Басқа кездесулер:

23 маусым, сенбі

«Жетісу» (Талдықорған) — «Қызылжар СК» (Петропавл)
«Шахтер» (Қарағанды) — «Атырау» (Атырау)
«Ордабасы» (Шымкент) — «Ақжайық» (Орал)
«Ертіс» (Павлодар) — «Қайсар» (Қызылорда)

24 маусым, жексенбі
«Қайрат» (Алматы)— «Астана» (Астана)

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*