Басты бет » Білім » 512 түлек «Алтын белгі» иегері атанды

512 түлек «Алтын белгі» иегері атанды

Кеше Ақтөбе қаласындағы «Қазақ халқына мың алғыс» ескерткіш-стелласының алдында Елордамыздың 20 жылдығына орай «Жас түлек — 2018» мектеп бітірушілерді марапаттау рәсімі өтті. Биыл облыс бойынша 512 түлек «Алтын белгіге» ие болды.

Жиында алдымен сөз алған облыс басшысы Бердібек Сапарбаев түлектерді мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

— Тәуелсіздік алған 27 жылда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің болашағы үшін жастарға жағдай жасап жатыр. Қазақстанның жастары шетелдегі құрдастарынан әсіресе, білім, тәрбие, мәдениет жағынан кем болмауы тиіс.  Бүгін сіздер үшін тарихи күн. Республикалық, халықаралық байқауларда жеңімпаз атанып, «Алтын белгі» иегері атандыңыздар. Мұның барлығы — өз еңбектеріңіз бен ата-аналарыңыздың, ұстаздарыңыздың берген тәрбиесі мен білімінің нәтижесі. Енді алдарыңызда үлкен сын күтіп тұр. Ұлттық бірыңғай тестілеуден сүрінбей өтеді деп сенеміз, — деді.

Бұдан соң облыс әкімі халықаралық олимпиадалар мен түрлі байқауларда   жеңімпаз атанған үздік 20 түлекті марапаттады. Олардың ішінде 3 жетім балаға, атап айтсақ, М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының түлегі Ислам Амангелді, Ақтөбе орта мектебінің оқушысы Анна Афанасьева, Темір ауданындағы №2 Шұбарқұдық қазақ-орыс мектебінің оқушысы, республикалық спорттық сайыстардың жеңімпазы Ибрагим Сайдуллаевтарға 1 миллион теңгенің, 17 түлекке 100 мың теңгенің сертификатын табыс етті.

Шара барысында мектеп бітіруші 40 жұп «Мектеп вальсін» билеп, қаламыздың өнерлі жастары театрландырылған қойылым ұсынды.

Сонымен қатар 492 «Алтын белгі» иегерін өңірімізге белгілі құрметті азаматтар мен ардагер ұстаздар марапаттады. Ардагер ұстаздар жаңа өмір бастағалы тұрған оқушыларға ақ жол тілеп, Қазақстанның гүлденуі жолында аянбай еңбек етуге шақырды.

Марапатқа ие болған түлектердің ішінде аудандардан да келген жастар бар. Шалқар ауданындағы №8 орта мектептің түлегі Назым Бидағұлова — «Алтын белгі» иегері атанғандардың бірі. Жас түлек С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне оқуға түскісі келеді. Биология және химия пәндерін жақсы көретін Назым бірнеше республикалық, облыстық олимпиадалардың жүлдегері атанған.

— Жалпы медицина саласы бойынша бі­лім алып, еңбек еткім келеді. Басты мақсатым — ата-анамның үмітін ақтап, елімнің дамуына өз үлесімді қоссам деймін, — деген Назым қатарластарына сәттілік тіледі.

Шара соңы қаламыздағы үздік өнер ұжымдарының музыкалық бағдарламасына ұласты.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*