Басты бет » Білім » Түлектер батырлар рухына тағзым етті

Түлектер батырлар рухына тағзым етті

Кеше мектеп бітіруші түлектер Ақтөбе қаласындағы Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, батыр рухына тағзым етті.

Аталған шараға мектеп бітіруші түлектер, мұғалімдер, сондай-ақ ардагер-ұстаздар мен қала тұрғындары қатысты.

Шараға жиналғандар небәрі 19 жасында ерлікпен қаза тапқан Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованы бір минут үнсіздікпен еске алды.

Шарада ардагер-ұстаз Қожамұрат Қоңыр батырдың рухына тағзым ету әр азаматтың борышы екенін айтып, мектеп бітіруші түлектерге ақ жол тіледі.

Бұдан кейін қала мектептерінде оқитын 1-сынып оқушылары аға-апаларына өлең жолдарын арнап, құттықтауларын жеткізсе, өнерлі жас Дания Дәулетова ортада «Егемен ел» әнін орындады.

Шара соңында түлектер батыр рухына тәу етіп, гүл шоқтарын қойды.

Биыл мектепті аяқтап, жоғары оқу орнына түсуге талаптанып жатырмыз. Ендігі мақсатым — ұлттық бірыңғай тестілеуден жақсы балл жинап, ІТ саласы бойынша Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының біріне оқуға түсу. Биылғы жылы біздің мектепті 90-ға жуық түлек бітіріп жатыр. Олардың бесеуі — «Алтын белгіге» үміткер.

Бүгін, міне, батыр Әлия Молдағұлованың рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойып жатырмыз. Біз батырларымызды ұмытпауымыз керек, оларды тек Жеңіс күнінде ғана емес, үнемі еске алып, есімдерін ұлықтап жүруіміз керек. Менің үлкен атам Тұрым Бектұрғанов Ұлы отан соғысына қатысып, Берлинге дейін барып қайтқан, — дейді Ақтөбе қаласындағы №21 орта мектеп-гимназиясының түлегі Алмат Мейрамбеков.

Айта кету керек, бұл күні батырлар рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қою рәсімі Ақтөбе қаласындағы «Мәңгілік алау» ескерткіші мен ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш алдында да өтті.

Д.ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*