Басты бет » Жаңалықтар » Жеңімпаздар марапатталып, сенсорлы үйшіктер үлестірілді

Жеңімпаздар марапатталып, сенсорлы үйшіктер үлестірілді

Кеше Ақтөбе қаласындағы Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта ерекше оқытуды қажет ететін балаларға сенсорлы үйшіктер табысталып, «Үздік сенсорлы үйшік» байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев балаларды қуаныштарымен құттықтап, жүрекжарды лебізін жеткізді.

  • Биылғы жыл облыс әкімінің ұсынысымен Балалар жылы болып белгіленді. Баланы бақытты ету — біздің қолымызда. Бақытты бала — біздің бақытты болашағымыз. Сондықтан облыс басшысы әр санаттағы балаларға көңіл бөлу туралы тапсырма берген болатын. Осыған орай бүгінгі шарада біз мүмкіндігі шектеулі балаларға бақыт, қуаныш, шаттық сыйлауға жиналып отырмыз. Бұл дидактикалық материалдар, сенсорлы үйшіктер — балаларға үлкен қолдау, көмек. Сондықтан осы материалдарды дайындаған барлық ұстаздарға, мектеп, колледж басшыларына, оқушыларға облыс әкімі атынан ризашылығымды білдіремін. Үлкен игі іске қатысып, әр балаға қуаныш сыйлағандарыңыз үшін сіздерге мың алғыс! — деді облыс әкімінің орынбасары.

Бұдан кейін Ербол Нұрғалиев облыста өткізілген «Үздік сенсорлы үйшік» байқауының қорытындысы бойынша жеңімпаздарды марапаттап, арнайы сертификаттар табыстады.

Атап айтсақ, байқаудың бас жүлдесі мен 100 мың теңгенің сертификатын С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің медициналық-әлеуметтік колледжі жеңіп алса,

І дәрежелі диплом мен 50 мың теңгенің сертификатын №4 Хромтау орта мектебі, Әйтеке би ауданының психологиялық-педагогикалық коррекция кабинеті, Ақтөбе өнеркәсіптік технологиялар және басқару колледжі, ІІ дәрежелі диплом мен 40 мың теңгенің сертификатын Ақтөбе техника-технологиялық колледжі, Хромтау тау-кен техникалық колледжі, Мұғалжар гуманитарлық-техникалық колледжі, сондай-ақ ІІІ дәрежелі диплом мен 30 мың теңгенің сертификатын Хромтау ауданының психологиялық-педагогикалық коррекция кабинеті, Ақтөбе гуманитарлық колледжі, Ақтөбе медициналық колледжі және №1 Қандыағаш орта мектебі иеленді.

Шарада облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев пен облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева мүмкіндігі шектеулі 106 балаға сенсорлы үйшіктер табыс етті.

Бұдан кейін «Бақытты балалық шақ» облыстық байқау-фестивалінің финалисі, мәртөктік жас өрен Нұрсұлтан Имашев «Бала тілегі» әнін орындады.

Шарада Нұрсұлтан Имашевқа «Халықаралық педагогикалық шығармашылық пен ғылымның дамуын қолдау» қорының төрайымы Шолпан Сәтенова арнайы медаль мен 25 мың теңгенің сертификатын, сондай-ақ «Жас таңдау — Ақтөбе» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мәди Райымов 50 мың теңгенің сертификатын табыстады.

— Қазіргі таңда облыста ерекше білімді қажет ететін 5652 бала бар. Оның ішінде 588  церебральды сал ауруына шалдыққан балаларға облыстағы білім беру мекемелері, атап айтсақ, колледждер мен мектептер сенсорлы үйшіктер дайындады. Бұл үйшіктер монтессори әдістемесі бойынша жасалған. Егер оларды ата-аналар сатып алса, қымбатқа шығады. Онда балалардың дамуына арналған бірнеше әдіс-тәсіл жинақталған. Бүгінгі шарада денсаулығында ақауы бар 106 балаға осы үйшіктерді табыстап отырмыз. Ал қалғандарына сенсорлы үйшіктер үйлеріне жеткізіледі, — дейді Л.Оразбаева.

Салтанатты шарада сенсорлы үйшік алғандардың бірі — Ақтөбе қаласындағы №7 орта мектептің 7-сынып оқушысы Дина Жұмина.

Туғаннан психосөйлеу дамуының кешеуілдеуіне (ЗПР) шалдыққан Дина бүгінде үйде отырып білім алады.

— Бүгінгі шараны ұйымдастырушыларға ата-аналар атынан ерекше алғысымды білдіремін. Балалардың қуанышында шек жоқ. Осындай шаралар жиі ұйымдастырылса, бізге де, балаларға да үлкен қолдау болады, — дейді Динаның анасы Гүлсара Мұқаева.

Шара соңында «Бақытты балалық шақ» облыстық байқау-фестивалінің финалистері ортада ән айтып, би биледі. Олардың қатарында Назарбаев зияткерлік мектебінің «Нұршашу» би тобы, қарғалылық «Кербез» тобы, Ақтөбе қаласындағы №14 орта мектептің оқушысы Айдана Абдуллова, т.б. бар.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*