Басты бет » Жаңалықтар » Балалар кинофестивалінің үздіктері анықталды

Балалар кинофестивалінің үздіктері анықталды

4-5 маусым күндері өңірімізде алғаш рет «Kids Cinema World» балалар кинофестиваль-байқауы өтті. Аталған байқауда Ақтөбе қаласындағы №27 орта мектептің оқушысы Ален Құрманбаев жеңімпаз атанып, 500 мың теңгенің сертификатына ие болды.

Облыстық әкімдіктің қолдауымен және «Media PRO» продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен өткен шараға 12-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер қатысты. Ақтөбе қаласынан өзге, Хромтау, Қобда, Мұғалжар, Темір мен Алға аудандарынан да балалар келді.

Байқаудың қазылар алқасының құрамында еліміздің кино саласының белгілі актерлары Әбунасыр Серіков пен Жан Байжанбаев, режиссерлар Асқар Бейсенбин, Марат Тілеуов, вайнер Нағима Ахметовалар болды. Сондай-ақ олар ақтөбелік балаларға «Актерлік шеберлік», «Режиссура», «Блоггинг» тақырыптары бойынша арнайы шеберлік сағаттарын өткізді.
Екі күнге созылған кинофестивальдің марапаттау рәсімі Өнер орталығы ғимаратында аяқталды. Байқаудың құрметті қонақтары мен қатысушылары қызыл кілемнің бойымен жүріп өтіп, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев облыс әкімінің атынан қатысушыларға және байқауды ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.

— Биыл біздің өңірде ерекше жыл. Облыста балалардың шығармашылығын жан-жақты дамытуға бағытталған көптеген шаралар атқарылуда.

Бүгінгі байқауға мүмкіндігі шектеулі балаларымыз да өз жұмыстарын ұсынды. Қаншама өнерлі, талантты жастарды байқадық. Сіздердің араларыңыздан елімізге белгілі режиисерлар мен актерлар шығады деген үміттеміз, — деді ол.

Байқауға 5 номинация бойынша барлығы 100 бала қатысуға ұсыныс білдірген.

Олар: қысқаметражды немесе толықметражды фильм, әлеуметтік бейнеролик, музыкалық клип, бейне-блог және бейне-вайн номинациялары.

Жұмыстардың көпшілігі бейне-вайн номициясы бойынша ұсынылған. Бүгінде вайн бейнероликтері ғаламторда әсіресе жастар арасында ерекше қызығушылыққа ие. Әртүрлі өмірлік жағдайлар негізінде түсірілген қызықты видеолар мыңдаған қаралым жинап қана қоймай, бейнероликтердің иелеріне танымалдылық пен табыс әкеледі.

Балалар өздері түсірген әлеуметтік бейнероликтері арқылы жасөспірімдерге арналған гаджеттердің әсері, отбасындағы қарым-қатынас, достық, жалғыздық тақырыптарын жеткізуге тырысты.

— Ең алдымен жастарымыздың кино саласындағы шеберлігін шыңдауға қолдау білдірген облыс әкімдігіне алғысымызды білдіреміз. Отандық кино енді ғана дамып келеді. Осы күнге дейін балалардың би, ән, көркемсурет байқаулары өтіп жүр. Ал балаларға арналған осындай байқау алғаш рет ұйымдастырылып отыр деуге болады. Ақтөбе өңірі өнерді сүйетін халық. Сондықтан бұл бастама әрі қарай жалғасын тауып,  Қазақстандағы барлық облыстардың басын қосатын орталық болады деген үміттемін, — деді актер Әбунасыр Серіков.

«Үздік әлеуметтік бейнеролик» жеңімпазы Ақтөбе қаласынан Динара Оразбаева атанды. «Үздік сценарий» номинациясы хромтаулық Сәния Сертаеваға бұйырса, «Үздік бейне-вайн» номинациясын Ақтөбе қаласынан Тәуіржан Бауыржан иеленді. Сондай-ақ «Үздік бала рөлі», «Үздік операторлық жұмыс», «Үздік монтаж», басқа да номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталады. Ал жалпы кинофестивальдің Гран-при иесі — Ақтөбе қаласындағы №27 мектептің оқушысы 13 жастағы Ален Құрманбаев. Жүзден жүйрік атанған ол байқаудың «Музыкалық клип» номинациясына қатысып, өзін ерекше әншілік қырынан танытты.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*