Басты бет » Жаңалықтар » Мереке күнгі марапат

Мереке күнгі марапат

5 маусым — Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау және экологтар күні

Ақтөбеде осымен жетінші рет ұйымдастырылған «Таза болса табиғат — аман болар адамзат» байқауының қорытындысы Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау және экологтар күнінде жарияланды.

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің конференция залында өткен мерекелік шараға облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин, сондай-ақ экология саласының ардагерлері мен мамандар, мекеме, кәсіпорын өкілдері мен жастар қатысты.

Шарада облыстық экология департаментінің басшысы Жақсығали Иманқұлов табиғи ортаны қорғау мен экологиялық жағдайды жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар  турасында баяндады.

Биыл елімізде табиғат қорғау органдарының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде қоршаған ортаны қорғауды басқару жүйесі тиімділікті арттыру мен жетілдіру мақсатында сегіз рет реформалау кезеңінен өтті. Елбасы биылғы Жолдауында өндірістегі экология мен энерготиімділікті арттыруды ерекшелеп көрсетті. Бұл қоршаған ортаға ластаушы заттар эмиссиясын төмендетуге әкелетін «Жасыл технологияларды» енгізу арқылы шешімін табу керек, — деді басқарма басшысы.

Бүгінде Ақтөбе қаласының атмосфералық ауа сапасы сын көтермейді. Басқарма басшысы бұл бағытта алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар жайын да баяндады. «Қалада ауаның ластануына зардабын тигізіп отырған факторлардың бірі — жергілікті тазарту қондырғыларын орнату арқылы өнеркәсіп және тұрмыстық лас сулардың екінші қайтара тазартудан өткізілмеуі. Алдағы уақытта Ақтөбе қаласында тәулігіне өнімділігі 100 мың текше метр болатын кәріз тазарту имараттары қайта жаңғыртылатын болады», — деді Ж.Иманқұлов.

Енді 2020 жылға дейін аймақта қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау, сұрыптау мен қайта өңдеуді жүзеге асыру бағытында жұмыстар қолға алынбақ. Бұл орайда облыстың Мәртөк, Қобда, Байғанин, Темір, Ойыл, Ырғыз, Әйтеке би аудандарында тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылысы жүргізілмек.

Облыстық экология департаментінің ықпалымен «Үздік шығарма» және «Үздік сурет» аталымдары бойынша өткізілген байқауға бұл жолы 141 сурет пен 39 шығарма түскен. Биылғы байқау Астана қаласының 20 жылдығы және облыста «Бақытты бала» жобасы аясында ұйымдастырылды. Салтанатты шарада М.Абдуллин экологтарды төл мерекесімен құттықтағаннан кейін, байқау жеңімпаздарын марапаттады. Жұмыстары бас жүлдеге лайық жеңімпаздар — Ақтөбе қаласындағы психикалық даму кідірісі бар балалар үшін арнайы (түзетім) мектеп-бақшасының 3-сынып оқушысы Виолетта Лямзина, Алға балалар үйінің 10-сынып оқушысы Виктор Фидорус және облыстық арнайы (түзетім) есту қабілеті бұзылған балалар мектеп-интернат колледжінің 10-сынып оқушысы Аружан Жақаева. Қоршаған ортаны қорғау саласында ұзақ жыл еңбек еткен ардагерлер — Ж.Бекмұхамбетов, Г.Контудаев және А.Мақамбетовтер облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды. Облыстық «Актюбинский вестник» газетінің бөлім меңгерушісі Жанат Сисекеноваға мерейтойлық медаль тапсырылды.

Байқау жеңімпаздары қатарындағы Виктор Фидорусқа Астана қаласында экологтар мерекесіне арналған салтанатқа қатысуға жолдама берілді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*