Басты бет » Жаңалықтар » Ғұн дәуірінің ескерткіші табылды

Ғұн дәуірінің ескерткіші табылды

Өткен жексенбі, маусымның 3 күні Ақтөбе қаласы маңындағы құрылысқа қажетті құм өндірілетін орындардың бірінен ғұн дәуіріне жататын көне қабір табылды.

Көне ескерткішті археологтар емес, құм өндіріп жүрген жұмысшылар тапқан. Үш метр тереңдіктен алдымен — адам сүйектері, соңынан түрлі бұйымдары шыққан. Алғашында абдырап қалған жұмысшылар дереу ес жиып, құм өндірілетін карьердің учаске бастығы ДанатБақыт ішкі істер органдарына хабар беріпті. Олар өз кезегінде археолог және тарихшы мамандарды шақыртқан.

Көне қабір орнында облыстық тарихи-өлкетану музейі мен облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының археологтары жұмыс істеді.

Облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының директоры Аслан Мамедовтың айтуынша, мұнда біздің заманымызға дейінгі ІІ-ІV ғасырларда өмір сүрген адамның жерленгені анықталып отыр. Қабірден қару-жарақ, ер-тоқым, әшекейленген белдік сынды заттар шыққан.

— Қабірден көп зат табылды. Марқұмды жерлеуге алтынмен әшекейленгенер-тоқым арнайы әзірленген болуы мүмкін деген болжам жасалды. Темірден соғылған қылышалтынмен және тастармен безендірілген. Жерленген адамның үстіндегі киімінде де алтын әшекейлер бар.Сондай-ақ, күміс пен қоладан жасалған бұйымдар да шықты. Табылған заттармұнда «тайпа көсемі немесе рубасы, яғни беделді адам жерленсе керек» деп жорамалдауға негіз болып отыр, — дейді Аслан Мамедов.

Мамандар бұл оқиғаға қатысты нақты қорытындылар айтуға әлі ерте деп санайды. Негізінен, ер адамға тиесілі және құнды заттардың табылуы ғана бұл жерде беделді адамның (яғни көсем немесе атақты батыр) жерленгеніне меңзейді.

Сонымен қатар мамандар көне қабір мен жәдігерлердің табылғаны жөнінде тиісті орындарға дер кезінде хабар беріп, қазба жұмыстарына көмек көрсеткен жұмысшылар мен учаске бастығы Данат Бақытқа алғыс білдіретіндерін жеткізді.

Ал қабірден табылған заттар облыстық тарихи-өлкетану музейі қорында сақталатын болады.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*