Басты бет » Жаңалықтар » Желтоқсанда «Нұрлы жер» бойынша 9 қабатты үй пайдалануға беріледі

Желтоқсанда «Нұрлы жер» бойынша 9 қабатты үй пайдалануға беріледі

Батыс-2 ауданында салынып жатқан 14 793,6 шаршы метрлік (256 пәтер) 9 қабатты үйдің құрылысын «СК Актобестрой-Инвест» ЖШС жүргізіп жатыр. Бұл үй биыл желтоқсан айында «Нұрлы жер» бағдарламасының ережесіне және «Сбербанк» АҚ ЕБ мен «Қазақстанның Тұрғынүйқұрылысжинақ банкі» АҚ арасындағы келісімге сәйкес, тұрғынүйқұрылысжинақ банкі салымшыларына ұсынылатын болады. Банк салымшыларына барлығы128 пәтер ұсынылады. Әр шаршы метрдің құны — 160 мың теңге.

Ақтөбе — «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үйлер құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқан өңір. Аталған мемлекеттік бағдарламаға қатысушы құрылыс компанияларына мемлекеттік бағдарламалар аясында жеңілдіктер қарастырылған. Құрылыс компаниялары бұл жеңілдікке бағдарламаның қаржы агенті — «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы қол жеткізе алады.

Мәселен, «СК Актобестрой-Инвест» ЖШС «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде «Сбербанк» АҚ ЕБ  арқылы3 жыл мерзімге600 млн теңге көлемінде несие алды. Бұл несиенің пайыздың жылдық мөлшері — 14%. Оның жеті пайызы «Даму» қоры арқылы субсидияланады. Бұл кәсіпкер үшін үлкен қолдау.

«Даму» қоры арқылы елімізде бірінші болып «Нұрлы жер» бойынша ақтөбелік құрылыс компаниясына қолдау көрсетілді. Өткен жылы аталған бағдарлама бойынша құрылысын «Соллерс» ЖШС жүргізген 9 қабатты үй пайдалануға берілген болатын. Көп қабатты тұрғын үй құрылысын қаржыландыру мақсатында «Сбербанк» АҚ «Соллерс» құрылыс компаниясына 3 жыл мерзімге 400 миллион теңгеге несие берген-ді. «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында  14 пайызбен берілген несиенің 7 пайызын «Даму» қоры қаржыландырды.

«Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес былтыр Ақтөбеде екінші құрылыс компаниясы«Хиба-Наз» ЖШС пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға мүмкіндік алды.

— «ЦентрКредит банкінен» екі жыл мерзімге 195 миллион теңге көлемінде несие алдық. Оның жылдық пайыздық мөлшері 14 пайыз болса, осының жартысын «Даму» қоры арқылы субсидиялауға қол жеткіздік. Нәтижесінде Кобозев көшесіндегі жалпы ауданы 5121 шаршы метр болатын 81 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, қала тұрғындарының игілігіне бердік. Тұрғын үйлердің бір шаршы метрінің құны 145 мың теңгеден сатылды. Бұл бағдарламаның кәсіпкерлерге берері көп: біріншіден, жеңілдікпен несие ала аласың, екіншіден, салған үйіңді  «Қазақстанның Тұрғынүйқұрылысжинақ банкі» арқылы тұтынушыларға жеңілдетілген бағамен бере аласың. Яғни бұл жерде құрылыс компаниясы да, үйді сатып алушылар да ұтады. Біз үшін ұтымды тұсы сол — үй құрылысын жүргізгенде де, салынған үйді сатуда да мемлекеттің қолдауына ие боламыз. Сондықтан «Нұрлы жер» бағдарламасының жалғасуы қай жағынан да тиімді, — дейді «Хиба-Наз» ЖШС директоры Шыңғыс Құдайберген.

«Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес жеке құрылыс компанияларын баспана салуға ынталандырудың әдісі — несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау елімізде 2017 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Ақтөбеде бүгінге дейін бұл бағдарламаға 4 құрылыс компаниясы қатысты.

— Олар — «Соллерс», «Хиба-Наз», «Светотехника» және «СК Актобестрой-Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы Ұлттық Банктің  базалық мөлшерінен асырмайжеке құрылыс компанияларына несиелер беріледі, оның 7 пайызы субсидияланады, қалғанын құрылыс компаниясы өзі төлейді. Құрылыс компаниясының несие алуы үшін кепілдігі жетпейтін жағдайда «Даму Оптима» бағдарламасы шеңберінде кепілдендіру құрылғысын да пайдалана алады. Кепілдік мөлшері — несие құнының 50%-ына тең. Бағдарлама бойынша құрылыс компаниясы бір алғанда 180 миллион теңге ала алады, алайда несиелер санына шектеу жоқ, — дейді  «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры Ақтөбе филилы директорының орынбасары Айнагүл Байдәулетова.

Ақтөбеде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша құрылыс компанияларын ынталандыру жұмыстары одан әрі жалғасады. Бүгінде бұл бағдарламаға қатысуға тағы бірқатар құрылыс компаниясы ниет етіп отыр.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*