Басты бет » «Бақытты бала» » Қобдада балалар аллеясы ашылды

Қобдада балалар аллеясы ашылды

Өткен сенбіде Қобда ауданында болған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аудан орталығында жаңадан бой көтерген спорттық-сауықтыру кешенінің жұмысымен танысып, «Отан-Ана» саябағындағы балалар аллеясының ашылуына қатысты.

Алдымен Қобда балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне барған облыс әкімі Исатай Таймановтың құрметіне арналған дзюдодан облыстық ашық біріншілігіне қатысып, жас балуандардың өнерін тамашалады.«Бақытты бала» акциясы аясында өтіп жатқан додаға Ақтөбе қаласынан өзге, Темір, Мұғалжар, Қарғалы, Мәртөк, Байғанин, Ойыл, Қобда аудандарының командалары қатысты.

Бұдан соң өңір басшысы ауданның Әлия көшесінде орналасқан «Бақытты бала» алаңымен танысып, ауыл ақсақалдарымен кездесті.

 

Қобданың жаңа шағын ауданында салынып жатқан «Бақытты бала» алаңының көлемі — 900 шаршы метр. Жалпы құны — 15 млн теңге. Алаңда волейбол, баскетбол, кіші футбол ойнайтын орындар қарастырылған. Құрылыс жұмыстарымен танысқан облыс әкімі аудан әкіміне алаңды жарықтандыру мәселесін нықтап тапсырды.

Балалар бұл жерде күн батқанша ойнайды. Сондықтан жарық міндетті түрде болуы керек, — деді ол.

Дәл осы жерде ауыл ақсақалдарымен кездескен облыс басшысы ауданның көгалдануына әрбір ауыл тұрғыны атсалысуы қажет екендігін баса айтты.

Аудандағы спорттық-сауықтыру кешенінің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі қобдалықтарды айтулы сәтімен құттықтады.

— Әрбір мемлекеттің дамуы, болашағы оның азаматтарының денсаулығына,біліміне, тәрбиесіне, мәдениетіне байланысты. Сондықтан әрбір мемлекет осыларға үлкен көңіл бөледі. Елімізде спорт саласына ерекше көңіл бөлінуде. Қазақ спортшыларының арқасында елімізді әлем таниды. Осы уақытқа дейін бірде-бір Олимпиададан Қазақстан спортшылары құр алақан қайтқан емес. Ал осындай дене шынықтыру-сауықтыру кешені сынды спорт ғимараттары жүздеген ұл-қыздарымызға сүйікті спорт түрлерімен жыл бойы шұғылдануларына мүмкіндік береді. Жергілікті биліктің міндеті, мақсаты — әсіресе балаларға, жастарға жағдай жасау. Олардың спортпен айналысуына мүмкіндіктің барлығын ұйымдастыру. Осы мақсатта облыс көлемінде көптеген спорт нысандары салынып жатыр. Алдағы уақытта өңірдің барлық аудандарын осындай заманауи жабық спорт кешендерімен қамтамасыз ететін боламыз, — деді қобдалықтарды спорт ғимаратының ашылуымен құттықтағанБердібек Сапарбаев.

Құны 257,5 миллион теңге тұратын заманауи спорт ғимараты 2 мың шаршы метр алаңда орналасқан. Мұнда бассейн, бокс және фитнес залдары, баскетбол және волейбол алаңдары, шағын футбол ойнайтын аумақ бар. Кешен киім ауыстыратын кең бөлмелермен және жуынатын кабиналармен жабдықталған. Салтанатты шараға өңір басшысымен қоса облыстық мекемелердің басшылары, еңбек және спорт ардагерлері, Қобданың жергілікті тұрғындары мен жастары да қатысты.

Дәл осы күні «Отан-Ана» саябағында «Балалар аллеясы» ашылды. Балалар жылы аясында 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне орай жүзеге асырылып отырған жобаның жалпы құны — 6 млн теңге. Демеушілер есебінен жасақталған балалар аллеясында воркаут, стритбол қондырылған.

Облыс әкімі балалар аллеясымен таныспас бұрын, «Отан-Ана» саябағына барар жолда қойылған көрмені, балалардың жазғы демалыстарын ұйымдастыруға арналған шатырларды көріп, ішкі туризмге шығарылатын автокөліктермен танысты.

Бұдан соң саябақтың орталығында өткен «Бақытты бала» фестиваліне қатысып, оқушыларға түрлі сыйлықтар, демалыс лагерьлеріне жолдамалар  табыстады.

Атап айтсақ, ерекше оқуды қажет ететін 5 балаға сыйлық, «Мейірім» акциясы аясында отбасы үлгісіндегі балалар үйінің 5 тәрбиеленушісіне «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкісінің» есепшотына 100 мың теңгеден сертификат, облыс әкімінің бастамасымен бастау алған «Бақытты бала» жобасы аясында Астана қаласына саяхатқа бару үшін аудан мектептерінің 50 оқушысына,  Шығыс Қазақстан облысына саяхатқа 25 оқушыға, Түркістан мен Тараз қаласына саяхатқа баруға 50 оқушыға сертификат табыстады.

Сонымен қатар қала сыртындағы лагерьлерде демалу үшін 70 оқушыға сертификат беріліп, аудан намысын республикалық, халықаралық байқауларда қорғап жүрген бірнеше оқушы естелік сыйлықтармен марапатталды.

Ақтөбенің бірде-бір баласы ескерусіз, қолдаусыз қалмауы керек. Бүгінгі таңда салынып жатқан барлық спорт нысандары, скверлер, ғимараттардың барлығы осы балаларымыздың жарқын болашағы үшін. Біздің балалар тек Ақтөбе өңірімен ғана шектеліп қалмай, республиканың өзге де өңірлерін, көрші мемлекеттерді көруі керек, — деді фестиваль барысында сөз алған облыс әкімі.

Сонымен қатар шара барысында  «Туған жерге тағзым» акциясы аясында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаров Аида Байгелдиноваға ноутбук, ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев реабилитация кабинетіне құрал-жабдықтар табыстады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ,

Қобда ауданы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*