Басты бет » Жаңалықтар » Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА, ҚР Мемлекеттік хатшы: «Қасиетті топырақты қастерлеу — біздің перзенттік парызымыз»

Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА, ҚР Мемлекеттік хатшы: «Қасиетті топырақты қастерлеу — біздің перзенттік парызымыз»

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбеде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған маңызды шараларға қатысты.

Ақтөбеде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған маңызды шаралардың бірі — жылдағы дәстүр бойынша Түйетөбе жерінде өтті. Бұл сол бір зұлмат жылдары жазықсыз атылғандардың жерленген жері ретінде тарихтан белгілі. Әдеттегідей бұл жолы да Түйетөбе басына жиналған халықтың қарасы көп болды.  ҚР Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова мен облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен аза тұту шарасына Парламент Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясы, мемлекеттік мекемелер мен  қоғамдық этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері, дін саласының қызметкерлері, ардагерлер, ашаршылық және қуғын-сүргін жылдары қайтыс болғандардың тума-туыстары мен жақындары жиналды.

Түйетөбе басындағы ескерткіш жақында қайта қалпына келтіріліпті. Ондағы гранит стелласы жаңартылып, плиталар, тротуар жолдары және көлеңкелейтін шатырлар орнатылған.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «әрбір жұрт тарихтан өзінше тағылым алады» деген сөзі бар. Тәуелсіздікке дейінгі тарихымызда біздің халқымыз тартқан қасірет аз болмағанын жақсы білесіздер.  Соның ең қасіретті тұсының бірі — арыстарымыз қуғын-сүргінге ұшыраған 1930-1950 жылдар. «Жұт жеті ағайынды» дейді халық даналығы. Елді қынадай қырған ашаршылықтың артынша жұртты жаппай жазалау науқаны басталды. Халық саны күрт кеміген өткен ғасырдың отызыншы жылдары ұлтымыздың бетке ұстар көптеген зиялы қауымы кінәсіз атылды. Зұлмат жылдардың жаңғырығы халық жадынан өшпейді. Азаттық алып, егемен ел болғалы бері жақсылар мен жайсаңдарды түгендеп, Алаш қайраткерлерін қайта тірілтіп келеміз. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған 31 мамыр — барша қазақстандықтар үшін қастерлі күн. Осы күнге орай еліміздің түкпір-түкпірінде  4 мыңдай әртүрлі іс-шара жүзеге асырылуда. Ел басына жаппай күн туған қаралы кезеңде Ақтөбе өңірі халқының да тартқан тауқыметі орасан зор. Сондықтан біз мұнда аруақтар алдындағы адами борышымызды орындап, жазықсыз жапа шеккен жандардың рухына тағы бір мәрте тағзым етеміз, — деді Түйетөбе басындағы аза тұту рәсімінде Г.Әбдіқалықова.

Оның  айтуынша, XX ғасырдың бірінші жартысында біздің халқымыз тоталитарлық режимнің барлық қасіретін бастан кешті. 1932-1933 жылдардағы ашаршылық кезінде Қазақстанда шамамен 2 миллион адам қаза болды, 600 мыңнан астам қазақ өз Отанын тастап кетуге мәжбүр болды. Саяси себептер бойынша 100 мыңнан астам адам сотталды, олардың 25 мыңы өлім жазасына кесілді. Қазақ даласына көптеген халықтардың өкілдері Солтүстік Кавказдан, сондай-ақ немістер, поляктар, кәрістер қоныс аударды. «Аталған нәубет жылдарда Ақтөбе облысы бойынша 8 мыңдай адам саяси қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 2 мыңнан астамы ату жазасына кесілген. Сұмдығы көп сол бір сұрапыл кезеңде жан түршігерлік жала жабылып, ату жазасына кесілгендер осы Түйетөбе сайында жерленген. Бұл залал құрбаны болған арыстардың көрген қасіретін күні кешеге дейін ішке бүгіп келдік. Сондықтан мұндай қасиетті топырақты қастерлеу — біздің перзенттік парызымыз. Тарихты айтпай, болашақ жоқ. Жазықсыз құрбан болғандардың жаны жәннатта болсын», — деді Мемлекеттік хатшы.

Тоқсаныншы жылдары Ақтөбе қаласы маңындағы халық арасында Түйетөбе аталған жерден қуғынға ұшырап, атылған адамдардың сүйектері табылған болатын. 1997 жылы осы маңға  1930-1950 жылдардағы қуғын-сүргін құрбандарына арнап ескерткіш-белгі орнатылды.

Түйетөбедегі митингіде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өткен ХХ ғасыр аштық пен қудалаудан зардап шеккен қазақ халқы үшін ең қиын кезең болғанын айта келе: «Тәуелсіздігіміздің арқасында жоғалғанымыз табылып, өшкеніміз жанып жатыр. Біз осы төбеде жерленген мыңдаған жерлесіміздің аруағына басымызды иіп, оларға рақметімізді айтуымыз керек. Себебі олар еліміздің болашағы үшін өз өмірін қиды. Біз жас ұрпақты Отанына деген сүйіспеншілік рухта тәрбиелеуіміз керек. Жастар өз тарихын ұмытпай, бірлік, достық, тұрақтылықты сақтауы керек. Тоталитарлық режим құрбандарының есімі әрдайым біздің жүрегімізде тұрады», — деді.

Митингіде жазықсыз жапа шеккендердің ұрпақтары атынан Роман Рахиов сөз сөйледі. Бұл күні қаза болғандардың рухына бағышталып дұға оқылды, жеті шелпек таратылды. Митинг аяқталғаннан кейін мемлекеттік, қоғамдық ұйымдар, кәсіпорындар мен ұжымдар атынан гранитті стелла алдына гүл шоқтары қойылды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*