Басты бет » Жаңалықтар » Инклюзивті лагерь бізде ғана бар

Инклюзивті лагерь бізде ғана бар

Ақтөбеге жасаған жұмыс сапары кезінде ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықоваға Алға ауданының Бестамақ ауылынан 3 шақырым жерде орналасқан ерекше балаларға арналған лагерь жұмысы таныстырылды.

Мұндай инклюзивті лагерь әзірге ТМД елдері бойынша Қазақстанның Ақтөбе өңірінде ғана бар. «Күншуақ» лагері жыл бойы жұмыс жасайды.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Гүлшара Әбдіқалықоваға балалардың толыққанды дамуына барлық жағдайды жасауға бағытталған «Бақытты бала» жобасының облыста жүзеге асырылып жатқанын айтты.

Бізде ерекше қажеттілігі бар балалар қоғаммен біте қайнаса алмаған. Олар өз проблемаларымен қала беретін отбасыларда болған. Соңғы жылдары жағдай өзгере бастады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен белгілі бір заңдар қабылданып, стандарттар жасалуда. Балалардың демалуына, оңалуына бағыттанған мамандандырылған үйлер, мекемелер ғана бар. Бірақ балаларға арналған мұндай лагерь тұңғыш рет ашылғалы тұр, — деді лагерь ғимараттарын аралағаннан кейінгі әсерімен бөліскен Г.Әбдіқалықова.

«Күншуақ» инклюзивті лагеріне алғашқы демалушылар осы жылдың маусым айында қабылданады.

Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қайырымдылық акциясы кезінде Мемлекеттік хатшының атынан естелік сыйлықтар мен лагерьге тұрмыстық техника тарту етілді.

«Күншуақ» лагері «Бақытты бала» өңірлік жобасы аясында «Ақбөбек» жазғы лагері жанынан құрылды. 1964 жылы салынған «Ақбөбек» лагері Алға балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған. Алайда, олардың санының азаюына байланысты лагерь соңғы үш жылда және өткен жазда бос тұрды. Бүгінде демалыс аймағы аумағында 8 тұрғын үй корпусы, асхана, клуб, монша, спорт алаңдары мен басқа да ғимараттар бар. Барлық ғимарат қайта қалпына келтірілген.

Облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, ерекше білім беруді қажет ететін балаларды коррекциялық қолдаумен, жазғы демалыспен қамтамасыз ету және сауықтыру үшін мұнда барлық жағдай жасалған. «Биыл «Күншуақ» лагерінде 650 бала демалады деп жоспарланып отыр», — деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, «Күншуақ» лагері базасында Г.Әбдіқалықоваға жанында оқу корпусы бар жыл бойы жұмыс жасайтын «Әсем» лагерінің де жұмысы таныстырылды. Б.Сапарбаевтың айтуынша, осындай лагерьдің арқасында енді балалар оқудан қол үзбей-ақ демалатын болады. «Әсем» балалар лагерінің демалыс аймағы Ақтөбе қаласында 13 гектар алаңда орналасқан.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*