Басты бет » Рухани жаңғыру » Алғыс ескерткіштер — достық пен сыйластықтың символы

Алғыс ескерткіштер — достық пен сыйластықтың символы

Ақтөбеде «Рухани жаңғыру жолындағы тарих тағылымы» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл — Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай облыста «Тарихтан тағылым — өткенге тағзым» халықаралық форумы аясында ұйымдастырылған шара.

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының бас кеңсесінде өткен конференцияның алдында жиналғандар ҚР Президенті және Ақтөбе облысы архивінің материалдарынан дайындалған «Депортациялар тарихынан. Қазақстан. 1939-1945 жж.» тарихи-деректі көрмесін тамашалады.

Конференцияға ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері мен Парламент Мәжілісінің депутаттары, сондай-ақ белгілі ғалымдар, тарихшылар және басқа да шетелдік сарапшылар қатысты.

Өзінің құттықтау сөзінде Гүлшара Әбдіқалықова өткен ғасырдың бірінші жартысында Қазақстанның барлық аймағына келген қайғылы жағдай Ақтөбе өңірінде де орын алғанын айтты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласында: «Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды» дей келіп, «тарихтың сабағын айқын түсінуіміз керектігіне» назар аударған болатын. «Мың өліп, мың тірілген қазақ халқының шерлі шежіресіне үңілер болсақ, өткен ғасырдың 30-шы жылдарында ел-жұртымыз көрген құқайдан адамның төбе шашы тік тұрды. Ресми деректерге сүйенсек, еліміз бойынша барлығы 100 мыңдай адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңына ату жазасы кесілген. Сол кездегі сұрқия саясат тұсында Қазақстанда ГУЛАГ-тың 11 лагері орналасты. Олар — Алжир, Қарлаг, Степной, Дальный, Песчаный, Қамыслаг, Жезқазғанлаг, Ақтөбе, Петропавл, Кеңгір және Өскемен лагерьлері, — деген Мемлекеттік хатшы зұлмат жылдары елде жаппай аштықтан 2 миллионға жуық адамның құрбан болғаны туралы ресми мәліметтерді атап өтті. «30-40 жылдар көші-қон ағындарының күрт өсуімен сипатталады. Қазақстанға барлығы 5,6 миллион адам қоныс аударды. Барлық қиындықтарға қарамастан, қазақтардың ақкөңілділік пен қонақжайлылығының арқасында олар Қазақстаннан екінші Отанын тапты. Бүгінде олардың ұрпақтары — біздің отандастарымыз. Біз бірге демократиялық, құқық негізіндегі мемлекет құрудамыз. Қиын жылдары оларға қолдау көрсеткен адамдарға алғысы ретінде этникалық топтардың өкілдері Алғыс ескерткіштерін тұрғызуда. Мұндай ескерткіштер қазір алты аймақта — Ақтөбе, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында тұрғызылған. Бұл ескерткіштер өзара сыйластық, сенім, достық және барлық қазақстандықтардың бірлігінің жарқын символы ретінде саналады», — деді Г.Әбдіқалықова.

Конференцияда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қазақстанның бүгінгі және болашақ ұрпағы ең қорқынышты әрі  қайғылы оқиғалардың қайталануына жол бермеу мақсатында тарихын білуі және есте сақтауы қажет екенін баса айтты.

Конференцияда Қазақстанда тәулсіздік алған сәттен бастап тарихи естелікті сақтап қалу бағытында  үлкен жұмыстардың жүргізіліп жатқаны турасында айтылды. Президенттің ақталған азаматтарға көмек көрсету шаралары туралы Жарлығы, сонымен қатар жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы Заң қабылданды. Прокуратура органдары 340 мыңнан астам азаматты ақтады, 14 «Естелік» кітабы шығарылды.

Біздің халық сияқты қысқа уақыт аралығында соншама қайғы-қасіретті бастан кешкен халық аз. Он жылдың ішінде біз өз ұлтымыздың жартысын жоғалттық. Біз тарихты онда жазылған қайғылы оқиғалардың қайталануына жол бермеу үшін ұмытпауымыз қажет. Сол үшін елімізде көп дүние жасалып жатыр. Біздің ата-бабаларымыздың  өзара түсіністік пен достық, бейбітшілік дәстүрін сақтайтын Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Бүгінде біз — Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасында біртұтас, айрандай ұйып отырған елміз. Бұл біздің басты қасиетіміз. Біздің күшіміз осыда. Сондықтан біз біртұтас ел ретінде тоталитарлық тәртіп пен ашаршылық құрбаны болған жандарды ұмытпауымыз қажет, — деді облыс әкімі.

Ғылыми-конференция кезінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары-ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Леонид Прокопенко, Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған сынды бір топ ғалымның баяндамасы тыңдалды. Бұдан басқа, шетелдік сарапшылар Қазақстандағы қуғын-сүргіннің естелік жерлерін зерттеу және сақтау мәселелері жөнінде баяндама ұсынды.

Конференция кезінде «Депортация тарихынан. Қазақстан. 1939-1945 жж.» деректі жинағының үшінші томының тұсауы кесілді.

 А.Қыдырбайқызы

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*