Басты бет » Жаңалықтар » Ақтөбеде үлгілі әкелер бас қосты

Ақтөбеде үлгілі әкелер бас қосты

Форум

Кеше Ақтөбе қаласындағы Шығармашылық академиясында «Қамқор әке — бақытты балалық» атты ІІІ республикалық әкелер форумы өтті. Оған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл қатысты.

Форумды ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысының отбасыға, отбасы құндылықтарына ерекше көңіл бөлетінін айта келіп, еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы келген әкелерге шынайы ризашылығын білдірді.

— Егер еліміздегі әр отбасында тыныштық, жақсылық, береке-бірлік болса, мемлекет те  жақсы дамиды. Осыны ескере отырып, Елбасымыз еліміздегі отбасыларды қолдау мақсатында мемлекеттік бағдарламалар, заңдар қабылдап, ұлттық комиссия құрып, Қазақстандағы әр отбасында елдің дамуына үлес қосатын азаматтар тәрбиеленсін деген ниетпен бірқатар игілікті бастамалар көтерген болатын.

Қазақта «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген нақыл сөз бар. Әке — отбасының қамқоршысы, иесі, ұйытқысы. Әке қалай болса, сол отбасының балалары да сондай тәрбие алады. Бұл өмірде барлық ата-ананың арманы — ұлтына, еліне адал қызмет ететін жақсы ұрпақ тәрбиелеп, өсіру.

Бүгінге дейін ұлттық комиссияның берген тапсырмасына сәйкес облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өңірде біраз іс-шаралар өтті. Алдағы уақытта облыс аудандарында «Әкелер» аллеясын ашу мақсатында жұмыс жасап жатырмыз. Ондағы басты мақсат — үлгілі отбасылар мен әкелерді насихаттау, оларды өзге отбасыларға үлгі ету. Қазіргі таңда облыста «Бақытты бала» жобасы аясында көптеген іс-шаралар жасалып жатыр. Осы жоба аясында облыстағы барлық бала қараусыз, қолдаусыз қалмауы керек. Біздің балаларымыз қазіргі заман талабына сай білім мен тәрбие алып, дені сау болып, Қазақстанның дамыған отыз елдің қатарына енуі үшін өз үлестерін қосуы керек, — деді Б.Сапарбаев.

Бұдан кейін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен сөз сөйлеп, форумға қатысушылар атынан облыс басшылығына алғысын жеткізді.

Қазіргі таңда отбасы институты мемлекетіміздің әлеуметтік саясатында басым бағыттардың біріне айналып отыр. Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейінгі отбасы және гендерлік саясат жөніндегі тұжырымдама бекітіліп, жұмыстар атқарылып жатыр. Елімізде жыл сайын үлгілі отбасыларды насихаттайтын «Мерейлі отбасы» байқауы өткізіледі.

Аталмыш тұжырымдамада бала тәрбиесінде ата-ананың жауапкершілігін арттыру, соның ішінде жауапты әкелер институтын дамыту және үлгілі әкелерді насихаттау мәселесінің өзектілігі айтылады. Бұл, әсіресе, «Рухани жаңғыру» аясында балалардың патриоттық сезімін қалыптастыруда, олардың білімге деген ұмтылысын арттыруда маңызы зор.

Осы тұрғыда бала тәрбиесінде әкенің беделін одан әрі арттыру үшін жыл сайын өтетін республикалық әкелер форумының аясы кеңейіп, бүгінде үлкен пікір алмасу алаңына айналып келеді. Қазіргі таңда өнегелі әкелерді ұлықтайтын бұл шараға ұлттық комиссия да үлкен мән беріп отыр, — деді Л.Сүлеймен.

Форумда Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Бақытбек Смағұл «Әке болу — қоғамның рухани жаңғыруындағы маңызды әлеуметтік институт» тақырыбында баяндама жасап, ата-анаға құрмет көрсету, бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі туралы өз ой-пікірін жеткізсе, Қазақстанның Еңбек Ері, «ТПК Қарасу» ЖШС-ның бас директоры, Қостанай облысының меценаттар клубының мүшесі Алмат Тұрсынов отбасында баланы патриоттылыққа, елжандылыққа тәрбиелеудің маңызы ерекше екенін атап өтті.

Шарада сондай-ақ Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Нұрбек Оршубеков, «Қазақстан Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қуаныш Жұматаев, Алматы облысы Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ғылыми кеңесінің хатшысы Абылай Мұхамбетжан, М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінің директоры Бақытжан Сайлыбаев, «Қарақат» мектеп-студиясы желісі және «Бал-Бала» өндірістік-сауда компаниясы кеңесінің төрағасы Қыдырәлі Болманов, т.б. отбасындағы бала тәрбиесінде әкенің рөлі, ер-азаматтардың отбасы алдындағы міндеті мен жауапкершілігі, толық емес отбасындағы бала тәрбиесі, балаларды еңбекке баулу, кәсіп таңдауда әкенің рөлі мәселелері төңірегінде өз ой-пікірлерін білдірді.

Шара соңында еліміздің барлық өңірінен келген үлгілі әкелерге Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен Алғыс хаттар табыс етті.

Форумның соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*