Басты бет » Басты жаңалықтар » Мамыр: мағыналы шаруалар

Мамыр: мағыналы шаруалар

Биылғы бюджет түсімі 37 миллиард теңгеге жуық

Ағымдағы жылдың төрт айында облыстық бюджеттің кірістер бойынша жоспары 125,5%-ға орындалды. 36,8 миллиард теңге түсті. Осылайша облыстық және барлық аудандық бюджеттер бойынша жоспар 100%-ға және одан жоғары деңгейге орындалды.

Бюджеттің кіріс бөлігінің дербес ұлғаюы Ақтөбе қаласында  7 миллиард теңгеге, Мұғалжар ауданында 500 миллион теңгеге жетті.

Салық салынатын негіздерді кеңейту бойынша шаралар жүзеге асырылуда.

Жергілікті бюджет бойынша салық қарыздарын азайту бойынша жұмыстарды жандандыра түсу міндеті алда тұр, қазіргі уақытта ол 1,5 миллиард теңгеден асып отыр.

 Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік кеңейе түспек

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бұрынғыдай басымдық күйінде қала береді. Өткен жылы бюджеттен тыс қаржы есебінен құны 29 миллиард теңге болатын 73 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта 28 миллиард теңге тұратын тағы да 33 жоба қолға алынуда, оның ауқымында теннис орталығы, мұз сарайы, жеңіл атлетикалық манеж, ІТ-орталығы, балалардың милық салдануымен сырқаттанғандар үшін балалар оңалту орталығы, «Аналарға тағзым», ядролық медицина орталықтары, Check-Up орталығы, тағы басқалары бар.

Ақтөбеге келген «Атамекен» Ұлттық-кәсіпкерлік палатасы төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Ақтөбе облысында өте көп жобалар жүзеге асырылғанына назар аударды.

Мемлекеттік әріптестік аясында жүзеге асырылатын жобаларды жоспарлау процедуралары айтарлықтай жеңілдетілді (7 айдан 3 айға дейін), ұзақ мерзімді тапсырыс енгізілуде.

Қазіргі уақытта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын пилоттық енгізу білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында басталып та кетті.

«Шалқар суын» ішіңіз!

Бір кездері алыс-жақындағы жұртшылық іздеп жүріп ішетін Шалқардың минералды суы қайта қалпына келтірілді.

Жақында «Шалқар суы» минералды су құю зауыты ашылып, жұмыс істеуге кірісті.

Іргесі 1961 жылы қаланған зауыт 1979 жылы  қайта жабдықталып, тұрақты түрде жұмыс істеді.  Алғашқы жылдары минералды судың емдік қасиеті дәлелденіп, Мәскеуге де жіберілді. Судың танымалдылығы артып, сұраныс көбейді. 1999 жылы қаржылық дағдарысқа байланысты жұмысын тоқтатқан зауыт араға жиырма жылдай уақыт салып, қайта жанданды.

Кәсіпкер Бердібек Шәкірбекұлы 780 миллион теңгеге  еуропалық құрал-жабдықтар орнатты. Енді жылына 1,5 миллион литр минералды су мен сусын шығару жоспарлануда. Зауытта қырық адам жұмыс істейді. Еңбекақы мөлшері 200 мың теңгеге дейін барады.

Емдік су  көршілес Ресей,  Өзбекстан мемлекеттеріне де жеткізіледі.

Сізге робот қызмет көрсетеді

Ақтөбеде Қазпоштада цифрлық кеңсе ашылды. Мұндай бөлімшелер қазір Астана, Алматы және Қарағандыда жұмыс жасайды.

«Халықтық кеңсе» ғимаратында орналасқан цифрлық кеңсенің мүмкіндіктері мол. Осындай кеңсенің біреуі 20-ға жуық қызметкері бар бүтін бір пошта бөлімшесінің жұмысын алмастырады.

Цифрлық бөлімге келушілерге операторлар емес, роботтар қызмет көрсетеді және бұл жерде барлық қызметті өз бетімен алуға болады. Коммуналдық төлемдерді төлеу және сәлемдеме жіберу, төлем карталарын бірнеше минут ішінде алу мүмкіндігі бар.

Цифрлық кеңсеге келушілер «Электронды кассир» жүйесінің постаматтары мен қызметтерін пайдалана алады.

Роботтар қызметі көп ұзамай аудандарға да жеткізіледі. Осы бағытта «Қазақтелеком» АҚ ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз ету жұмысын жүргізуде.

Биыл осындай 8 бөлім ашу жоспарланып отыр.

 Ақтөбе қаласына 149 жыл

Мамыр айының соңында өтетін Ақтөбе қаласының күні шаһар тұрғындары үшін қашанда мерейлі мереке ретінде аталады. Биыл да солай болды.

Ақтөбе қаласының негізі қаланғанына 149 жыл толған тойына арналып жеңіл атлетикадан «CNPC-Aktobe Marathon» жартылай марафоны өтті.  Желаяқтар жиырма бір шақырымға жүгіріп бақ сынасты. Одан кейінгі топтар үшін 10 және 3 шақырымдық бәйге ұйымдастырылды.

Ең бастысы, спортпен шұғылданушылар қатары көбейіп келе жатқаны қуантады. Биыл жүгіру алаңына бес мыңнан астам желаяқ шықты. Қала әкімі Ілияс Испановтың өзі де жарыс жолынан көрінді.

Додаға қатысуға Ақтөбе қаласы ғана емес, сонымен бірге аудандардан, тіпті Астана, Алматы, Атырау, Орал және Ақтау қалаларынан да өтініштер түскен.

Мұның өзі батыстағы бас қала атанған Ақтөбенің мәртебесі артып келе жатқанын көрсетеді.

Алда қаланың 150 жылдығы!

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*