Басты бет » Жаңалықтар » Рухани жаңғырудың негізі

Рухани жаңғырудың негізі

Кеше Қазақстан халқы Ассамблеясының саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «Тарихтан тағылым — өткенге тағзым» атты халықаралық жобасы аясында дөңгелек үстел өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалының ғимаратында ұйымдастырылған шарада рухани жаңғыру жолындағы тарих тағылымы тақырыбы арқау болды.

Еуразиялық интеграция институты директорының орынбасары, саясаттану ғылымдарының докторы Наталья Калашникова бастап, жүргізіп отырған басқосуда нәубет жылдарда қаза болған адамдардың ұмытылмайтыны, олардың тарихтағы орны алдағы уақытта айқындала түсетіні айтылды. Бұған қатысты зерттеу жұмыстары әлі де жалғасып жатқанын атап өткен қатысушылар дәлел ретінде құрбандардың тағдыры туралы сыр шертетін Дарья Виолинаның «Дольше жизни» деректі фильмін мысалға келтірді. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, «Алтын қыран» халықаралық қайырымдылық қорының президенті Исламбек Салжанов:

— Осы ауқымды шараның қатысушысы ретінде туған жеріме келіп отырғаныма қуаныштымын. Шын мәнінде, бұл — тарихи маңызы зор, жастарға ғана емес, ересектерге де үлкен ой салуы тиіс жобалардың бірі. Өйткені өткенсіз болашақ жоқ екенін ескерусіз қалдыруға болмайды. Әсіресе, қазіргі заманда өскелең ұрпаққа сол зобалаң жылдардың қазақ халқына қандай зардап әкелгенін, бүгінгі күн үшін ата-бабаларымыздың қалай күрескенін санасына мықтап сіңіруіміз керек. Тәуелсіз еліміздің бүгінгі бейбіт өміріне біз оңайлықпен жеткеніміз жоқ. Қаншама ұлттар мен ұлыстар  қиындық көрді. Соның өзінде қазақтар өзге халықтарға соңғы нанын бөліп беріп, достықты бірінші орынға қойды. Осылайша, бауырмалдылықтың арқасында бүгінге күнге жеттік. Қазақстанда қазіргі таңда жүзден астам ұлттың өмір сүруі — сол ізгі қасиетіміздің арқасында екенін айтқым келеді. Кейінгі буынға соның қадірін, бейбітшіліктің бәрінен де қастерлі ұғым екенін осындай шаралар арқылы көрсетуіміз қажет. Қазақстан халқы Ассамблеясының әр сессиясында мұны ұдайы айтып келе жатырмыз, — деді.

Одан соң Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған «Жаңғыру  жолы» республикалық жастар қозғалысы төрағасының орынбасары Тимур Жұмырбаев қай кезде де жастарға ерекше назар аударылатынын, зұлмат жылдары шейіт болғандарды еске алу шараларын ұйымдастыру азаматтық борыш екенін баян етті.

Дөңгелек үстел барысында тарих ғылымының докторы Нұртаза Абдоллаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы құнды жәдігерлер туралы айтса, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің аға оқытушысы Тұрсынғаным Ғабделова сол қиын-қыстау уақытта ату жазасына кесілген Шахзада Шонанованың  тағдыры туралы баяндамасын оқыды. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Алматы облыстарынан келген делегаттар тақырыпқа қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*