Басты бет » Экономика » Төрт айдағы бюджет түсімі 37 миллиардқа жуық

Төрт айдағы бюджет түсімі 37 миллиардқа жуық

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте салық салынатын негіздерді кеңейту мәселесі қаралды.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Олжас Смағұлов хабарлағандай, ағымдағы жылдың 4 айында облыстық бюджеттің кірістер бойынша жоспары 125,5%-ға орындалды. 36,8 миллиард теңге түсті. Осылайша облыстық және барлық аудандық бюджеттер бойынша жоспар 100%-ға және одан жоғары деңгейге орындалды.

Сонымен бірге деп атап көрсетті ол, аудандар мен Ақтөбе қаласының әкімдері өз бюджеттеріне қосымша кірістердің түсуіне тиісті дәрежеде мүдделілік таныта бермейді. Бүгінгі күні бюджеттің кіріс бөлігінің дербес ұлғаюы Ақтөбе қаласы мен Мұғалжар ауданында ғана аңғарылып отыр. Ол Ақтөбе қаласында  7 миллиард теңгеге, Мұғалжар ауданында 500 миллион теңгеге жеткен.

— Соның салдарынан  әкімдіктер ағымдағы және жаңа бастамаларға жетпес шығындарды облыстық бюджеттен бөлу туралы ұсыныс білдіруде, — деп түсіндірді О.Смағұлов.

Бұдан басқа, Ойыл, Темір және Мұғалжар аудандары салық салынатын негіздерді кеңейту бойынша шаралар жоспарын орындай алмай қалды. Оларға бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту міндеттелді.

— Осы мақсатта арнайы жұмыс тобы құрылды. Тұтастай алғанда, жыл басынан бергі салық түсімдері жаман емес, алайда әлі де резервтер бар, біз оларды толығымен пайдалануымыз керек. Бұл үшін бастысы — есепті жолға қоюымыз керек. Өкінішке қарай, әлі де ескерілмей жатқан жайлар бар. Шағын және орта кәсіпкерліктің жаңа нысандарын, пайдалануға беріліп жатқан құрылыстарды толық есепке алу жолға қойылмай отыр. Сондай-ақ, кейбір жер байлығын пайдаланушылар бізде жұмыс істей отырып, салықты тіркелу орны бойынша басқа аймақтарға аударуды жалғастыруда. Осы мәселелерді шешу бойынша барлық шараларды жүзеге асыруды жалғастыру қажет, — деді облыс әкімі.

Ол барлық өкілетті органдарға, аудандар мен Ақтөбе қаласының әкімдеріне 2018 жылға бюджеттің кіріс бөлігі бойынша жоспарды орындауды және өсу қарқынын төмендетпеуді жеке бақылауға алуды, сондай-ақ болмашы шығындарды оңтайландыру арқылы бюджетке жүктемені азайту бойынша шараларды қабылдауды тапсырды.

Бұдан басқа, жергілікті бюджет бойынша салық қарыздарын азайту бойынша жұмыстарды жандандыра түсу міндеті қойылды, ал қазіргі уақытта, яғни 1 мамырға есептегенде ол 1,5 миллиард теңгеден асып отыр.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*