Басты бет » Жаңалықтар » Әке беделін көтерген байқау

Әке беделін көтерген байқау

Өткен сенбі күні Өнер орталығы ғимаратында «Менің әкем» байқауы қорытындыланды. Облыстық деңгейде алғаш рет ұйымдастырылған жобаға 116 ер адам қатысты.

Әлеуметтік жобаның мақсаты — қоғамдағы әкенің беделін арттыру, оларға құрмет көрсету. Қатысушылар өзара 8 аталым бойынша сынға түсті.

— «Отан отбасынан басталады» десек, оның қандай болатыны отағасыға байланысты. Сондықтан әкелерге арналған бүгінгі шара қоғамға өте қажет деп білеміз. Әкенің қоғамдағы рөлін көтеруге бәріміз атсалысуымыз керек.

Өкінішке қарай, соңғы кездері қоғамда отбасылық құндылықтарға көңіл бөлу жағы кемшін. Осы орайда «Менің әкем» байқауын ұйымдастырған қоғамдық ұйымдар, белсенді азаматтарға облыс басшылығы атынан алғыс білдіреміз, — деді облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев.

Қазылар алқасының шешімі бойынша денсаулығы дімкәс балаларды жалғыз өзі тәрбиелеп отырған 10 азаматқа Алғыс хат пен 50 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар, ал аталымдар бойынша суырылып алға шыққандарға — «Мерейлі әке» Орыналы Қуанышбаев, «Батыр әке» Сейіт Сүтемгенов, «Бапкер әке» Мұрат Шәріпов, «Өнерлі әке» Нұржан Есмурзин, «Мұғалім ағай» Райымбек Құрманғазин, «Тәртіп сақшысы» Мәжит Құрманғазин және «Ханшайымдар әкесі» Елдос Жұмағұловқа диплом, қамшы және 100-150 мың теңге аралығындағы ақшалай сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, өзге қатысушыларға сертификаттар мен медициналық орталықтарға жолдамалар берілді.

«Батыр әке» номинациясын жеңіп алған Сейіт Сүтемгеновті сөзге тартқанымызда, ақсақалдың жасы биыл 90-ға келгенін, құрметті демалыстағы мұғалім екенін білдік:

— Осы байқау туралы балаларым естіп, қатысуға қалай қарайтынымды сұрады. Мен ұзақ ойланбастан келістім. Мұндай жобалар, әсіресе, жастарға өнеге болады деп есептеймін. Өзім 11 баланың әкесімін. Оларға да бұл — үлгі, — дейді қарт.

Жобаның авторы, әріптесіміз Жаңалық Ахаш марапаттау рәсімінде билеттен түскен қаржыны Алға балалар үйінде тәрбиеленген Ирина Балашоваға тапсырып, осылайша, тағы бір игі іске ұйытқы болды. Болашақ дәрігер бұл қаражатты пәтер алу мақсатында ашылған банктегі есепшотына аудармақ.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*