Ақтөбе облысы ЖИТС орталығы ұжымы Жеңістің 73 жылдығы мерекесі қарсаңында соғыс ардагері, 94 жастағы қария Ажар Оразғалиеваны үйіне барып құттықтады.
Атырау облысында туып-өскен, 18 жасында Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған Ажар Оразғалиеваның жасы бүгінде 94-тен асты. Зенитші Орел, Харьков, Брянск қалаларын жаудан азат етуге қатысып, Курск доғасындағы шайқаста болды. Жеңісті Берлинде қарсы алды. Құрбысы Жәния Берниязовамен бірге соғысқа аттанып, 416-артиллериялық дивизионда бір ай дайындық жұмыстарынан өткен. «Майдан шебіндегі алғаш ұрысқа 1943 жылы Курск қаласында кірдік. Сол кезде немістердің қол астына өткен Орел, Харьков, Брянск қалаларын азат етуге атсалыстық. Жарақат алдым, бірақ емделіп, соғысқа қайта қосылдым. Румынияға барып, 1945 жылы Жеңіс күнін Берлинде қарсы алдым» — дейді Ажар Оразғалиева.
Елге аман оралып, бейбіт күнде білім беру, кейін мұнай саласында жемісті еңбек еткен Ажар Оразғалиева он баладан 12 немере, 15 шөбере сүйіп отыр.
Ақтөбе облыстық ЖИТС орталығы бас дәрігерінің орынбасары Айбарша Төребаева ұжым атынан ардагерге Алғыс хат табыс етті.
М.ТАБЫН.